Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «ЗАЙЫРЛЫЛЫҚ ЖӘНЕ ДІНТАНУ НЕГІЗДЕРІ» ПӘНІНІҢ РӨЛІ МЕН МАҢЫЗЫ

«ЗАЙЫРЛЫЛЫҚ ЖӘНЕ ДІНТАНУ НЕГІЗДЕРІ» ПӘНІНІҢ РӨЛІ МЕН МАҢЫЗЫ

Жасөспірімдерге діни толеранттылық қағидаттарын үйретуде «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәнінің маңызы зор.
Дінді оқыту адам, қоғам, дүние туралы дүниетанымдық және философиялық сұрақтарға жауап іздеу болып келетіні даусыз. Білім берудің зайырлы жүйесінде дінтануды оқыту қоғамда гуманистік және адамгершілік негіздерді қамтамасыз етуге көмектеседі. Дінтану пәнінің ұстазы қазіргі ғылым мен діндер негіздері жөніндегі терең білімін үйлестіре білетін білікті маман болуы қажет.
Осы орайда Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының дін мәселелерін зерттеу орталығының ұйымдастыруымен қалалық білім бөліміне қарасты мектептердің «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәнінің ұстаздарына арналған семинар-тренинг өтті.
Облыс орталығындағы №140 мектепте өткен шараға Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің профессоры Нағима Байтенова мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің доценті Кеңшілік Тышхан қатысып, мұғалімдерге аталған пәннің рөлі мен маңызы жөнінде әңгімеледі.
– «Дінтану пәнінің біздің қоғам үшін маңызы өте зор. Аталған пәнді идеологиялық құрал деп атаса да болады. Оқулықты оқу бағдарламасына енгізудегі ең бірінші мақсат – жастар арасындағы діни сауатсыздықты жою болып табылады. Сонымен «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәні мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де айтарлықтай септігін тигізбек. Себебі, бүгінгі жастарды тәрбиелеуде, олардың бойына патриоттық сезімді дарытып, толеранттылық қағидаттарын үйретуде ұстаздардың алар орны ерекше. Сондықтан мектеп оқушыларына осы күні тәрбиені сіңіре алсақ, олар ертеңгі күні жат ағымдардың арбауына түспей, қоғамға қауіп төндірмейтін болады» - деді жиында Нағима Байтенова.
Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің доценті Кеңшілік Тышхан «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәнінің мемлекеттің зайырлы принциптерін түсіндірудегі рөлі» тақырыбында баяндама жасап, қажетті ақпараттармен хабардар етті. Жиын соңында ұстаздар баяндамашыларға сауалдарын жолдап, мәселелерін ортаға салды.

Ерқанат СӘРСЕНБАЙ,
Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының
Дін мәселелерін зерттеу орталығының маманы                                                                                                                    

29 тамыз 2018 ж. 1 833 0