Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БУРАБАЙ ЖАСАРЫП АУМАҒЫ ЖАҢАРЫП, ЖАТЫР

БУРАБАЙ ЖАСАРЫП АУМАҒЫ ЖАҢАРЫП, ЖАТЫР

Мемлекет қазынасын туризм арқылы толтырып отырған елдер бар. Біз оларға қызыға да қызғана қараймыз. Біздің елдегі туризм туралы сөз қозғалғанда алғаш болып ойға оралатыны – әйгілі Бурабай екені де рас. Талай ақын жыр арнаған, талай туристі таңдай қақтырған Бурабай курортты аумағы кеңейіп жатыр. Ал әсілінде, бұл облыста Бурабайдан бөлек, Көкшетау, Бұйратау сияқты мемлекеттік ұлттық табиғи парктерімен қатар, Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы да бар. Тоғыз жүз мәдени ескерткіші бар өңірде бүгіндері туризмді дамыту бағытында қызу жұмыс жүріп жатыр. Біз бұған баспасөз туры кезінде куә болдық. Ақмола облысының шенеуніктері Елба­сы тапсырмасына сәйкес, отандық және шетелдік туристердің санын көбейтіп, қызмет сапасын арттыру үшін білек сыбана іске кірісіпті. Облыстағы ішкі және сыртқы туризмді дамытып, инвестиция тарту мақсатында «Туризм саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі Жол картасы» жасалған. Осы құжат шеңберінде негізгі жеті бағыт бойынша 119 жобаны іске асыру көзделген. Бұл жобалар туризм саласын дамытып, қызмет құнын төмендетуге мүмкіндік береді деген үміт бар. Мұндай үміт инвесторларды да жігерлендірген сияқты. Себебі, олар бұл аймақтың болашағына сенгендіктен, инвес­ти­­ция салуда белсенді болып отыр. Мәселен, «Щучинский» шипажайын қайта құруға 1 млрд теңге, «Архей» серіктестігінің денсау­лық сақтау кешеніне 400 млн теңге, «Жеке­батыр» шипажайының жаңа ғимара­тын қайта құруға 1,5 млрд теңге, Бурабай ауылын­дағы жабық су паркіне 200 млн теңге салын­ғаны сөзімізге дәлел болса керек. Айтқандай, былтыр облыс аумағына 1 миллионнан астам турист келіп, оларға 6 млрд теңгеге қызмет көрсетілген екен. Ал жаңа жол картасы бұл көрсеткішті арттыра түседі деген дәме жоқ емес. ТЕАТР КИІМ ІЛГІШТЕН БАСТАЛСА, МӘДЕНИЕТ… Баспасөз турына баратын ақпарат құралдары өкілдері мінген автобус Астанадан ерте қозғалды. Жол ортада Kaz Way павильонында аялдап, жолаушы жұрттың жиі сынына ұшырайтын бір мәселенің шешімін таба бастағанын көрсетті. Шыны керек, жол бойындағы дәретханалар сын садағына жиі ілігетін. Енді осы олқылықтың орны толмақ. «Қазавтожол» компаниясы орнатқан Kaz Way жол бойындағы сервисі павильондарының туризмге не қатысы бар дерсіз. Қатысы болғанда, қандай! «Театр киім ілгіштен басталады» деген тәмсілге салсақ, біз­дің жағдайда мәдениет дәл осы дәрет­ха­на­­лардан басталады деуге тура келеді. Павиль­ондар жеке кәсіпкерлерге жалға берілген. – Облыс аумағында осындай 6 павильон орнатылған. Оның төртеуі жол бойында, екеуі Бурабай курорты кентінде орналасқан. Павильон толықтай Қазақстанда құрасты­рыл­­ған. Бақылау камерасымен, ауа бапта­ғыш­­пен жабдықталған, мұнда телефон қуаттап алуға да болады, теледиар да, Wi-fi желісі