ҰЯЛЫ ТЕЛЕФОНДЫ ТІРКЕУ МІНДЕТТІ
Жыл соңына таман ұялы байланыс орталықтары ығы-жығы адамға толған. Себебі, қазақстандықтар үшін осы жылдың аяғына дейін атқарылуы тиіс маңызды істің бірі – ұялы телефондарды тіркеуден өткізу. Бұл міндетті. Өйткені, келер жылдың 1 қаңтарынан бастап ел аумағында тіркелмеген ұялы байланыс желілерімен жұмыс істейтін барлық құрылғыларға абоненттік қызмет түрлері көрсетілмейді. Жалпақ тілмен айтқанда, қазір күндіз-түні қолда жүрген ұялы байланысты қолдана алмайсыз. Бұл талап заңмен бекітіліп, қазіргі күні Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің мұрындық болуымен тіркеудің егжей-тегжейлі тәртібі мен механизмі бойынша тіркеу жұмысы қызу жүргізіліп жатыр.
Ережелерге сай, Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген немесе жасалған абоненттік құралдар міндетті түрде тіркеуден өтулері керек. Жеке тұлғалар үшін тіркеу тегін түрде 4 сағаттың ішінде жүргізіледі, ал заңды тұлғаларды өтініш білдірген мерзімнен 8 сағат ішінде тіркейді.
Телефонның IMEI-кодын тіркеуден өткізу – өткен жылдан бері елімізде қызу талқыланған мәселелердің бірі. Бұл бастама терроризм және экстремизммен күресті күшейту, сонымен қатар телефон ұрлығының алдын алу үшін қолға алынып отыр. Жеке және заңды тұлғалардың ұялы байланыс құрылғыларын тіркеу міндеті 2016 жылы еліміздің «Байланыс туралы» заңына экстремизм мен терроризмге қарсы күресті күшейтуге бағытталған түзетулер пакетінің аясында енгізілген болатын.
Е.БЕРКІНБАЕВ