Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕҢБЕКПЕН КЕЛГЕН БЕРЕКЕ

ЕҢБЕКПЕН КЕЛГЕН БЕРЕКЕ

Көпшілік Нұрымбетовтер отбасының еңбекқорлығын жоғары бағалайды. Ерінбей, тірнектеп жүріп табыс тапқан жұбайлар шынымен де үлгі болуға тұрарлық. Бала-шағаның нәпақасын табу үшін табанды тірлік етіп жүрген жандар бүгінде жұрт қызығарлық жетістікке жетіп отыр. Отбасылық кәсіп ашып, берекелі күн кешкен Жансап Нұрымбетов пен жары Рая Мырзабаева бүгінгі әңгімеге арқау болмақ.
– Біз шаңырақ көтерген жылдар жұрт «өтпелі кезең» деп айдар таққан қиыншылық заманға тұспа-тұс келді. Елдегі халық басынан тұрмыстың ауыр кезін өткеріп жатты. Отбасын құрған соң отағасы Жансап екеуміз үйде қол қусырып отыра алмадық. Алдымызда жұмыс жасап, табыс табу қажеттілігі тұрды.
Содан тәуекелге бел буып, әр түрлі жерде қара жұмыс істедік. 13 жыл қатарынан пеш кірпішін басып, сатып күнкөріс қамын күйттедік. Асханаларда тамақ тасушы болдық. Сол жұмыстарды жасап жүріп: «Шіркін, өзіміздің де осындай асханамыз болса ғой! деп армандаушы едік, - деп еске алды отанасы Рая. Иә, жас отбасы бүгінгі шуақты күнге жету үшін қаншама қиындықты артта қалдырған десеңізші?!
Армандар орындалады, сенімің мықты болса. Тек мақсат жолында адаспасаң, талмай еңбектенсең болғаны. Біз тақырыпқа арқау еткен жандар әр түрлі қалада пәтер жағалап жүріп, тірнектеп қаржы жинап, 2002 жылы Арал қаласының орталығынан үй сатып алады. Осылайша өз шаңырақтарын тіктеген жас отбасы кәсіпті алғаш болып монша ашудан бастайды. Ақырындап, армандаған асхананы ашу үшін азды-көпті қаражат жинайды.
– Ерінбей еңбек еткен адамға кәсіп берекесін береді. Біз ешқашан «шаршадым» деген сөзді айтқан емеспіз. Шаршауға хақымыз да жоқ. Себебі, өмірге 7 перзент әкелдік. Оларды ештеңеден кем қылмай өсіру – ата-аналық борышымыз, – дейді отағасы Жансап Нұрымбетов.
Асхана ісін алғаш бастағанда «Өрлеу» арқылы 400 мың қаржы алған. Бұл қаражатқа асхананың құрылыс жұмыстарын жүргізген. Қазір маңдайшасында «Берекелі-Ас» деп жарқырап тұрған тамақтану орны таң атқаннан қас қарайғанға дейін жұмыс істеп тұр. Асханада бір мезгілде 50 адамға дейін тамақтана алады. Күнделікті келушілерден бөлек, шағын қонақасын өткізуге де тапсырыс қабылдайды. Дәмі тіл үйіретін алуан түрлі ыстық тамағын айтпағанда, асхана іші адамға жайлы. Барлық қажеттілікпен қамтылған. Мұздатқыш орнатылып, теледидар қойылған.
– Құрылыс жұмыстарын, ішкі безендірілуін бәрін өзіміз мұқият қадағалап жасадық. Қыс мезгілінде жылылықты сақтап тұру мақсатында арнайы жылы еден орнаттық. Кейбір адамдар оңаша тамақтанғанды қалайды. Сол үшін ішін бөліктерге бөліп қойдық, – дейді құрылыс жұмыстарын өз қолынан өткізген Жансап.
Иә, асхананың іші барлық санитарлық талаптарға сай екені көрініп тұр. Тамақ пісіретін орындар мұнтаздай таза. Бұл жерде тек халал ас дайындалады. Өйткені, кәсіпкер Жансап талай жылдан бері сәждеге бас қойып, мешітте азаншы болып келеді. Халыққа сапалы қызмет көрсеткен кәсіпкерлердің асхана ашқанына көп уақыт болмаса да, тұрақты келушілердің қарасы қалың.
Міне, біз сөз еткен жұбайлардың еңбегі көпке үлгі. Күні-түні бел жазбай ауыр еңбек етіп, бүгін сол бейнетінің рахатын көріп отыр. Мұнымен тоқтап та қалмақ емес. Ойға алған жоспарлы жетерлік. Әрине, олар да орындалады. Бәрі уақыт еншісінде.
Назереке МАРАТҚЫЗЫ,
Арал ауданы

05 тамыз 2018 ж. 570 0