де бар. Бір павильонның құны 21-22 млн теңгені құрады, – деді журналистерге жол бастап жүрген Ақмола облысы әкімінің баспасөз хатшысы Динара Тұрсынова. Павильонда екі дәретхана бар, оның бірі мүмкіндігі шектеулілерге арналған. Ондағы айна, унитаз, қол жуғыш – бәрі төзімді мате­риал­дан жасалғандықтан, оны сындыру мүмкін емес. Павильон терезесі күннен қорғайтын, мұздан сақтайтын материалдан жасалған. Ана мен балаға арналған орын да қарастырылыпты. Жол бастаушымыздың сөзіне қарағанда, алдағы уақытта облыс аума­­ғын­дағы санитарлық талапқа сай кел­мей­­тін дәретханалар сүріліп тасталады. Келесі аялдамамыз – Бурабайдағы респуб­ликалық шаңғы базасы. Осы жылдың наурыз айында ашылып, халықаралық шаңғы жарысын өткізіп үлгерген бұл нысан­дағы шаңғы жолының ұзындығы 4 жарым шақырымнан асады. Дайындық алаңы мен жасанды қармен жабдықтау жүйесі бар кешенде шаңғы жолақтарымен қатар биатлонның ату орындары, фитнес зал мен демалатын бөлмелер, тіпті медициналық бөлімше де орналасқан. Біз мұнда шаңғы тебуден Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Курсаков Александр Васильевичті жолықтырдық. – Біз бұған дейін Щучинскідегі орталық спорт кешенінің шаңғы базасында жатты­ғатынбыз. Шаңғы ролигімен жаттығу үшін автокөлік жүретін тасжолды таңдай­тынбыз. Тасжолда спортшы қауіпсіздігіне кепіл жоқ. Ал енді шаңғы базасы салынғалы спорт­шыларымыздың денсаулығы мен қауіп­сіздігіне алаңдамайтын болдық. Қазіргі күні 1-6 қыркүйекте өтетін Қазақстан чемпиона­тына дайындалып жатырмыз. Келешекте бұл жерде құрлықтық кубок, әлем кубогының кезеңдері мен әлем чемпионаттарын ұялмай өткізуге болады, – деді жаттықтырушы. ӘКІМ PR МЕНЕДЖЕР РӨЛІНДЕ Шаңғы базасында БАҚ өкілдерін Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин қарсы алып, журналистерге гид қызметін атқарды. «Бурабайға қош келдiңiздер, бүгiн сiздерге арналған саяхатқа өзiм жетекшiлiк етемiн», – деп сөз бастаған облыс басшысы кәнігі экскурсовод секілді БАҚ өкілдеріне облыстың туризм саласын дамыту үшін қолға алынған жобалар туралы баяндай бастады. Әкім айтқан алғашқы жаңалық – Бурабай кентiнде аумағы 14 гектарды қамтитын жаңа ықшамаудан құрылысы жүріп жатыр, соны­мен қатар орталық алаң мен көшелерде жөн­деу жүргiзiлiп, жаңадан 2 аллея салынған, қалдықтарды сұрыптап тастайтын контей­нер­­лер қойылды. Жаяу жүргiншiлерге арнал­ған жол белгiлерi орнатылған, бұрын ондай белгілердің жоқтығынан жолда оқыс оқиға­лар жиi орын алған екен. Әкімнің айтуынша, болашақта курорттық аумақтағы хайуанаттар саябағын сафари-саябақ ретiнде кеңейту жоспарланып отыр. Көл жағасына таяғанда ағылшын инвесторларының үстi жабық аквасаябақ салып жатқанына куә болдық. – Бұл жоба бойынша келiсiм жасау бізге оңайға түспедi, себебi инвесторлар ашық аспан астындағы аквасаябағын тұрғызғысы келдi, ал бiзге туристер үшiн аквасаябақтың жыл бойы жұмыс iстегенi тиiмдi, – дейді