Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 26 газет

12 сәуір 2025 ж.

№25 газет

08 сәуір 2025 ж.

№24 газет

05 сәуір 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » Ұрпақтар сабақтастығының жарасымды жалғасы

Ұрпақтар сабақтастығының жарасымды жалғасы

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда ұлттық құндылықтардың маңызын, ұлт тәрбиесінің ерекшелігін, халықтың көз тартар әсем ұлттық киімін насихаттауды баса мән беріп айтып өткен еді. Кеше аудандағы «Руханият орталығында» жас ұрпаққа жан-жақты үлгі-өнеге көрсету мақсатында «Аялы әже» әжелер форумы өтті. Ауқымды іс-шараға аудан әкімі Берік Сәрменбаев, облыстық әжелер алқасының төрайымы Рәзия Қалжанова, Қызылорда облысы және қалалық қазақ Аналары – «Дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алтынай Былаева, облыстық әжелер алқасының мүшесі Орынша Әлімбетова ауданның зиялы қауым өкілдері мен ақ жаулықты әжелер арнайы қатысты.

Тағылымы мол ерекше форматта ұйымдастырылған іс-шара «Руханият орталығы» алдына гүл егумен басталды. Ардақты аналар тал отырғызып, гүл егіп, көктем айында табиғаттың жаңаруына үлес қосты. Сонымен қатар ұлттық киім киген әжелер шеруі өтіп, қазақтың ұлттық киімі насихатталды. Одан кейін қонақтар арнайы тігілген киіз үйде жүн сабау дәстүрін көріп, ұмыт қалып бара жатқан ұлттық дәстүрді ұлықтады. Қонақтар төрге озып, жақында ғана қолданысқа берілген музей қорымен танысты. Талай ғасырдан сыр шертетін музей экспонаттарымен, Сыр елінің тарихи жәдігерліктерімен танысқаннан кейін құрметті қонақтарды қолөнерші әжелердің көрмесі қарсы алды. Алтын қолды тігінші, ардақты әжелер Алтын Нұртаева мен Ұлбосын Бекмағанбетованың қолынан шыққан төл туындылар көрушісін таңғалдырмай қоймады. Одан кейін әйелдер кеңесі бөлмесінде әжелер қыз балалардың шаш өру үлгісін көрсетсе, ұлттық тағамдар көрмесі қазақ дастарқанының кеңдігін, ұлттық тағамның молдығын көрсетіп тұрды.

«Руханият орталығының» мәжіліс залында форумның негізгі бөлімі Әжелер алқасының атқарған жұмыстары бойынша бейнебаян көрсетілімімен бастау алды. Форум­ды аудандық әжелер алқасының төрайымы Ұлмекен Жанәлиева ашып, жүргізіп отырды. Алғысөзді аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы сөйлеп, ақ жаулықты әжелерді құттықтады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Бақытты әрі берік ша­­­ңы­рақ – бере­­­келі қоғам­ның және мемле­кет­­­­­тің мызғымас ті­ре­­­­­гі. Парасаттылық пен ізеттілік, ең­бек­қорлық пен жа­сам­­паздық сияқты асыл қасиеттер ең жақын жан­­дар­­­­­дың үлгі-өнегесінің арқасында қалып­­­­­тасады. Хал­қы­мыз қашан­да шыққан тегіңді білуге және отбасы құнды­лықтарын ұлықтауға айрықша мән берген. Осы асыл қасиеттердің түп тамыры асыл әжелерімізден бастау алады» деп атап өтті.

Сыр елінде аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен ұлттық құндылықтарды насихат­тау­ға және аналарға құрмет көрсетуге ауқымды жұмыстар атқарылуда. Облыс орталығында қазақ әйел­­дерінің даналығы мен төзімділігін, ұрпақтар сабақ­тастығын бейнелейтін «Анаға тағызым», «Отбасы» орталықтары бой көтерді. Барлық ауданда салынған «Руханият орталығында» ақ жаулықты аналарымыз, ардақты ардагерлеріміз бен жігерлі жастарымыз ұрпақтар сабақ­тастығын жалғап келеді. Бүгінгі форумның да осы орталықта өтуі – соның бір айғағы, – деді аудан әкімі.

Облыстық әжелер алқасының төрайымы Рәзия Қалжанова ыстық лебізін білдіріп, әжелерді мерекемен құттықтады.

– Ұлтымыздың ұлық қасиеттерін бойы­на сіңірген, асыл әжелеріміз ұрпақтар сабақ­тастығын жарасымды жалғастырып, отбасы құндылықтарын, салт-дәстүрді дәріптеуде. Өздеріңізбен «Аялы әже» форумында жүз­дескеніме қуаныштымын. Ата-баба амана­тын адал сақтап, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты насихаттай біл­ген асыл әженің қоғам үшін орны ерекше. Сіздердің баталы сөздеріңіз бен құнды ақыл-кеңестеріңіз бола­шағымыз үшін аса қымбат. Ұлтжанды ұл мен қылықты қыз өсіруге қосқан үлестеріңізді әрқашан жоғары бағалаймыз. Сабақтастық жібін үзбей, қоғам игілігі жолындағы зор еңбектеріңіз үшін ерекше ризашылығымды білдіремін. Өзім Сырдария ауданына қарасты Бесарық ауылының тумасымын. Сондықтан да Сырдария ауданы дегенде жүрегім ерекше соғып тұрады. Құрметті ақ жаулықты әжелер, сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін. Өсіріп отырған ұл-қыздарыңыздың қызығын көріп, аман-есен жүре беріңіздер, – десе, Қызылорда облысы және қалалық Қазақ Аналары – «Дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алтынай Былаева жүрекжарды тілегін білдірді.

Аудан өнрепаздарының ән шашуымен әрленген көңілді кездесу марапаттау салтанатымен жалғасын тапты. Өз кезегінде бірқатар ақ жаулықты анаға аудан әкімінің, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының, «Дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің атынан арнайы Алғыс хат пен гүл шоқтары табысталды. Ал аудан аналарының атынан ардагер-ұстаз, әжелер алқасының мүшесі Алтын Нұртаева сөз сөйлеп, ұлттық құндылықтар жайлы айтып, қонақтарға алғысын білдірді.

Айта кетейік, «Аялы әже» аудандық форумы аудан әжелерінің үндеуімен қо­рытындыланды. «Біз, ата-бабамыздан мирас болып қалған қасиетті қазақ жерінің қа­зы­насын – тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді, ұлттық құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтау керек деп санаймыз. Тарихтың талай сын сағатынан сүрін­бей өткен халқымыздың бүгініне тәу­бе етіп, ертеңіне сеніммен қараймыз. Біз ұрпағымызға «Өз тегіңді біл! Өз тіліңді ұмытпа! Дәстүріңді құрметте! Ел мен жердің қадірін түсін! Білімге ұмтыл, бірақ та­мырыңнан ажырама!» деген ұлағатты сөз­дерді аманат етеміз. Бала – ұлт болашағы! Ұлт тәрбиесі – ең әуелі отбасынан, оның ішінде ана мен әженің тәрбиесінен бастау алады. Біз әр шаңырақтың шуағы болып отырған аналар мен әжелерді осы міндетті адал атқаруға шақырамыз!» деген үндеуде ұрпақ тәрбиесі туралы да айтылып өтті.


Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ 
12 сәуір 2025 ж. 103 0