ДЕПУТАТТАР: аймақтың даму динамикасы жоғары
Өңірімізге жұмыс сапарымен келген ҚР Парламентінің депутаттары Бірғаным Әйтімова, Серік Бектұрғанов, Мұрат Бақтиярұлы, Сергей Ершов, Бақытжан Жұмағұлов, Динар Нөкетаева, Нариман Төреғалиев сенбі күні Байқоңыр қаласындағы бірқатар нысан және Арал ауданындағы «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығының жұмысымен танысты.
Сенаторлар алдымен «Қорқыт ата» кешеніне аялдап, тарихи тұлға туралы деректер сақталған мұражайды аралаған соң, «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығына барды. Жаз маусымында балаларды тынықтыру, сауықтыру мақсатында жұмыс істейтін орталық қыс айларында оқушыларды Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындайды. Биылғы жылы 7 ауысымда мыңнан аса баланың демалысын ұйымдастырған.
Мұнан кейін сапар Байқоңыр қаласында жалғасты. Еске сала кетсек, 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап Байқоңыр қаласындағы қазақ мектептерінің ҚР Білім стандартына көшуіне байланысты Қармақшы аудандық білім бөлімінің №277 орта мектебі коммуналдық мемлекеттік мекеме болып қайта ашылған еді. Депутаттар 2013 жылы ел игілігіне берілген ғимаратты аралап, білім беру жүйесімен танысты. Биылғы оқу жылында мектепте 1248 оқушы, 56 сынып-комплектісі бар. Мектептің материалдық-техникалық базасы жыл сайын жаңарып, бірнеше пән кабинеттерімен жабдықталған. Жүз мұғалім қызмет ететін білім үйінде өткен жылы ҰБТ-ға 24 оқушы қатысып, 13-і мемлекеттік грант иегері атанған.
Депутаттар 2016 жылы пайдалануға берілген облыстық медицина орталығы филиалының да жұмысымен таныс болды. Мұнда жыл басында 14158 тұрғын тіркелсе, бүгінде олардың жалпы саны 20 мыңға жуықтаған. Ал жылдың алғашқы алты айында қала бойынша 321 сәби дүниеге келген. Орталықтың бас дәрігері жаңа технологиялармен таныстырып, биыл денсаулық сақтау басқармасынан 16 млн теңгенің дәрі-дәрмегі бөлінгенін атап өтті.
«Байқоңыр» ғарыш айлағы – Жер тұрғындарының тарихын мәңгілікке өзгертіп, тек қазақтың ғана емес, адамзаттың мақтанышына айналған тарихи кешен. Адамның айға ұшу, ғаламды зерттеу арманы орындалған айлаққа қатысты деректер мен экспонаттар 1967 жылы қалалық мәдениет үйінде ашылған мұражайда сақтаулы. Депутаттар кешенге арнайы барып, зымыранның ұшу сәтін бейнероликтен тамашалып, ғарыш аппараттарын аралап көрді.
Сапар барысында Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті төрайымы Бірғаным Әйтімова әлеуметтік нысандарды аралау мақсатын атап өтіп, жуырда Парламентте Байқоңырдағы денсаулық сақтау ісіне қатысты заң қабылданғанын жеткізді.
– Заң аясында екі ел үшін өте маңызды мәселе шешімін тапты. Енді қазақстандықтармен қатар, ресейлік азаматтар да біздің елдің денсаулық сақтау мекемесінде скринингтен өтіп, емделе алады. Сондай-ақ екі елдің денсаулық саласымен қатар білім беру жүйесінде де айырмашылықтар бар. Осы сапар нәтижесінде жұмыс тобы алдағы уақытта Үкіметке ұсыныс жасайды, – дейді ол.
Айта кету керек, сенаторлар осыған дейін облыс орталығында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде бой көтерген әлеуметтік нысандарды аралаған болатын. Депутаттар өңірдің даму динамикасы жоғары екенін, әлеуметтік-экономикалық бағыттағы жұмыстар жүйелі екенін айтты. Сондай-ақ, комитет төрайымы балабақша мәселесі толығымен шешілген әрі мемлекет пен бизнес арасындағы ынтымақтастық жаңаша қарқын алған аймақ өзгелерге үлгі болатынын тағы да атап өтті.
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы».