Алдағы демалыста елдің кей аймағында қар жауады
Қазақстанның бірқатар өңірінде алдағы күндері жаңбыр жауып, шығыста қар аралас жауын-шашын күтіледі. Синоптиктер кей аймақтарда қатты жаңбыр жауатынын ескертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.10–12 қазанда еліміздің орталық бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Ал оңтүстік пен оңтүстік-шығыста 10–11 қазанда күн ашық болады деп болжанады.
Синоптиктердің мәліметінше, 10–11 қазанда елдің оңтүстік-батысында, 11–12 қазанда солтүстік-батысы мен солтүстігінде жаңбыр жауады. Шығыс өңірлерде 10 және 12 қазанда жауын-шашын күтіледі. Сонымен қатар 10 қазанда жаңбырдың соңы қарға ұласуы мүмкін.
10 қазанға қараған түні Шығыс Қазақстан облысында жаңбыр мен қар түрінде қатты жауын-шашын болжанып отыр. Ал 12 қазанда Түркістан облысында нөсер жаңбыр жаууы ықтимал. Республика бойынша түнде және таңертең тұман түседі.
Алматы қаласында +18...+19 градус және Астана қаласында +11...+13 градус. Шымкент қаласында +24 градусты көрсетіп тұр.
Алдағы күндері ауа температурасы қандай болады?
Күндізгі ауа температурасы өңірлерге қарай әртүрлі болады:
- Батыста +22…+27 градусқа дейін;
- Солтүстік-батыста +17…+25 градусқа дейін;
- Солтүстікте +13…+20 градусқа дейін;
- Орталықта +13…+22 градусқа дейін;
- Шығыста +10…+22 градусқа дейін;
- Оңтүстікте және Қызылорда облысында +23…+28 градусқа дейін;
- Оңтүстік-шығыста +17…+25 градус аралығында.
Ал Түркістан облысында ауа температурасы +18…+23 градусқа дейін төмендейді.
Синоптиктердің болжамынша, алдағы күндері еліміздің кей өңірлерінде жауын-шашын күшейіп, түнгі және таңғы уақытта тұман түсуі мүмкін. Сондықтан жолға шығатын тұрғындарға ауа райының өзгерісін ескерген жөн.
Фото: Pexels










