Астанада алғашқы ұшатын таксидің таныстырылымы өтті
Бүгін Астанада алғашқы аэротаксидің демонстрациялық ұшуы өтті. Іс-шараны отандық жеке «Alatau Advance Air Group Ltd.» компаниясы қытайлық eVTOL AutoFlight серіктестерімен бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды Egemen.kz.Ұшу «Қазанат» ипподромының аумағында жүзеге асырылды.
Көрсетілім үшін бір ұшқыш пен 5 жолаушыға арналған eVTOL AutoFlight Prosperity аппараты пайдаланылды. Құрылғы сағатына 200 шақырымға дейін жылдамдықпен ұшып, 200 шақырымға дейінгі қашықтықты еңсере алады.
Алайда қауіпсіздік талаптарын сақтау мақсатында алғашқы ұшу жолаушыларсыз өтті.
«Астанадағы аэротаксидің демонстрациялық ұшуы – жай ғана жеке көрсетілім емес, Қазақстанда қалалық әуе мобильділігін енгізу бойынша жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Демонстрациялық ұшулар жаңа технологияларды іс жүзінде енгізуге саланы кезең-кезеңімен дайындауға мүмкіндік береді», деді «Alatau Advance Air Group Ltd.», компаниясының бас директоры Сергей Хегай.
Аэротакси технологиясы Алатау қаласының арнайы құқықтық режиміне де енгізілген. 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енген конституциялық заң бұл қаланы инновациялық көлікті сынақтан өткізуге арналған негізгі алаңға айналдырды.
Алатау қаласы жаңадан салынып жатқандықтан, аэротакси мен ұшқышсыз аппараттарға арналған барлық инфрақұрылым қаланың бас жоспарына жобалау кезеңінің өзінде енгізіліп жатыр.
Демонстрациялық ұшудан кейін AutoFlight Prosperity аэротаксиі Астанада өтетін халықаралық «Болашақ ойындары – 2026» турниріндегі ең қызықты экспонаттардың біріне айналады.
29 және 30 шілде күндері бұл аппарат «Барыс Арена» алдындағы ашық көрмеде таныстырылады.
Фото: Egemen










