Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр өңірінде спорт саласында серпін бар

Сыр өңірінде спорт саласында серпін бар

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өңірдегі спорт саласының даму қарқыны, соның ішінде биыл ғана жеке басқаруға берілген қызылоралық «Қайсар» футбол клубының стратегиялық даму жоспары мен негізгі міндеттері талқыланды.

Өңірімізде спорт саласын қарқынды дамыту аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасымен аймақ басшысының ерекше қолдауымен облыста 2022 жылдан бері заманауи үлгідегі 24 спорт кешені пайдалануға берілді. Қызылорда қаласының сол жағалауында ірі спорт нысандары бой көтерді. Атап айтқанда, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен бірлесіп салынған теннис орталығы, 11 мың орындық халықаралық стандарттарға сай «Қайсар Арена» стадионы және ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған Инклюзивті спорт орталығы салынды.

Сонымен қатар, құны 20,5 млрд теңгені құрайтын көпбейінді «Қызылорда Арена» кешенінің құрылысы қарқынды жүргізіліп, осы жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Жасыратыны жоқ, бірнеше күн бұрын әлеуметтік желілерде «Қайсар» футбол клубының қаржылық мәселесіне қатысты теріс бағыттағы ақпарат шыққан болатын.

Осыған байланысты қызылордалық «Қайсар» футбол клубының қазіргі стратегиялық жоспары мен негізгі міндеттері туралы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет баяндады.

- «2019 жылы облыстық бюджеттен жергілікті клубқа 4 млрд теңге көлемінде қомақты қаржы бөлінген болатын. Бұл сол кезеңдерде облыстар бойынша салыстырмалы түрде ең көп бөлінген қаржы болды.

2020 жылы клубқа облыстық бюджеттен 2,6 млрд бөлінсе, 2021 жылы Қайсардың құрамына 9 легионер алынды. Алайда бәсекелестіктің жоғары болуы және футболшылардың кәсіби деңгейінің төмендігі салдарынан жергілікті команда чемпионатта 19 ұпай еншілеп, турнирлік кестеде 13 орынға жайғасып, Бірінші лигаға төмендеді.

2022 жылы аймақ басшы жергілікті командаға Премьер-Лигаға өтуге тиісті талаптар қойылды. Сол жылы бөлінген 605 млн теңгемен жергілікті команда бірінші лигада ойын өрнегін көрсетіп жүрген болатын.

2023 жылы аталған клубқа облыстық бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлініп, дұрыс жоспардың, қойылған тиісті талаптартың нәтижесінде жергілікті команда Бірінші Лигадан Премьер-Лигаға өтті.

2024-2025 жылдар аралығында команда облыстық бюджеттен бөлінген 1,2 млрд теңгемен жасыл алаңда өнер көрсетті. «Қайсар» футбол клубының 2020 жылдан бастап қалыптасқан 753 млн.теңге көлемінде берешегі бар болатын.

Мемлекет басшысы футбол клубтарын жекешелендіруге қатысты тапсырмасына сәйкес, елімізде алғашқылардың бірі болып қызылордалық «Қайсар» футбол клубы 2025 жылдың соңында жеке басқаруға өтті. Клубтың жаңа иесі – «TAU Group LTD» компаниясының басшысы, жерлесіміз Исламғали Қозбақов. Биылғы жылдан бастап жергілікті клуб жеке кәсіпкердің басқаруына берілді.

Осы ретте, алдағы 5 жылда «Қайсар» футбол клубына облыстық бюджеттен белгілі бір көлемде қаржы қарастырылады. Осы уақыт аралығында қаржы көлемі кезең-кезеңімен азайып, бес жылдан кейін облыстық бюджеттен қаржыландыру толық тоқтатылады. Биыл жергілікті клубқа бөлінген қаржы 200 млн теңгеге дейін қысқартылды.

