Мәслихат сайлауы – елдік мүдде мен азаматтық жауапкершіліктің айнасы
Ел өміріндегі маңызды саяси науқан – мәслихат депутаттарын сайлау. Себебі мәслихат – жергілікті халықтың үнін билікке жеткізетін, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін, тұрғындардың талап-тілегі мен ұсынысын шешім қабылдау үдерісіне ұштастыратын өкілді орган саналады. Сондықтан мәслихат сайлауының маңызы тек депутаттық мандаттарды бөлумен шектелмейді. Яғни жергілікті басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға, халықтың қоғамдық-саяси белсенділігін нығайтуға және ел болашағына қатысты жауапты таңдау жасауға мүмкіндік беретін маңызды кезең.Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының шешімімен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2026 жылғы 29 қарашаға белгіленді. Осылайша, елдің саяси өміріндегі кезекті науқанға дайындық басталып, кандидаттарды ұсыну, тіркеу және сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмысының мерзімі нақтыланды. Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерманның мәлімдеуінше, алдағы сайлау аясында 228 мәслихаттың 3 447 депутатын сайлау жоспарланған. Оның ішінде, 20 облыстық мәслихатқа 668, 38 қалалық мәслихатқа 626 және 170 аудандық мәслихатқа 2 153 депутат сайлануы тиіс.
Жергілікті өкілді органның ел басқару жүйесіндегі ауқымды орнын аңғартады. Өйткені облыстық деңгейде қабылданған шешім өңірдің даму бағытына әсер етсе, қалалық және аудандық мәслихаттың жұмысы тұрғындардың күнделікті тұрмысымен тікелей байланысты. Жергілікті бюджеттің басымдығы, инфрақұрылымды дамыту, жол жөндеу, әлеуметтік нысанның жағдайы, қоғамдық көлік, абаттандыру және халыққа көрсетілетін қызметтің сапасы секілді мәселеде мәслихат депутатының жауапкершілігі айрықша.
Сондықтан депутаттыққа үміткерлерге қойылатын басты талап – ел сенімін ақтай білу. Халықпен ашық байланыс орнатып, тұрғындардың мәселесін терең түсініп, оны шешудің нақты жолын ұсына алатын азаматтардың орны бөлек. Депутат болуды «мәртебеге иелік атану» деп түсінбеу керек. Қоғам алдындағы міндетті мойнына алу, халықтың мүддесін қорғау және қабылданған шешімдердің нәтижесіне жауап беру қағидаты басты орында тұрғаны дұрыс.
Сайлау науқанының күнтізбелік жоспарына сәйкес, кандидатты және өзін-өзі ұсыну кезеңі 14 қазанда басталып, 27 қазан күні сағат 18:00-де аяқталады. Кандидаттарды тіркеу 1 қараша күні сағат 18:00-ге дейін жүргізіледі. Ал сайлау алдындағы үгіт-насихат науқаны 1 қараша күні сағат 18:00-де басталып, 28 қараша күні сағат 00:00-де аяқталады. Сайлау қарсаңындағы 28 қараша тыныштық күні болып белгіленген. Дауыс беру 29 қарашада өтеді.
Аталған мерзім сайлау үдерісінің әр кезеңін заң талабына сәйкес ұйымдастыруға бағытталған. Әсіресе сайлау алдындағы үгіт кезеңінде кандидат пен саяси партияның бағдарламасын таныстыруы, өз ұстанымын ашық жеткізуі және сайлаушымен кездесуі маңызды. Дегенмен үгіт-насихат жұмысы құрғақ уәде мен ұранға негізделмейді. Әрине, нақты жоспар мен жүзеге асыруға болатын ұсынысқа лайықталғаны жөн. Өйткені сайлаушының сенімі сөзден бұрын, істің шынайылығымен қалыптасады.
Алдағы сайлаудың тағы бір ерекшелігі – аралас сайлау жүйесі бойынша өткізілуі. Яғни депутат партиялық тізім және бірмандатты сайлау округтері арқылы сайланады. Бұл ретте, жүйе саяси партияның бағдарламасын таныстыруына мүмкіндік берсе, бірмандатты округте жеке кандидаттың сайлаушылар алдындағы беделі мен нақты бастамасы да маңызды рөл атқарады. Азаматтардың өзін-өзі ұсыну құқығы олардың қоғамдық-саяси өмірге тікелей араласуына жол ашады.
