«Алтын күз-2024» ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті
Бүгін «Қала күні» мерекесі аясында Тағзым алаңында «Алтын күз» ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.
Жәрмеңкеде қала кәсіпкерлері мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 150 тоннаға жуық өнім ұсынды. Атап айтқанда, 12 тонна күріш, 25 тонна картоп, 15 тонна сәбіз, 20 тонна пияз, 8 тонна асқабақ, 16 тонна қауын-қарбыз, 8 тонна көкөніс өнімдері, 6 тоннадан астам ет пен 6 тонна балық өнімдері жеткізілді. Сыр диқандарының ауыл шаруашылығы өнімдері халыққа нарық бағасынан төмен бағада ұсынылды.
Жәрмеңке аясында қызылордалықтарға ерекше көңіл-күй сыйлау үшін Сыр елі өнерпаздарының қатысуымен концерттік бағдарлама қойылды. Сондай-ақ, спорттық ойындар – гір тасын көтеру, арқан тартыс, қол күрес ұйымдастырылса, үй жануарларынан зообақ орналастырылды.
Сонымен қатар, жәрмеңке өтетін аумақта ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі, фотоаймақ, балаларға арналған ойнау алаңдары орналастырылды.Ұлттық қолөнершілердің киізден жасалған паннолары мен түрлі кәдесыйлары, ұлттық нақыштағы киімдері, бұйымдары қызылордалықтардың назарына ұсынылды.