Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Спортшыларға құрмет көрсетті

Спортшыларға құрмет көрсетті

Спортшылардың кәсіби мерекесіне орай аудан әкімі Мұрат Ергешбаев спорт саласының ардагерлері мен жастарды қабылдап, аудан жұртшылығы атынан құрмет көрсетті. Қабылдауға аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев қатысты.

Аудан басшысы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі спорт саласын дамыту екенін айтып, ұлттың абыройын, елдің мәртебесін көтеріп жүрген спортшыларға шынайы алғысын білдірді.

– Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Спорт күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін «Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала» деген рухты ұранмен мемлекет тарапынан спортқа баса көңіл бөлінгенін білесіздер. Соның арқасында еліміздің спортшылары талай байрақты бәсекелерде жеңіс тұғырынан көрініп, әлемнің түрлі спорт алаңдарында еліміздің Әнұранын асқақтатып, Көк Туын аспанда желбіретті. Спорттың адам өміріндегі орны ерекше екені сөзсіз. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты, жігерлі болады. Ойы сергек, дені сау ұрпақ – қоғам байлығы десек, дені сау ұлт қана бәсекеге қабілетті бола алары анық. Сондықтан, бұқаралық спортты дамыту – мемлекетіміздің стратегиялық дамуының басым бағыттарының бірі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту маңызды. Спорт инфрақұрылымының балалар үшін барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық дене шынықтыруды өркендету ісі жаңа чемпиондар шыңына шығатын пирамидаға айналуы тиіс» деді. Осы ретте, ауданымызда дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар саны жыл санап артып келе жатқанын айтып өткеніміз жөн. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дейді халқымыз. Алдағы дүбірлі додаларда ел намысын қорғайтын сырдариялық спортшыларға жеңіс пен сәттілік тілеймін, – деді аудан әкімі.

Мұнан соң ауданның спорт саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген майталман мамандармен қатар саңлақ спортшылар марапатталып, алғыс хаттарға ие болды. Сондай-ақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев сөз сөйлеп, аудан ардагерлерінің атынан спортшылардың қадамына сәттілік тілеп, ақ батасын берді. Өз кезегінде ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Сұлтанбек Қобландин аудан басшысына спортшыларға құрмет көрсеткені үшін алғыс айтып, жұмы­сына сәттілік тіледі. Сонымен қатар ауыл спортшыларының республикалық жарысында топ жарған көгалдағы хоккейшілердің атынан естелік ретінде кубок табыстады.



Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ

20 тамыз 2022 ж. 402 0