Партиялық тізімге тек тиісті саяси партияның мүшесі енгізіледі. Заң талабына сәйкес, тізімдегі әйелдер мен жастардың жиынтық үлесі кемінде 30 пайызды құрауы қажет. Мұндай талап өкілді орган құрамында түрлі әлеуметтік топтың мүддесін ескеруге бағытталған. Ал мәслихат депутаты болып сайлану үшін Қазақстан Республикасының азаматы сайлау құқығына ие әрі кемінде 20 жасқа толған болуы керек. Заңда сот әрекетке қабілетсіз деп таныған, соттылығы жойылмаған немесе алынбаған, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмысы не құқық бұзушылығы үшін сот кінәлі деп таныған адамға қатысты жекелеген шектеу көзделген.
Сайлау науқанының қаржылық жағы да назар аударуға тұрарлық. Партиялық тізімдегі кандидат пен бірмандатты округ бойынша ұсынылған кандидатқа заңнамада сайлау жарнасын төлеу тәртібі қарастырылған. Берілген мәліметтерге сәйкес, жарнаның базалық мөлшері бес ең төменгі жалақыға тең, ал саяси партияларға өткен сайлауда жинаған дауыстарына қарай жеңілдіктер беріледі. Жарнаны қайтару шарты да заңмен реттеледі. Талаптар сайлау үдерісін белгіленген тәртіппен өткізуге арналғанымен, үміткерлер үшін науқанға қатысудың құқықтық әрі қаржылық жауапкершілігін де айқындайды.
Саяси партиялардың сайлауға қатысуы – демократиялық бәсекелестіктің маңызды тетігі. Орталық сайлау комиссиясы ұсынған мәлімет бойынша, алдағы науқанға «Ақ жол», «Ауыл», «Әділет», Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, «Байтақ», Қазақстан Халық партиясы және Respublica партиялары қатысады. Ал «Amanat» партиясы сайлауға қатысудан бас тартатыны жөнінде Орталық сайлау комиссиясына хабарлама жолдағаны көрсетілген. Мұндай жағдайда сайлаушылар үшін саяси күштердің бағдарламасын салыстырып, олардың өңірді дамытуға қатысты ұсыныстарына байыппен қарау – маңызды.
Сайлау – тек кандидаттардың бәсекесіне айналмайды. Азаматтардың да жауапкершілігін айқындайтын қоғамдық құбылыс болғаны абзал. Әрбір дауыс жергілікті басқару жүйесінің қалыптасуына ықпал етеді. Сондықтан сайлаушының таңдауы жеке көзқарасқа, үміткердің кәсіби біліктілігіне, қоғамдық беделіне, нақты бағдарламасына және халық алдындағы жауапкершілігіне негізделгені абзал. Дауыс беру құқығын пайдалану – азаматтың өз өңірінің болашағына бей-жай қарамайтынын көрсететін маңызды қадам.
Мәслихат депутаттары жергілікті халықтың мүддесін қорғап қана қоймай, атқарушы органның жұмысына қатысты мәселені көтеріп, қоғамдық бақылаудың жүзеге асуына да үлес қосады. Осы тұрғыдан алғанда, олардың белсенділігі мен принципшілдігі, ашықтығы мен бастамашылдығы өңірдің дамуына тікелей әсер етуі мүмкін. Халықпен тұрақты байланыс орнатып, сайлау кезінде берген уәдесін орындауға ұмтылған депутат қана ел сенімін ақтай алады.
Түйіндей айтқанда, 2026 жылғы 29 қарашаға белгіленген мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы – жергілікті өзін-өзі басқару мен өкілді билік жүйесі үшін маңызды кезең. Науқанның әділ әрі ашық өтуі, заң талабының сақталуы, кандидаттардың жауапты ұстанымы және сайлаушылардың саналы таңдауы – оның нәтижесіне ықпал ететін негізгі фактор. Елдің дамуы ең алдымен жергілікті жердегі нақты істерден басталады. Ал сол істердің жүзеге асуына ықпал ететін мәслихаттардың құрамы халықтың сенімімен қалыптасуы тиіс.
Өйткені халық таңдауы – жай ғана дауыс ретінде қарастырылмайды. Ол – өңірдің ертеңіне деген үміт пен жауапкершіліктің көрінісі. Сондықтан әрбір азамат үшін сайлауға қатысу – өз болашағына, өзі өмір сүріп отырған ортаның дамуына үлес қосудың маңызды жолы.
Балтабай ОРДАБЕКОВ
Фото: ашық дереккөзден