Биыл жергілікті «Қайсар» футбол клубына облыстық бюджеттен бөлінген 995 млн.теңгеге мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес конкурс өткізіліп, жеңімпаз атанған «TAU Group LTD» компаниясына қаржы бөлінді.

Жеке басқаруға берілгеннің пайдасын айтатын болсақ, қазіргі таңда инвестор 18 млрд.теңгеге «Қайсар» академиясын салуда. Биылғы жылы негізгі база мен жаттығатын 3 алаңды салып, күз айларында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қазір құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Ал толық кешенді 2027 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда.

Бұл жоба клубтың ұзақ мерзімді дамуына бағытталған негізгі инвестициясы. Жалпы клубтың стратегиясы 5–10 жылдық жүйелі өсімге бағытталған. Жоба аясында 7 толық өлшемді және 2 балалар алаңының құрылысы, сонымен қатар жабық манеж бен ойыншыларды қалпына келтіруге арналған медициналық орталық қарастырылған. Бұл академия қабырғасынан тәрбиеленіп шыққан спортшылар болашақта жергілікті «Қайсар» футбол клубын биік шыңдардан көрсетеді деп нық сеніммен айта аламыз.

Екіншіден, жаңадан салынған стадионды күтіп ұстау шығындарының жылдық көлемі 500 млн теңгені құрайды. Бұл қаржы толықтай жеке инвестордың өзінің қаражаты, бюджеттен оған ешқандай қаржы бөлінбеген.

Үшіншіден, шет мемлекеттерден келетін жалдамалы ойыншылардың (легионерлер) шығындарын негізінен жеке инвестор өзі өтеп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай отырысында барлық облыстарда спорт инфрақұрылымын, соның ішінде стадиондар мен спорт кешендерін салу мәселесіне ерекше тоқталған болатын.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен аймақ басшысының ұйымдастыруымен 11 мың орындық «Kaysar Arena» стадионы бой көтерді.
Құны 26,5 млрд теңгені құрайтын жаңа стадионның жасыл алаңы халықаралық стандарттарға сай жабдықталған. Жаңа стадионның негізгі ерекшелігі - УЕФА классификациясы бойынша – IV санатты категориясына ие. Бірегей нысанның құрылысы бір жыл үш айда толық аяқталды.

Стадионның сапасы және архитектуралық келбеті заманауи талаптарға сай салынған. «Қайсар Арена» секілді басқа өңірлердегі стадиондардың шығындары шамамен 600 млн теңгеден жоғары» - деді облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет.

Брифинг барысында «Қайсар» футбол клубының жаңа иесі «TAU Group LTD» компаниясының басшысы, жергілікті кәсіпкер Исламғали Қозбақов өз сөзінде бұл жауапкершілікті үлкен сенім ретінде қабылдайтынын атап өтті. Сондай-ақ, жанкүйерлердің сенімінен шығу үшін барынша еңбек етіп, басты міндеттерді орындайтынын жеткізді.


– «Қайсар» тек клуб емес, бұл халықтың сенімі. Біздің басты мақсатымыз команданың ойын нәтижесін жақсарту, жанкүйерлер үмітін ақтау және болашаққа мықты негіз қалыптастыру. Сол үшін біз академия құрылысына басымдық беріп отырмыз. Негізгі үш бағытымыз бар: стадионды өзін-өзі қамтамасыз ететін деңгейге жеткізу, жанкүйер сенімін нығайту және мықты футбол мектебін қалыптастыру. Осы бағытта нақты жұмыстар басталып кетті.

Қазіргі таңда 18 млрд теңгеге заманауи футбол академиясының құрылысы жүргізілуде. Жоба аясында бірнеше толық өлшемді футбол алаңы, жабық манеж және медициналық оңалту орталығы салынбақ. Биыл алғашқы үш алаң мен жаттығу базасын пайдалануға беру жоспарланып отыр, – деді Исламғали Қозбақов.

Өңірлік коммуникациялар қызметі
19 сәуір 2026 ж. 127 0