Қызылорда облысы Татарстанмен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
Татарстан Республикасына жұмыс сапары барысында Қызылорда облысының әкімдігі мен «Иннополис» ЕЭА және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен «Қазан» агропаркі арасында бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша әріптестік туралы меморандумдарға қол қойылды.
Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі облыстық әкімдікке сілтеме жасап хабарлады.
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев бастаған делегация ақпараттық технологиялар, ауыл шаруашылығы және индустрия салаларындағы жобаларды жүзеге асыруда тәжірибе алмасу мақсатында Татарстан Республикасына сапармен барды. Делегация құрамында мемлекеттік орган басшылары және өңірлік компаниялар мен мекемелердің өкілдері бар.
Қазан қаласындағы Инвестициялар агенттігінде Татарстан Республиканың экономикалық әлеуеті таныстырылды.
Мұнан кейін қызылордалық делегация «Эйдос» медициналық ғылым орталығының медициналық симуляторларды шығаратын өңірлік инжиниринг орталығының жұмысымен танысты. Орталық 2013 жылы ашылды және жетекші ғылыми-өндірістік ұйымдармен бірлесіп медицина саласындағы жоғары технологиялық зерттеулермен айналысады.
Сонымен қатар, қызылордалықтар «Қазан» агроөнеркәсіп паркінің жұмысымен танысты. Заманауи көпфункционалды технологиялық кешенде «фермерден тұтынушыға делдалсыз жеткізу» қағидасына негізделген ауылшаруашылық өнімдерін сату жүйесі еңгізілген. Бұл жүйе өндірушіге табысты бизнес жүргізу үшін жағдай жасаса, тұтынушыға сапалы өнімді тиімді бағамен сатып алуға мүмкіндік береді. Агропарк аймағында ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер өнімдерін бір алаңқай аясында сақтауға, өндеуге, қаптауға және сатуға барлық жағдай жасалған.
Сонымен қатар, делегация мүшелері сапардың негізгі нысаны - Қазан қаласынан 40 шақырым қашықтықта орналасқан «Иннополис» ерекше экономикалық аймақты аралап көрді. Иннополис - ІТ-мамандар үшін 2015 жылы ашылған алғашқы ресейлік қала. «Ақылды қала» тұжырымдамасы аясында Иннополис тұрғындары жайлы өмір сүру мақсатында инфрақұрылым, бизнес, білім алу, қызмет көрсету және тұрмыстық нысандар салынды. Қазіргі таңда Иннополисте 3 мыңнан астам адам тұрады және 120 компания, оның ішінде «Иннополис» ЕЭА 56 резиденті мен серіктесі тіркелген. Қызылордалықтар «Иннополис» университеті мен лицейінің, проблемалық зертханалар мен еңгізілген корпоративтік басқару қағидаларына үлкен қызығушылық білдірді.
Сапар қорытындысында Татарстан Республикасының басшылығымен келіссөздер жүргізіліп, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бірлесіп атқаратын жұмыстар туралы баяндап, Қызылорда қаласында күзде өтетін «Сабантой» республикалық татарлар мерекесіне қатысуға шақырды.
«Біз ақпарат және сандық технологиялар дәуірінде өмір сүріп жатырмыз, ал Татарстан бұл бағытта тек ресейлік қана емес, бүкіл бұрынғы Кеңес одағының аумағында көшбасшы саналады. Мұнда көптеген тың жаңалықтар көп екеніне Иннополис қаласына барғанда көзіміз жетті. Татарстан президенті Минниханов Рустам Нұрғалиұлына біздің жастарды Иннополис университетінде оқыту идеямызды қолдағаны үшін алғыс білдіреміз. Біз қазір әріптестік жөніндегі бірлескен Жол картасын әзірлеуге кірістік», - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Татарстан Республикасының президенті Рустам Минниханов Қызылорда облысымен әріптестік орнатуға қызығушылық білдірді.
«Қызылорда облысы белсенді дамып, инвесторларды көптеп тартып жатыр. Біз Қазақстан аймақтарымен экономикалық-сауда саласымен қатар, білім, инфрақұрылым-инновациялық даму, туризм салалары бойынша әріптестік жасауға мүдделіміз. Бизнесті қолдау шарттары да тиімді көрінеді», - деді Р.Минниханов.
Естеріңізге сала кетейік, Татарстан президенті Рустам Минниханов өткен жылы желтоқсан айында Қызылорда облысына қысқа мерзімді жұмыс сапармен келген болатын. Сондай-ақ, Қызылорда облысы мен Татарстан Республиканың негізгі әріптестік салалары білім мен денсаулық сақтау екенін атап өткен жөн. Мұнан бөлек, Ресей Федерациясына жұмыс сапары аясында Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев және бірқатар мемлекеттік орган басшылары 16-18 қаңтар күндері Мәскеу қаласында Халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясында өткен «Гайдар форумына» қатысты.
Форум барысында экономика және сандық технологияларға ауысу, төртінші өнеркәсіптік революция кезеңінде трансформациялар секілді бүкіл дүниежүзілік қоғамдастықты қызықтыратын жаһандық трендтер талқыланды.
Айта кеткен жөн, «Гайдар форумы» - 2010 жылдан бастап өткізілетін экономика саласындағы жыл сайынғы халықаралық ғылыми-практикалық конференция. Форумды ұйымдастырушылар - РХШжМҚА, Е.Т.Гайдар атындағы Экономикалық саясат институты және Ресей инновациялық аймақтар қауымдастығы, форумға ресейлі және шетелдік ірі ғалымдар, сарапшылар, мемлекеттік органдар мен бизнес ұйымдарының жетекшілері қатысады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл қатысушылар саны Форум тарихындағы рекордтық көрсеткішке - 15 мың адамға жеткен.
http://www.inform.kz/kz