әкім. Бұдан кейін Бурабайдың бар сұлулығын тамашалауға таптырмас орын – Бөлектаудың басына шықтық. Отыздан аса адамның арасында алдына қара салмай алғаш жеткен әкім Бөлектаудың басында да көп сұраққа жауап беріп үлгерді. Бейресми форматтағы саяхат Бурабайдағы Park House қонақүйiнiң террасасында ресми баспасөз мәслихатына ұласты. Осы жерде біз курортты аумақты дамытуға мүмкіндігі шектеулі жандардың қаншалықты назарға алынып отырғанын сұрадық. Бір мысал, арбаға таңылған немесе қарт кісілер Бөлектаудың басына шығып, Бурабайды биіктен тамашалағысы келеді. Олар үшін болашақта аспалы жол салу жоспарда бар-жоғын білгіміз келді. – Біз дәл қазір Бөлектаудың басына мүгедек­тер көтерілетіндей жағдай жасаймыз деп айта алмаймын. Алайда біздің жоспары­мызда осындағы таулардың біріне, оның қай тау екенін әзір айта алмаймын, фуникулер (тауға көтеретін аспалы жол) жүргіземіз. Әрине, Бөлектаудың басынан курортты аумақтың әсемдігі әдемі көрінеді. Бірақ біз дәл осын­дай биіктіктегі орынды таңдаймыз. Тауға көтеретін жол құрылысы кезінде бар­лық талап – оның ішінде мүмкіндігі шектеулі адам­дардың да тауға көтерілуіне жағдай жасау жағы ескеріледі, – деді әкім. КУРОРТТЫ АУМАҚТАҒЫ ЕСКІ ҮЙЛЕР БҰЗЫЛЫП ЖАТЫР Щучье-Бурабай курортты аумағында жүзеге асып жатқан жобаның арасында Үлкен Чебачье көлінің жағалауындағы құры­лыс­тың орны бөлек. Бұл жоба Бурабайға келетін туристер санының артуымен байла­ныс­т­ы. Былтыр Бурабайға 850 адам келсе, биыл бұл көрсеткіш 900-ге жетеді деп болжанып отыр. «Бурабай курортының жүктемесі ауыр, жазда мұнда адам көп келгендіктен, туристер тасқынын еңсеру мүмкін болмай қалады. Сондықтан біз курортты аумақ кеңейту туралы шешім қабылдадық» деді әкім. Оның айтуынша, Үлкен Чебачье көлінің солтүстік бөлігіне инженерлік коммуникация тартылып жатыр. Инфрақұрылым тартумен қатар, әкімдік игерілмеген жағалауда қонақ­үйлер, мейрамханалар мен дәмханалар, түрлі мәдени және спорттық нысандар құрылы­сына қаржы құятын инвесторларды іздестіру­де екен. Тарихы әріден басталатын курорттағы ғимараттар мен жеке сектордағы үйлердің ескіргені көзге ұрады. Ал әкімдік алдында әлемдік талапқа сай келетін курортты аймақ құру міндеті тұр. Әрине, ол үшін көптеген үйді сүріп тастауға тура келеді. Осы ретте Бурабай кентіндегі жекеменшіктегі 43 үй сүрілген, осы мақсатта 790 млн теңге жұмса­лыпты. Ал көл жағасына жақын орналас­қан 34 үйдің бағасы қымбат болғандықтан, ол үйлерді сүруге 1,2 млрд теңге қарастырылып­ты. Үйін сүруге келіскен үй иелеріне көпқа­бат­ты үйлерден пәтер беріледі. Бұл бағдар­ла­ма бес жылға жоспарланғанымен, әкімдік оны ертек аяқтауды көздеп отыр. БУРАБАЙДА ДЕМАЛУ ТҮРКИЯДАН ҚЫМБАТ ДЕГЕН СӨЗДІ ЖОҚҚА ШЫҒАРМАҚ Облыс әкімі «Бурабайда демалу Түркия­дан қымбат» деген мәтелге айналып кеткен пікірді жауыр әңгімеге теңеді. Десе де, дәл осы сөздің облыс басқарғандардың шамына тиетінін жасырмады. Оның