Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыс әкімі Сырдария ауданының тұрғындарын жеке мәселелермен қабылдады

Облыс әкімі Сырдария ауданының тұрғындарын жеке мәселелермен қабылдады

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сырдария ауданына жұмыс сапары кезінде аудан халқымен кездесіп, құқық қорғау органдары басшыларымен бірге тұрғындарды жеке қабылдады.

Қабылдауға келген 60-тан астам азаматтың көтерген негізгі мәселелері – баспана, денсаулық, білім салаларының, жұмысқа орналасудың жайы. Аймақ басшысы әр сауалдың туындауындағы себеп-салдарды жіті зерттеп, нақты жауап беруді жауапты тұлғаларға тапсырды. Халықпен тікелей қарым-қатынаста болып, жағдайды толыққанды білу, мәселені жедел шешу үшін осындай қабылдаулардың тиімді екенін жиналған жұртшылықтың пікірінен байқауға болады.

«Мен Асқар Тоқмағамбетов ауылынан келдім. Облыс әкімі мен құқық қорғау органдарының басшылары келіп, мәселелерімізді реттегені қуантады. Қазіргі таңда әрбір ауылда игі істер мен жағымды жаңалықтар болуда, соған орай облыс басшылығына алғыс айту үшін келдім», – дейді аудан тұрғыны Әубәкір Махамбетов.
«Жерге қатысты мәселеміз облыс басшысының араласуымен оң шешім тапты. Биыл егінімізді егудеміз. Мұндай басқосулар бізге өте қажет екен. Ойыңды тікелей айтуға, күрмеулі мәселенің шешілуіне ықпал етеді» – дейді аудан тұрғыны Ғалия Жәрекеева.

Құқық қорғау органдары басшыларының қабылдауына жазылған азаматтар да өз сауалдарына тұшымды жауап алғанын айтты. Әрбір мәселе заң тұрғысынан қарастырылатын болғандықтан, оның негізін білу маңызды.

Айта кетейік, осындай форматтағы жеке қабылдаулар барлық ауданда өткізілмек.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі



18 мамыр 2023 ж. 387 0