Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№59 газет

08 тамыз 2026 ж.

№58 газет

04 тамыз 2026 ж.

№57 газет

01 тамыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31 
» » Аудан медицинасының дамуына оң баға берілді

Аудан медицинасының дамуына оң баға берілді

Апта ағымында Сырдария ауданына Қазақстандағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Елдік офисінің, денсаулық сақтау саласындағы ұлттық оператор – «Turar Healthcare» КЕАҚ-тың және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің» Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығының» өкілдері арнайы жұмыс сапарымен келді.

Жұмыс сапарының негізгі мақсаты – өңірдегі алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету жүйесінің жұмысымен танысу, халықаралық стандарттардың енгізілу барысын бағалау, медициналық ұйымның қызметіне мониторинг жүргізу, сала мамандарымен тәжірибе алмасу және әдістемелік қолдау көрсету.

Делегация құрамында ДДҰ-ның HIIP бағдарламасы бойынша стандарттар жөніндегі консультанты Далида Мұкашева, цифрлық шешімдер жөніндегі консультанты Жанар Тәткеева, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығының HIIP бағдарламасының консультанты Аружан Сәтбай болды. Сондай-ақ Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының экономика мәселелері жөніндегі орынбасары Бектас Нұридинов қатысты.

Ауданға келген құрметті меймандарды Сырдария аудандық ауруханасының бас дәрігері Жанар Жұмабаева қарсы алып, мекеменің бүгінгі тыныс-тіршілігімен, ма­териалдық-техникалық ба­засымен және көрсетілетін медициналық қызметтердің бағыттарымен таныстырды.

Жұмыс сапары аудандық емханада бас­талды. Делегация мүшелері емхананың құрылымдық бөлімшелерінің жұмысын көріп, Жалпы тәжірибелік бөлімшенің дәрігерлері мен орта буын медицина қызметкерлерімен кездесті. Кездесу барысында алғашқы медициналық-санитариялық көмекті ұйымдастыру, пациентке бағдарланған қызмет көрсету, цифрлық шешімдерді тиімді пайдалану, медициналық құжаттаманы жүргізу және сапалы медициналық қызмет көрсету мәселелері талқыланды.

Бұл ретте, делегация мүшелері Сырдария ауданына қарасты Шаған ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға да барды. Меймандар ауылдық медициналық мекеменің жұмысына оң бағасын беріп, алғашқы медициналық-санитариялық көмектің ұйымдастырылу деңгейін, тұрғындарға көрсетілетін қызметтің сапасын, медициналық инфрақұрылымның жай-күйін және цифрлық денсаулық сақтау жүйесінің енгізілу барысын зерделеді.

Амбулатория меңгерушісі Алтынай Өмірбаева мекеменің күнделікті қызметі, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің негізгі бағыты, профилактикалық жұмыс, созылмалы ауруды бақылау, ана мен бала денсаулығын қорғау және патронаж қызметінің атқарып отырған жұмысы жөнінде жан-жақты мәлімет берді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығының өкілдері дәрігерлік амбулатория қызметкерлерімен сұхбат жүргізіп, алғашқы медициналық көмекті жетілдіру, пациентке бағдарланған қызмет көрсету, халықаралық стандартты енгізу және цифрлық шешімді тиімді пайдалану бағытында пікір алмасты. Мамандар медицина қызметкерлеріне әдістемелік ұсыным беріп, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Делегация мүшелері ауылдық жерлерде көрсетілетін алғашқы медициналық көмектің сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмысқа жақсы көзқарас танытып, халық денсаулығын нығайтуға бағытталған бастаманы одан әрі жетілдіру бойынша бірқатар ұсынысын жеткізді.

ДДҰ мен Ұлттық ғылыми орталықтың өкілдері медицина қызметкерлеріне халықаралық талап пен заманауи стандартқа негізделген әдістемелік көмек көрсетіп, практикалық ұсыным берді. Емдеу ісіндегі тиімді тәсіл, медициналық көмектің сапасын арттыру, басқару жүйесін жетілдіру және цифрлық технологияны енгізудің артықшылығы жөнінде пікір алмасты.

Кездесу барысында сала мамандары өздерінің күнделікті қызметінде кездесетін өзекті мәселені көтеріп, халықаралық сарапшылармен ашық пікір алмасты. Өз кезегінде мамандар қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап беріп, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған нақты ұсыныстарын жеткізді.

– Бүгінгі жұмыс сапары біздің ұжым үшін үлкен тәжірибе алмасу алаңы болды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен денсаулық сақтау саласындағы ұлттық ұйымдар өкілдерінің ауданымызға арнайы келіп, бірқатар медициналық мекеменің жұмысымен танысуы – көрсетіліп жатқан медициналық көмектің сапасын одан әрі жетілдіруге берілген мүмкіндік деп білеміз. Сапар барысында қонақтар «Паллиативтік көмек» және «Медициналық оңалту және қалпына келтіру емі» бөлімшелерінің, сондай-ақ аудандық емхана мен Шаған ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның қызметіне оң бағасын беріп, бірқатар әдістемелік ұсынымдарымен бөлісті. Бұл ұсыныс біздің мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға, халықаралық стандарт пен заманауи тәсілді күнделікті тәжірибеге енгізуге ықпал етеді. Біздің басты мақсатымыз – аудан тұрғындарына сапалы, қолжетімді әрі қауіпсіз медициналық көмек көрсету. Осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіру үшін халықаралық ұйымдармен және ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығындағы әріптестерімізбен ын­тымақтастықты одан әрі нығайтуға әрдайым мүдделіміз. Мұндай кездесулер медициналық қызмет сапасын арттыруға ғана емес, сала мамандарының кәсіби дамуына да тың серпін береді деп сенемін, – деді бас дәрігер Жанар Жұмабаева.

Осындай тәжірибе алмасу алаңдары медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға, халықаралық тәжірибені өңірлік денсаулық сақтау жүйесіне енгізуге және медициналық қызмет сапасын жетілдіруге зор мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің тиімділігі мен қолжетімділігін арттыруға оң ықпал етеді.

Жұмыс сапарының қорытындысында қос тарап денсаулық сақтау саласындағы өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, халықаралық тәжірибені кеңінен енгізуге және халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасын үздіксіз жетілдіруге бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.

Б.ОРДАБЕКОВ
08 тамыз 2026 ж. 92 0