Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БАЛАЛЫҚТЫҢ БАЛ МЕКЕНІ

БАЛАЛЫҚТЫҢ БАЛ МЕКЕНІ


Қалалық білім бөліміне қарасты "Ләйлім" мектепке дейінгі білім беру мекемесі бүлдіршіндермен бірге биыл оныншы мәрте жаңа оқу жылын қарсы алды.
– Біз еліміздегі жекеменшік серіктестік негізінде Елбасының "Балапан" бағдарламасы аясында облыс бойынша тұңғыш рет ашылған балабақшамыз. 2008 жылдың желтоқсан айында есігімізді айқара ашып, балғындарды алғаш қарсы алдық. Әуелгі жылдары аздап қиындық қолбайлау болғаны рас. Десе де, өз ісіне адал берілген тәрбиеші мамандардың арқасында біз ол күндерді артқа қалдырдық. Өзім де оқу-тәрбие саласынан бейхабар жан емеспін, 45 жылдай білім саласында қызмет еттім. Сондықтан балалармен тіл табысу, олардың психологиясы мен үшін өте таныс. Осы уақытқа дейін "Ләйлімнен" қаншама бала түлеп ұшты. Бүгінде олардың бірі озат оқушы, бірі еліміздегі іргелі оқу орындарының грант иегерлері, ал енді бірі халықаралық, республикалық олимпиадалар жеңімпаздары. Олар­дың осындай жетістіктерін көріп, өз баламдай әрдайым қуанып отырамын, – дейді балабақша меңгерушісі Марал Ержанова.
Кейінгі жылдары қалада жекеменшік бағыттағы бала­бақшалар саны көбейгенімен, аталған мекемеге деген ата-аналардың сұранысы толастаған емес. Бүгінде мұнда "Ботақан", "Нұр", "Болашақ" топтарында барлығы 75-тен аса балақай тәлім алады. Тіпті, бір отбасынан шыққан үш-төрт балаға дейін осында тәрбиеленіп  келеді.
Расында, мұнда бөбектердің зерек әрі ақылды, жан-жақты болып өсуіне барлық жағдай жасалған. Өнерге жақын балалар үшін арнайы музыка, би үйірмелері жұмыс жасайды. Сондай-ақ, жастайынан тіл сауаттылығын қалыптастыру мақсатында ағылшын және орыс тілдерінен арнайы сабақтар жүргізіледі. Медбике кішкентай тәрбиеленушілердің денсаулығын қадағаласа, психолог маман әрбір баламен жұмыс жасап, олардың жеке тұлғалық қасиеттерін сараптап отырады.
Салтанатты шара барысында балабақша ашылғалы бері жемісті еңбек етіп, баланың таным-тәрбиесіне елеулі үлес қосқан ұжымның үздік қызметкерлері қалалық білім бөлімінің арнайы алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, тілі бал татыған сүйкімді балдырғандар ән-биден шашу шашып, шаттығы шалқыған шаңырақты шат-шадыман күйге бөледі.

Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
Суретті түсірген: Н.НҰРЖАУБАЙ.
23 қазан 2018 ж. 1 025 0