Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№59 газет

08 тамыз 2026 ж.

№58 газет

04 тамыз 2026 ж.

№57 газет

01 тамыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31 
» » Ақиқат таразысы – «Абай жолында»

Ақиқат таразысы – «Абай жолында»

«Руханият орталығында» аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұсынған «Оқуға тиіс 7 кітап» ұлттық жобасы аясында қазақ әдебиетінің жауһары – Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясына арналған «Замандастар» ток-шоуы өтті. Тағылымы терең, мазмұны бай әдеби кездесу ұлы шығармаға жаңаша көзқарас қалыптастырып, оқырман қауымды ұлттық құндылық төңірегінде еркін пікір алмасуға үндеді.

Кештің мазмұнды әрі жоғары деңгейде өтуіне аудандық орталық кітапхананың библиографы Сайра Сейтеннің еңбегі ерекше болды. Ол «Замандастар» ток-шоуын кәсіби деңгейде жүргізіп, әрбір қатысушының пікір алмасуын шебер үйлестіріп, әрбір ойдың сабақтастығын сақтай білді.

Кеш барысында Мұхтар Әуезовтің әлем әдебиетінің алтын қорына енген ұлы туындысы жан-жақты талқыланды. Қатысушылар романдағы Хәкім Абайдың кемеңгерлігіне, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне, салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына, ел басқару жүйесіне, ұлттық мінезіне және адамгершілік құндылығына кеңінен тоқталды. Олар романның тек өткен дәуірдің шежіресімен қатар, бүгінгі қоғам үшін де өміршең туынды екенін атап өтті. Әр кейіпкердің тағдыры, әр оқиғаның астарында жатқан терең философиялық ойға жетеледі.

Тағылымды кездесудің алғашқы сөзін мәдениет саласының майталманы Жантемір Айсин алып, өнер мен әдебиеттің адам тәрбиесіндегі орны жайында мазмұнды ой өрбітті. Ардақты азамат «Абай жолы» роман-эпопеясының қазақ руханиятындағы орнына тоқталып, шығармадағы бірнеше оқиғаны тарихи сабақтастық тұрғысынан саралады. Әсіресе Абай тұлғасының кемелдену жолын, оның халыққа қызмет етуді мұрат еткен ұстанымын терең талдап, ұлы ақын шығармаларының жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы туралы әсерлі пікір айтты.

– «Абай жолы» – қазақ халқының рухани энциклопедиясы. Бұл шығарманы оқыған адам Абайдың өмірімен бірге тұтас бір дәуірдің тыныс-тіршілігімен, халқымыздың дүниетанымымен танысады. Абай бізді ең алдымен білімге, еңбекке, адамгершілікке үндейді. Сондықтан құнды романның тәрбиелік маңызы ешқашан жоғалмайды, – деді Жантемір Айсин.

Өз кезегінде кітапхананың тұрақты оқырманы, ардагер-ұстаз Мектепхан Елеусінов романның негізгі желісінің бірі – Құнанбай мен Абай арасындағы әке мен бала қарым-қатынасына ерекше тоқталды. Ол Құнанбайдың қаталдығы мен талапшылдығы, баласына деген сыншыл көзқарасы Абайдың өмірлік ұстанымының қалыптасуына ықпал еткенін айтты. Ел ағасының пікірінше, шығармадағы әке мен бала арасындағы сабақтастық бүгінгі ұрпақ тәрбиесі үшін де маңызды өнеге болып табылады.

– «Абай жолы» романын әр оқыған сайын жаңа бір қырын ашасың. Шығармада Құнанбай мен Абай арасындағы әке мен бала қарым-қатынасы өте шынайы әрі терең суреттелген. Құнанбай қатал болса да, ұлын ел басқаруға, халықтың қамын ойлайтын азамат болуға тәрбиелей білді. Әке баласына тек қамқор бола отырып, сыншы да, ұстаз да атана алғанын осы шығармадан анық көруге болады. Ал Абай сол тәрбиені бойына сіңіре отырып, өз заманының әділдігі мен ақиқатын іздеген ұлы тұлғаға айналды. Бүгінгі ата-аналар мен жас ұрпақ осы байланыстан үлкен тағылым алуы керек деп ойлаймын. Шығармадағы отбасы тәрбиесі, үлкенге құрмет, кішіге ізет, елдік пен бірлік секілді құндылықтар қай кезеңде де өзектілігін жоғалтпайды. Сондықтан «Абай жолы» – әр қазақтың өмірлік бағыт-бағдар беретін рухани мектебі, – деді Мектепхан Елеусінов.

