Верификациядан өтпеген ұялы телефонды сатуға болмайды
Елімізде ұялы телефон нарығында тұтынушының құқығын қорғауға бағытталған маңызды өзгеріс енгізілді. Енді верификациядан өтпеген, яғни заңнамада белгіленген тәртіппен тіркелмеген немесе заңдылығы расталмаған ұялы байланыс құрылғысы тиісті емес сападағы тауар ретінде танылады. Бұл жаңашылдық азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, заңсыз әкелінген телефонның саудасын азайтуға және телекоммуникация нарығын реттеуге бағытталған. Осыған байланысты жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.Құжатта телекоммуникация саласын жетілдірумен қатар, тұтынушының құқығын қорғауды күшейтетін бірқатар маңызды норма қамтылған. Соның бірі – ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын міндетті түрде верификациялау тәртібі.
Анығын айтқанда, верификация – ұялы телефонның заңды түрде өндірілгенін немесе Қазақстанға ресми жолмен әкелінгенін растайтын рәсім. Басқаша айтқанда, құрылғының сәйкестендіру коды мемлекеттік дерекқор арқылы тексеріліп, оның заңды айналымда екені анықталады. Ал верификациядан өтпеген құрылғы – заңдылығы расталмаған, тексерілмеген немесе тіркеуден өтпеген телефон. Мұндай құрылғының арасында заңсыз импортталған, жалған немесе өзгертілген сәйкестендіру коды бар телефонның болуы ықтимал. Сондықтан мемлекет мұндай өнімнің сатылуына заң жүзінде шектеу қойып отыр.
Заңдағы ең маңызды жаңалық – верификациядан өтпеген телефон сатып алған азаматтың құқығының кеңейтілуі. Енді мұндай құрылғы тиісті емес сападағы тауар ретінде бағаланатындықтан, тұтынушы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабына сәйкес өз таңдауына қарай сатып алу бағасын төмендетуді, құрылғының кемшілігін тегін жоюды, жөндеуге жұмсаған шығынын өтеуді, дәл сондай үлгідегі телефонға ауыстыруды, басқа үлгідегі бағаны қайта есептей отырып айырбастауды немесе сатып алу-сату шартын бұзып, төленген ақшаны толық қайтаруды талап ете алады. Алайда заң талабына байланысты бұл талаптың барлығы тек сатушыға қойылады. Яғни тұтынушы өндірушіге немесе басқа тұлғаларға емес, телефонды сатқан дүкенге немесе интернет-дүкенге жүгінеді. Сондықтан сатушының жауапкершілігі де күшейтілді.
Енді әрбір сатушы телефонды сатпас бұрын сатып алушыға оның верификация мәртебесін тексеруге мүмкіндік беретін сәйкестендіру кодын ұсынуға міндетті. Сатушы арнайы дерекқор арқылы құрылғының сәйкестендіру кодын тексеріп, оған қандай да бір шектеу немесе бұғаттау қойылмағанына көз жеткізуі тиіс. Осы талап орындалғаннан кейін ғана телефонды сатуға рұқсат беріледі.
«Сауда қызметін реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес, верификациядан өтпеген ұялы байланыс құрылғысын сатуға толықтай тыйым салынды. Бұл талап дәстүрлі сауда орнымен қатар, интернет-дүкенге де бірдей қолданылады. Демек, заң талабына сай тіркелмеген телефонды нарыққа шығаруға жол берілмейді.
Аталған өзгерістің басты мақсаты – көлеңкелі импорттың жолын кесу, жалған немесе заңсыз әкелінген құрылғының айналымын азайту және тұтынушының мүддесін қорғау. Байланыс желілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ресми өнім сататын кәсіпкер үшін әділ бәсекелестік ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бүгінде ұялы телефон – күнделікті өмірдің ажырамас бөлігі. Сондықтан әрбір азамат жаңа құрылғы сатып алар алдында оның сәйкестендіру кодын тексеріп, верификациядан өткеніне көз жеткізгені жөн. Бұл өз қаражатын қорғап қана қоймай, болашақта телефонның бұғатталуы немесе байланыс желісінде жұмыс істемеуі сияқты келеңсіз жағдайлардың алдын алады.
Жаңа заңнамалық өзгеріс Қазақстандағы тұтынушының құқығын қорғау жүйесін одан әрі жетілдіріп, ұялы телефон нарығын ашық әрі заңды негізде дамытуға бағытталған маңызды қадам. Ендігі жерде әрбір сатып алушы өз құқығын жақсы білуі, ал сатушылар заң қағидатын қатаң сақтауы тиіс.
Б.ОРДАБЕКОВ









