Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Түркістанда мемлекет қажеттілігі үшін 170-тен астам нысан сүріледі

Түркістанда мемлекет қажеттілігі үшін 170-тен астам нысан сүріледі


Түркістанда мемлекет қажеттілігі үшін бірқатар нысандар сүріле бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».
«Рухани-мәдени орталық» аймағындағы 98 гектар жерде орналасқан 170-тен астам нысан бұзылады. Олардың 158-і жеке тұрғын үйлер. Қалғаны сауда нүктелері, тойханалар мен қонақүйлер. Нысан иелерімен келіссөздер қатар жүргізіліп жатыр. Бүгінге дейін 60-қа жуық тұрғын мемлекет тарапынан берілетін өтемақымен келіскен. Қала әкімі Әліпбек Өсербаевтың айтуынша, тұрғындар жерінің әр сотығы үшін 518 мың теңгеден өтемақы алады. Сонымен қатар ауласындағы жеміс ағаштары мен баспанасының сапасына қарай тағы да қосымша қаржы төленеді. Егер өтемақыға көңілі толмайтындар болса, лицензиясы бар жеке бағалаушылардың көмегіне жүгінуіне болады.
Айта кетейік, сүрілетін нысандардың барлығы бірден жаппай бұзылмайды. Бұл жұмыс құрылыстың ретіне қарай кезең-кезеңімен іске асырылады. Сүрілген нысандардың орнына туристер аялдайтын жаңа 7 нысан салынады.
Әліпбек Өсербаев, Түркістан қаласының әкімі:
- Түсіндірме жұмыстарын әрдайым өзім жасап отырмын. Ол бойынша бізде штаб құрылған. Ол 23 адамнан тұрады. Оған ешқандай да кедергі жоқ. Бірінші кезекте біз 7 нысан түсетін жерлерді ғана аламыз. Бәріне бағалау жұмыстарын жүргіздік. Бірақ ол бәрін жаппай бұзып тастау деген сөз емес. Өзінің рет-ретімен, бекітілген тұжырымдамаға сәйкес жүргізіледі. Халық түсініп отыр, қолдап отыр. Енді әрине, кейбір жерде біреуінікі жоғары, бірінікі төмен. Ол жүргізген құрылыстарының сапасы мен шығына байланысты.

30 желтоқсан 2018 ж. 594 0