Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Байланыс қызметінде елеулі өзгеріс бар

Байланыс қызметінде елеулі өзгеріс бар

Қазақстанда ұялы байланыс қызметтерін пайдалану тәртібіне бірқатар маңызды өзгеріс енгізілді. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бекіткен жаңа талап осы жылдың 28 маусымынан бас­тап күшіне енеді. Бұл жаңашылдықтың негізгі мақсаты – тұтынушының құқығын қорғауды күшейту, байланыс қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету және қауіпсіздікті арттыру екені мәлім. Апта көлемінде ел назарында болған жаңалықты басылым оқырмандарына ұсынуды жөн көрдік.

Жаңа ережеге сәйкес, енді кез келген байланыс операторы або­нент­тің нақты келісімінсіз ақылы қо­сымша қызметті қоса алмайды. Бұған дейін кейбір тұтынушы өздері сұратпаған қызметтің қосылып кет­кеніне шағымданатын. Ендігі жер­де әрбір ақылы қызмет тек пай­даланушының нақты келісімі алынған жағдайда ғана іске қосылады.

Тағы бір маңызды өзгеріс – авто­маттандырылған жарнамалық қоңырауға толықтай тыйым салынуы. Бұрын мұндай қоңыраудан бас тарту қиындық туғызатын болса, енді байланыс операторына бұл тәсілді қолдануға заң жүзінде рұқсат берілмейді. Бұл азаматтың тыныштығын сақтап, қажетсіз қоңы­раудың санын азайтуға мүмкіндік береді.

Абоненттер жарнамалық және ақпараттық сипаттағы SMS пен басқа да хабарламаны алудан өз еркімен бас тарта алады. Яғни пайдаланушы байланыс операторынан немесе серіктес ұйымнан келетін жарнамалық ақпаратты қабылдау-қабылдамауды өзі таңдайды.

SIM-картаны рәсімдеу тәртібі де жаңартылды. Енді кәмелетке толмаған балаға SIM-картаны тек оның заңды өкілі биометриялық сәйкестендіруден өткеннен кейін ғана рәсімдей алады. Бұл талап баланың жеке дерегінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және бөтен адамның олардың атына байланыс нөмірін тіркеуіне жол бермеуге бағытталған.

Бір кәмелетке толмаған балаға тек бір ғана ұялы байланыс нөмірін тіркеуге рұқсат етіледі. Бұл өзгеріс балалардың байланыс қызметін пайдалануын жүйелеп, қауіпсіздік талабын күшейтуге ықпал етеді.

Жалпы, енгізіліп отырған жаңа талап байланыс қызметтерінің сапасын арттырып қана қоймай, абоненттің құқықтарын қорғауға, қажетсіз жар­нама мен алаяқтық тәуекелін азайтуға бағытталған маңызды қадам болып саналады. Ендігі кезекте байланыс операторлары жаңа талаптарды то­лық сақтауға міндетті.

Б.ОРДАБЕКОВ

27 маусым 2026 ж. 77 0