Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » МАЙТАЛМАН МЕХАНИК

МАЙТАЛМАН МЕХАНИК


Қызылорда мен Тереңөзек арасындағы жол бойында 9 разъезд бар. Бұл маңнан өткендердің жасыл желекке бөленген питомникке көзі түсетіні рас. Қатарынан тізілген теректер, сыр талы, жеміс ағаштары осы бір жердегі қоршалған тәлімбақтың ішінде бой көрсетіп тұр. Жыл сайын алма, шие, қара өрік секілді жеміс ағаштары жемісін аямай-ақ береді. Бұл питомниктің бүгінгі жағдайы болса, кешегісі Алтынбек Доспанұлы Балжановтың әлі есінде. Осы араға келген сайын немесе тәлімбақтың үстімен жүрген кезде алғашқы кез тап бүгінгідей көз алдында.
2005 жыл. Қазақстан дамудың жедел үдерісіне көшкен. Тұрмыстық әлеует жақсара түсіп, соған орай саяси жаңаруға бет алған кез. Жаңа ғасырдың басында әр салада тың серпін. Оның ішінде, экономиканың өзекті саласы – орман шаруашылығында да жаңару уақыты. Аймақта, ауданда айтулы істер қолға алынды. Соның бірі – осы жолдың бойындағы питомник. Аудандық орман шаруашылығы мекемесінің басшысы Болат Дүйсекеев орман шеберлерімен бірге тың жерді ашып, жасыл баққа айналдыруды көздеді. Ол кезде дәл қазіргідей техника жеткілікті емес. Қажетті құрал-саймандар да тапшы. Барлық іс қолдың күшімен жасалады.
Тәлімбақ жері ашылардан бір ай бұрын А.Балжанов мекемеге орман шебері болып жұмысқа тұрған. Оған дейін С.Сейфуллинде фермада меңгеруші, О.Мәлібаев ауылында шаруашылықта бригадир болып жұмыс жасады. Аталмыш салаға келгенде тәжірибе де жоқ емес. Содан аудандық орман шаруашылығы қызметкерлерінің бәрі осы жерге жұмылдырылды. Өзі 20 гектар жер. Алдымен жыңғыл, шеңгелдері шабылды, арам шөптерден тазартылды. Осыншама жерді ашуға қуатты техникалардың қажеттілігі туды. Ол мекемеде жоқ. Алайда, шаруашылықтарда керекті техника бар. Орман шеберлері оған жүгінді де. Доспанның баласы Алтынбекке олар бұрынғы қызметтес болған таныстар, оның үстіне жер өңдеу тракторларын тізгіндеген ауыл адамдары. Орайы келгенде орман жұмысына осы бір таныстық көмегін тигізді. Әп-сәтте алып техникалар межелі істің жылдам бітуіне сеп болды. Жұмысқа жаңа келсе де орман шебері питомниктің ашылуына бір адамдай тынымсыз еңбек етті.
Бұл маңға отырғызылған көшеттер Түркістаннан әкелінген. Алғашқы жылдары кейбірі көктемей, біраз әбігерге салды. Жыл сайынғы арам шөптерден тазарту жұмыстары, бақты жасыл желекке айналдыру ісі бәріне ортақ міндет болды. Әйтеуір, жұмыла жүріп, осы питомник қазір қараса көз тоятын тәлімбаққа айналды.
– Бір қарағанда, қатарынан тізілген теректер мен жеміс ағаштарын қолмен қоя салған секілді. Алайда, алғашқы жылдардағы елеулі еңбек көз алдымда лентадай сырғиды. Сол кездегі нәтижелі жұмыс қоршаған ортаға пайдасын тигізуде, – дейді кейіпкеріміз.
Осы жұмыстарда ұйымдас­ты­­­­ру­шылығымен көзге түскен, сон­дай-ақ, техникаға тиянақты қасие­тімен Алтынбек Балжанов 2011 жылы мекеменің механигі болып шыға келді. Техникаға тиянақты дейтініміз, өзі тізгіндеген темір тұлпарынан білінді. Жәй күні ғана емес, балшықты кездерде мінген көлігі жалтырап бара жатады. Мұны ел-жұрт жақсы біледі. Тамсанып қарайтындар көп, кейбірі «Осы Алтекеңнің көлігіне балшық жабыспайды, тәйірі» деп бас шайқайды. Ол өз көлігіне қалай қараса, мекеме техникаларының таза болуын үнемі бақылауда ұстайды. Бұзылғанда тез жөнделуіне құлықты. Ал қалған кездері тиянақтылыққа тас түйін.
Пайғамбар жасына жетіп, осы жылы зейнетке шықса да механик Алтынбек аға Балжанов айнал­шықтап көлігін сүртумен әлек. Үй­рен­шікті жұмыс, жақсы қасиет.

Ердос БЕРКІНБАЕВ

20 қазан 2018 ж. 1 175 0