айтуынша, бұл жер­де мәселе қызмет көрсету сапасы мен баға­ға қатысты, ал ол өз кезегінде бәсекеге тіке­лей байланысты. «Бүгінгі күнге дейін Бурабай курортында қызу бәсеке болмады. Адамдар жылына тек екі-үш ай, яғни жазғы демалыс кезінде жұмыс істейді де, сол уақыт аралығында жыл бойына жететін табысты тапқысы келеді. Сондықтан да, баға жоғары болды. Курорт­тың маусыммен ғана жұмыс істемей, жыл бойы қызмет етуі маңызды. Сол себепті де, инвесторларды тартып, жаңа инфрақұры­лым­дарды қолға алдық, яғни жыл бойы жұмыс істейтін қонақүйлер салынып жатыр. Ол нысандардың қызметі мен бағасы ретте­леді. Ал бұрыннан қызмет атқарып жат­қан қонақүйлер бәсекеге сәйкес сапалы жəне қолже­тімді қызмет көрсетуі тиіс, оған сəйкес келмесе бағаны түсіруі керек» деді М.Мырзалин. Айта кетейік, облыс басшысы қонақ үйлер­дің жұлдызды санатына қарай стан­дарт­талу мәселесін жиі көтеріп жүр. Өйткені стандарттау – отель қызметінің сапасын жақсартуға әсер етеді. Мәлік Мырзалиннің сөзіне қарағанда, қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында сертификатталған қонақ үйлер саны 5 есе артып, 22-ге жеткен. Ал жыл соңына дейін 36 қонақүй сертифи­кат­талады. – Биыл Бурабайда орналасқан қонақүй, ресторандардың иелерімен кездестім. Олардың айтуынша, келуші туристер саны өскен. Туристердің көбі Астана мен Ресейден келеді. Биыл мемлекеттік тұрғыда Қытай және Үндістанмен жасалған визасыз режим­нің арқасында аталған елдерден де келушілер саны артып жатыр, – деді әкім. «Біз Four seasons бағдарламасы бойынша әр ай сайын 3-4 маңызды іс-шараларды өткі­зе­міз. Яғни, келген туристер үшін таби­ғат тамашалаудан өзге де көруге тұратындай шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылуы тиіс. Тұрақты деген себебім, келген туристер жыл сайын белгілі бір маусымда қандай да бір нақты шараның болатынын біліп, арнайы келсе деймін. Ол спорттық, мәдени, ойын-сауық тағы басқа шаралары болуы мүмкін. Сол кезде отель иелері бір мезгіл жұмыс істеп, қалған уақыт жабық тұрғанның тиімсіз екен түсінеді. Әрине, аталған мәселені кешенді түрде шешу керек. Сондықтан біз Burabay PASS туристерге арналған карта жобасын іске қостық. Ол бойынша алдын ала қалаған қонақүйді брондайсыз, содан соң сізге кешенді карта беріледі. Оның ішінде бәрі қарастырылған, бұл қаржыңызды 50 пайызына дейін үнемдеуге көмектеседі. Менің ойымша, бұл өте қолжетімді баға. Ал содан ғана соң бізде немесе Түркияда демал­ған­ның қаншалықты арзанға түсетінін салыстыруға болады» дейді ол. Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

www.aikyn.kz
05 қыркүйек 2018 ж. 961 2

Гость JeaOrer от 16 ақпан 2019 04:27
Cialis Generico Viagra buy generic cialis Viagra Sin Receta Precio

Гость JeaOrer от 6 наурыз 2019 04:43
Cialis 4cpr Riv 10mg Prezzo Antibiotics Cephalexin Cialis Per Nachnahme Shop cialis 40 mg Cialis Kaufen Duisburg Buy Zithromax Usa