Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «ҚОРҚЫТ АТА» КЕШЕНІНЕ ТУРИСТІК САПАР ЖАСАЛДЫ

«ҚОРҚЫТ АТА» КЕШЕНІНЕ ТУРИСТІК САПАР ЖАСАЛДЫ

Биыл Қазалы ауданында жобалық басқару шеңберінде тарихи орындарға туристік сапарлар ұйымдастыру жобасы жүзеге асырылуда.
Жоба аясында 11 тамыз күні кезекті саяхат Қармақшы жеріндегі бүкіл түркі әлемінің абызы атанған Қорқыт Ата кесенесіне жасалды.
2014 жылы Елбасы тапсырмасымен қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген Қорқыт Ата кешені қазақстандықтар ғана емес, шетелдік азаматтардың да қызығушылығын туғызған қасиетті де киелі орын.
Бұл жолғы сапарға әлеуметтік аз қамтылған отбасы мүшелері қатысты. Түс әлетінде киелі орынға жеткен саяхатшылар кешендегі мейрамханада түстеніп алып, Қорқыт Ата мемориалдық мұражайындағы құнды жәдігерлер мен кешен аумағындағы соққан желмен үндескен қобыз ескерткішін, қазақ мифологиясындағы Көк тәңірінің олжасы мен теріс күштерден қорғаушы символы саналатын қошқар мүсінін, көне Рим дәуіріндегі архитектуралық құрылыс үлгісінде салынған амфитеатрды тамашалап көрді. Қорқыт Ата өмір сүрген дәуірдің тарихы мен мәдениеті жайлы ауқымды мәліметтер мен аңыз әңгімелерге қанық болды.
Тәрбиелік мәні зор бұл сапардан ата-аналар мен оқушылар ерекше әсерге бөленіп, көтеріңкі-көңіл күймен оралды.
Сонымен қатар, қатысушыларға театр әртістері өнер көрсетеді, құқық қорғау қызметкері жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, медицина қызметкері денсаулықтарын қадағалайды.
Айта кетейік, туристік сапарлар туған өлкедегі тарихи-мәдени құндылықтарды танып-білуге, қастерлеуге, республикалық дәрежедегі ескерткіштер мен киелі орындар туралы насихаттауға, келешек ұрпаққа баға жетпес құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында қолға алынған.
Он мәрте ұйымдастырылатын туристік сапарға аудан тұрғындарының әр түрлі әлеметтік топтары қамтылады. Келесі сапарларда колледж студенттерін, мүмкіндігі шектеулі жандар мен пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды, көп балалы батыр аналар мен мектеп оқушыларын қамту көзделген.
Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы


13 тамыз 2018 ж. 1 078 0