Шетелдік дипломаттар Байқоңырда болды
Қазақстанда тіркелген дипломатиялық корпус басшылары «СОЮЗ-МС-07» басқарылатын транспорттық ғарыш кемесін ұшыруды тамашалады. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлайды.
Елшілердің «Байқоңырға» сапарын Қызылорда облысының әкімдігі және Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі ұйымдастырды.
Ғарыш айлағына сапар аясында дипломаттар «Байқоңыр» мұражайына барып, онда айлақ мұражайын, «Буран» орбиталық кемесін, және С.П.Королев пен Ю.А.Гагариннің мемориалдық үйлерін көрді. 16 дипломатиялық миссияның басшылары сондай-ақ «Қорқыт-ата» мемориалдық кешенді аралады.
Сапарға Австрия, Армения, Индонезия, Иран, Канада, Куба, Мажарстан, Марокко, Нидерланды, Румыния, Словакия, Швейцария елшілері, сондай-ақ Еуропалық одақ, ЕҚЫҰ, БҰҰ Босқындар жөніндегі жоғары комиссар басқармасы және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілдіктерінің басшылары қатысты.
Елшілердің сапары Қазақстан өңірлеріне шетелдік инвестицияларды тарту, олардың туристік әлеуетін нығайту және жағымды имиджін қалыптастыру бойынша мемлекеттің шаралары аясында ұйымдастырылды.