Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ДАМУДЫҢ ӨЗЕГІ

ДАМУДЫҢ ӨЗЕГІ


Қазірде ел келешегін кемел етер келелі істер, жарқын бастамалар қолға алынды. Еліміз көркейді, әлемдік деңгейде өз биігін бағындыра алатын дербес мемлекет екенін дәлелдеді. Ұлт санасының қайта жаңғырып, ескі қағидалардан арылу жолында Елбасы жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ауқымды істер атқарылды.
Қазақстанның дамыған отыз елдің қатарына қосылуы, ақпараттық кеңістік дәуірінде еркін самғауы, білім саласында жоғары жетістіктерге жетіп, озық елдермен терезе теңестіруі бәсекеге қабілетті қоғамның, білікті мамандардың еңбегінің нәтижесінде қол жеткізетін дүние. Ал, заман ағымына қарай түрлі технологияларды тез меңгеріп, өзгерісті дер кезінде қабылдай алатын зерек тұлғаларды дайындау бүгінгі күннің еншісінде. Адамның ақылы толысып, кемеліне келуі, болмысы айқындалып, мақсатына ұмтылуы – көкірек көзінің ашық, рухани байлығының көрінісі. Тек жақсылықтан үміт күтіп, жарқын болашаққа көз тігу арқылы әрбір адам рухани өсіп-жетіледі. Яғни, осы қасиеттерінің нәтижесінде өз жеке басының жетілуімен қатар, қоғамға пайда әкеледі. Ал, қоғамға пайдалы азамат білімге құштар, салиқалы ұрпақ тәрбиелеп, ұлтының ғасырдан-ғасырға жалғасқан мол мұрасын одан әрі толықтыра түспек. Ел Президентінің мақаланы жариялаудағы бас­ты мақсаты – әлемдік өзгерістерге біліммен қарсы тұрып, тарихымызды, ұлттық құндылықтарымыздың желісін үзіп алмау. Керісінше, оны дәріптеп бүгінгі буынның бойына сіңіріп, басқаларға үлгі ету болмақ.
Сондай-ақ, Президент саяси құжатта «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемі пайдаланып соған сәйкес болашағыңды жос­парлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу» деп, ұлтты өсірудің орнына өшіретін, жүректі қарайтып адамды рухани әлсіздікке апаратын кері қасиеттерді атап берді.
Қарап отырсақ, ел Президентінің мақаладағы алға қойған міндеттері айқын. Барлығы ұлттың, мемлекеттің жарқын болашағы үшін. Ол – қазақстандықтардың салт-санасы мен дүниетанымын өзгертетін, ұлттық рухты көтеретін қозғаушы күш. Бұл – жаңашылдыққа ұмтыла отырып, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, оны қайта жаңғыртатын игі бастама.

Балтабай Бисенбай,
аудандық соттың
бас маман, сот хатшысы
12 маусым 2018 ж. 801 0