Ертең Елбасының қатысуымен VІІІ Азаматтық форумы жұмысын бастайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ертең және бүрсігүні Астанада VІІІ Азаматтық форумы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біз үшін өте маңызды кезең басталып келеді. Ертеңнен бастап VІІІ Азаматтық форумы жұмысын бастайды. Шараға Мемлекет басшысының өзі қатысатындықтан, бізге үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Бұл сәтті біз 15 жылдай күттік. Яғни, 15 жылдың ішінде азаматтық форум Мемлекет басшысы тапсырған міндеттер мен моделі бойынша дамып келеді. Осы аралықта біршама жұмыстар атқарылғанын айта кету керек. Мәселен, азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы әзірленіп, бүгінгі таңда ол жүзеге асып келеді. Алайда уақыттың өзі қазіргі таңда кешенді өзгерістерді талап етіп отыр. Үкіметтік емес ұйымдар да қазір салмақты бола түсті. Осы форум алдында барлық облыста 17 аймақтық конференция өтті. Яғни, осы форумның жұмысына үлкен дайындықпен келіп отырмыз», - деді ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Қоғамдық даму министрінің орынбасары Сергей Коновалов.
Айта кетерлігі, қарашаның 27-28 күндері өтетін VІІІ Азаматтық форумына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысады. Форумды өткізу арқылы үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік органдар, бизнес-секторлардың өкілдері күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешуде ортақ тәсілдерді құруды көздеп отыр.
Сергей Коноваловтың айтуынша, VІІІ Азаматтық форумының күн тәртібіндегі негізгі мәселесі - азаматтық қоғамды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған Тұжырымдама жобасын талқылау. Форум жұмысына 850 адам қатысады.
Шара барысында әлеуметтік (ҚР БҒМ, ДСМ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі) және экономикалық салаға жауапты министрлермен (ҚМ, ҰЭМ, АШМ), құқық қорғау органдарының өкілдерімен қоғамның өзекті мәселелері талқыланады.
Пікір 5