Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жолдаудағы басым бағыттар талқыланды

Жолдаудағы басым бағыттар талқыланды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында жариялаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» тақырыбындағы Жолдауында өзекті мәселелерді атап өтті. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған басым бағыттарды кеңінен түсіндіру мақсатында республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы ауданға арнайы келіп, кездесу өткізді. «Руханият орталығында» өткен жиынға Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы, аудан әкімі Берік Сәрменбаев, облыстық басқарма басшылары және зиялы қауым өкілдері, аудан тұрғындары қатысты.

Кездесуде аудан әкімі Берік Сәрменбаев Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттарына тоқ­талды.

– Жолдауда еліміздің алдағы даму кезеңіне арналған стратегиялық міндеттер айқындалып, экономиканы жаңғырту, цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру, әлеуметтік саланың сапасын арттыру және халықтың әл-ауқатын жақсарту мәселелеріне басымдық берілді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы келесі жылды жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды. Бұл бастама еліміздегі инфрақұрылымдық жобаларды жандандыруға, әлеуметтік нысандардың құрылысын өрістетуге, білім беру ұйымдарының материалдық-техни­калық базасын нығайтуға және азаматтарға қолай­лы өмір сүру ортасын қалыптастыруға тың серпін бермек. Сондықтан Жолдауда белгіленген міндеттерді сапалы әрі нәтижелі жүзеге асыру – баршамызға ортақ жауапкершілік, – деді аудан басшысы.

Жиында Жолдауда алға қойылған міндеттердің мән-маңызын саралау және оларды өңірлік деңгейде жүзеге асыру мәселелері қаралды. Ең алдымен Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Жоракелдіұлы әлеуметтік саясаттың басым бағыттарын баяндап, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру, азаматтардың жұмыспен қамтылу мүмкіндіктерін кеңейту, еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсы­нысты үйлестіру, әлеуметтік төлемдердің тиім­ділігін арттыру және халықтың осал топтарына көр­сетілетін көмектің атаулылығын қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды.

Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау, өнім көлемін арттыру және саланы заманауи технологиялармен жаңғырту мәселелерін баяндады.

Сондай-ақ жиында Жолдаудағы қоғамдық-саяси және идеологиялық бағыттар талқыланды. Қоғамдағы тұрақтылықты нығайту, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтау, азамат­тық жауапкершілікті арттыру, мемлекеттік саясат­тың басым бағыттарын халық арасында кеңінен түсіндіру жайы тілге тиек етілді.

Жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асыру әрбір азаматтан белсенділік пен жауапкершілікті, кәсібилік пен адал еңбекті талап етеді. Әр салада қолға алынған бастамалар нақты нәтижеге бағыт­талып, ел игілігіне қызмет етуі тиіс. Басқосуда Жолдаудың басым бағыттары кеңінен талқыланып, алдағы міндеттер сараланды. Өз кезегінде ашық пікір алмасу бөліміне кезек беріліп, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Балшекер Өтегенова Жолдаудың маңыздылығына тоқталды.

«Тт» ақпарат
07 қараша 2026 ж. 20 0