Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№58 газет

04 тамыз 2026 ж.

№57 газет

01 тамыз 2026 ж.

№56 газет

28 шілде 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31 
» » Зияткерлік ойынның үздіктері

Зияткерлік ойынның үздіктері

Алматы облысында 23-30 шілде аралығында тоғызқұмалақтан жастар арасындағы Қазақстан Республикасының жекелей чемпионаты өтті. Еліміздің барлық өңірінен жиналған үздік спортшылар қатысқан байрақты бәсекеде Қызылорда облысының намысын қорғаған Сырдария ауданының спортшылары жоғары шеберлік танытып, жүлделі орындардан көрінді.

Чемпионат қорытындысы бо­йын­ша сырдариялық зияткер ойын шебері Нұрай Мектепхан рапид бағ­дарламасында қарсыластарының бәрі­нен басым түсіп, алтын медальді жеңіп алды. Классикалық ойын түрінде де тартысты бәсекеде бақ сынап, қола жүлдені иеленді. Осылайша, жас спорт­шы бір чемпионаттың өзінде екі мәрте жеңіс тұғырына көтеріліп, өзінің жоғары дайындық деңгейін дәлелдеді. Ал ауданның тағы бір талантты спортшысы Әсем Дәуренбекқызы рапид бағ­дарламасында шебер ойын өрнегін көрсетіп, Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері атанды. Оның байыпты тактикасы мен ойын барысындағы дәл шешімдері төрешілер мен жан­күйерлердің жоғары бағасына ие болды.
Тоғызқұмалақ – қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық интеллектуалдық мұрасы. Логикалық ойлау мен төзімділікті талап ететін бұл спорт түрінде үздік нәтиже көрсету – үлкен еңбектің жемісі. Сондықтан сырдариялық жас спортшылардың жетістігі – аудан спортының дамуына қосылған маңызды үлес.

Жас дарындардың жеңісті жолында олардың жаттықтырушысы Білімжан Елеусіновтің еңбегі зор. Ол шәкірттерінің әр жарысқа тыңғылықты дайындалатынын айтып, алдағы уа­қыт­та бұдан да биік белестерді ба­ғындыруға күш салатындарын жеткізді.

– Ел чемпионатының деңгейі өте жоғары болды. Әр өңірден үздік спортшы шоғыры жиналды. Соған қарамастан Нұрай мен Әсем өз мүм­кіндігін толық көрсете білді. Жеңіс тұғырындағы қуаныш – олардың бірнеше жылдық тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Шәкірттерімнің жеңіске деген жігері, жауапкершілігі мен табан­дылығы қуантады. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Алдымызда өтетін рес­публикалық және халықаралық жарыстарға тыңғылықты дайындалып, бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізуге күш саламыз. Сырдарияның тоғызқұмалақ мектебінің әлеуеті жо­ғары, – дейді жаттықтырушы.

Айта кету керек, Нұрай Мектепхан мен Әсем Дәуренбекқызы соңғы жылдары республикалық деңгейдегі жарыста тұрақты түрде жүлдегер қата­рынан көрініп келеді. Олардың әрбір жетістігі – жүйелі жаттығудың, табандылықтың және ұлттық спортқа деген сүйіспеншіліктің айқын дәлелі.

Сырдариялық спортшылардың бұл жеңісі аудан жастарына үлкен серпін беріп, тоғызқұмалақ спортының дам­уына жаңа серпіліс сыйлайтыны анық. Ендігі мақсат – осы жетістікті еселеп, халықаралық аренада Қазақстанның көк байрағын биіктен желбірету.

«Тт» ақпарат
04 тамыз 2026 ж. 60 0