Бұл ретте, №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айгүл Сәркеева романдағы қазақ қоғамындағы әлеуметтік қатынастарды сөз етіп, ел арасындағы байланыс пен сол кезеңдегі әмеңгерлік дәстүрінің көрінісіне тоқталды. Ұлағатты ұстаз Мұхтар Әуезовтің әрбір дәстүрді көркемдік тұрғыдан бейнелей отырып, сол дәуірдің қоғамдық ахуалын шынайы жеткізе білгенін атап өтті.

Аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторының орынбасары Балтабай Ордабеков романдағы әйел-аналардың, қазақ қызының болмысын кеңінен талдап берді. Абайдың өміріндегі жары Ділдәның сабырлылығы мен парасаттылығына, Айкерімнің өнерпаздығы мен нәзік жан дүниесіне, Еркежанның адамгершілік қасиетіне жеке-жеке тоқталды. Абай мен Тоғжан арасындағы мөлдір сезімнің романдағы көркемдік мәніне ерекше назар аударып, олардың махаббаты қазақ әдебиетіндегі ең әсерлі лирикалық желінің бірі екенін айтты.

Ал №131 Т.Қозыбаев атындағы орта мек­тептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлжанар Әбілова «Абай жолы» роман-эпопеясының тарихи, әдеби және тәрбиелік маңызына кеңінен тоқталды. Жас ұстаз Абай мұрасын оқу – өткенді тануы емес, болашаққа дұрыс бағдар алу екенін ерекше атады. Шығармадағы Зере даналығы, тектілігі мен мейірімділігіне арнайы тоқталған кеш қонағы ұлы ақынның тұлға болып қалыптасуында әжесінің тәрбиесі мен тағылымының орны айрықша болғанын әсерлі жеткізді.

Әдеби кештің көркін өнермен көмкерген мәдениет қызметкерлерінің өнері де көпшіліктің көңілінен шықты. Шіркейлі ауылдық мәдениет үйінің директоры Мақсұт Әбсадықов хәкім Абайдың мәңгілік мұрасына айналған «Сегіз аяқ» әнін орындап, көрермендерді ерекше әсерге бөледі. Ал Абылай Байділдаев ақынның сыршыл туындысы «Көзімнің қарасы» әнін нақышына келтіре орындап, кештің рухани әсерін одан әрі арттырды. Бейбарыс Бакишев Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйін тамылжыта орындады.

Кітапхананың жас оқырманы Жанасыл Әбен мен Зере Дастан Абай Құнанбайұлының жүрекке жетер сырлы өлеңдерін мәнерлеп оқып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Жастардың ақын өлеңдерін шынайы сезіммен жеткізуі ұлы мұраның кейінгі ұрпақ санасында да өз орнын тапқанын көрсетті.

Кеш барысында қатысушылар бір пікірге тоқталды: «Абай жолы» – қазақ хал­қының тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін, дүние­танымын, тарихын, рухани әлемін тұтас қамтыған теңдессіз туынды. Роман бүгінгі оқырман үшін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Ондағы әділдік, білім, еңбек, адамгершілік, елдік, бірлік секілді құндылықтар қазіргі қоғам үшін де аса маңызды.

Мемлекет басшысы ұсынған «Оқуға тиіс 7 кітап» бастамасының көшін бастайтын «Абай жолы» роман-эпопеясын насихаттауға арналған бұл тағылымды кездесу кітаптың қоғамдағы орнын тағы бір мәрте айқындап берді. Әдеби басқосу қатысушылардың ой-өрісін кеңейтіп қана қоймай, кітап оқуға деген қызығушылықты арттырып, ұлттық әдебиетке деген құрметті нығайтты.

Ұлы Абайдың мұрасы ұлықталған аталған ток-шоу ұлттық құндылықты дәріптеудің, кітап оқуды насихаттаудың және жас ұрпақтың рухани тәрбиесін нығайтудың жарқын үлгісі болды.

Б.ҚАРАМАНТЕГІ
08 тамыз 2026 ж. 86 0