Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «БАР БАЙЛЫҚ – ТАБИҒИ ӨНІМДЕ»

«БАР БАЙЛЫҚ – ТАБИҒИ ӨНІМДЕ»

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында Шиелі ауданындағы Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейінде күзгі өнімдерден «Бар байлық – табиғи өнімде» атты шеберлік шарасы ұйымдастырылды.
Шараны ашқан музей басшысы Құттықыз Шайыққызы Елбасының биылғы Жолдауынан туындайтын міндеттерді айта келе жастарымызды кәсіпке баулудың маңыздылығына тоқталды. Шеберлік сағатының дәл осы мақсатта, яғни табиғи өнімдерді әрі өңдеу тәсілдеріне үйрету үшін ұйымдастырылып отырғанын жеткізді.
Шиелі ауданы Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейінде өткен шараға ауылдағы №149 «Қызылту» орта мектебінің жоғары сынып оқушылары мен ұстаздар және еңбек ардагерлері қатысты.
Даңғайыр диқан атындағы күріш өсіру тарихы музейінде Пернеш Жүсіпова бастаған әжелер мектеп оқушыларына табиғи өнімдерді өндіру жайын тарқатып айтып, жасалу жолын үйретті. Ауыл жастарына қауынқақ тіліп, оны дайындау (өру) және қауынды қайнатып оған сүзбе, талқан қосып, шиге жайып, қауынқұрт жасау әдіс-тәсілдерін меңгертті.
Ал ауылыдағы Әтіркүл Шорабаева қауынқұрт, қауынқақ жасап әкеліп, келген қонақтарға дәм татқызды. Тағы бір шебер Ибрагим Омаров болса мектеп оқушыларына балық аулауға қажетті үштік, бестік, жетілік тор көзді аудың қалай тоқылатынын көрсетті. Ынтасы бар балалар мұны дереу меңгеріп алып жатты.
Осылайша, әжелерімізден мектеп оқушыларына адам ағзасына аса қажетті, дәрумендерге аса бай, табиғи өнімдерді қолдан дайындау әдістерін үйренді. Бұған куә болған ауданның ардагерлері мен қонақтар мұны кең көлемде өткізуге ұсыныс жасады.
Еңбек ардагерлері Үпілмәлік Мырзахметов, Есіркеп Шәдібеков, Әтіркүл Шорабаева және Жақаев ауылының келіндерінен құралған «Әжелер ансамблі» мүшелері, ауыл ақсақалдары, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Исабек Байкенжеев, аудандық ішкі-саясат бөлімінің бас маманы Гүлшат Махан музейдегі шарадан ризашылық сезіммен тарқасты.



20 қыркүйек 2018 ж. 1 002 0