Қазақстанда фастфуд жарнамасына шектеу қойылуы мүмкін
Денсаулық сақтау министрлігі балаларға бағытталған фастфуд, тәтті сусындар және құрамында қант, тұз бен қаныққан майдың мөлшері асқан басқа да өнімдердің жарнамасына шектеу қою бойынша заңнамалық ұсыныстар әзірледі, деп хабарлайды Egemen.kz.Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, заңнамалық бастамалардың негізгі мақсаты – балалардың талғамына маркетингтік ықпалды азайтып, ерте шақтан бастап дұрыс тамақтануына ықпал ету.
Азық-түлік өнімдерінің жарнамасы балалар мен жасөспірімдерге айтарлықтай әсер етеді. Олар әлеуметтік желі, блогерлердің жарнама мен басқа да маркетингтік әдісіне алданып қалады.
«Министрлік құрамында тұз, қант, қаныққан және трансмайлар мөлшері жоғары тамақ өнімдерінің жарнамасын теле және радиоарналарда, әлеуметтік желілерде, сыртқы жарнама құралдарында шектеу бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар әзірледі. Бұл ұсыныстарды іске асыру мақсатында осы шектеулердің реттеушілік әсерін талдауды әзірлеу жұмыстары басталды», деді Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнар Сәрсембаева аппараттық кеңесте сөйлеген сөзінде.
Қолда бар мәліметке қарағанда, 6–9 жас аралығындағы балалардың 23%-ында артық дене салмағы бар, ал 6%-ы семіздікке шалдыққан. Сонымен қатар жасөспірімдердің 17,5%-ы энергетикалық сусындарды апта сайын ішеді. Заңнамаға өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстар халықаралық тәжірибе мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарын ескере отырып әзірленді.
Елімізде дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыруға арналған бірқатар шара іске асырылып жатыр. 21 жасқа толмаған адамдарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынған.
2025 жылғы қыркүйектен бастап білім беру ұйымдарында жаңа тамақтану стандарты қолданысқа енгізілді. Ол рациондағы қант пен тұз мөлшерін азайтуды, сондай-ақ көкөністер, жемістер және сүт өнімдерінің үлесін арттыруды көздейді.
Өңірлерге профилактикалық жұмысты күшейту және балалар мен ата-аналарға дұрыс тамақтану қағидалары туралы ақпарат беруді арттыру тапсырылды.
Фастфудтың зияны туралы көп жерде айтылып та жазылып та келеді. Оның адам денсаулығына пайдасын да ешкім көрген емес. Керісінше, адамдар жеңіл тамақтың денсаулыққа зиянын ауруханаға түскенде көріп жүр. Мысалы, жақында Шымкент қаласындағы №1 ауруханада алғаш рет ішекке жоғары технологиялық лапароскопиялық операция жасалды. Операция жасалған науқас – 41 жастағы азамат. Ол ұзақ жыл бойы іш қату дертімен ауырып, қанша ем қабылдаса да ауруынан айықпаған.
Сурет: magnific.com









