Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аптап ыстық – жаһандық қауіп: табиғат тағдыры адам қолында

Аптап ыстық – жаһандық қауіп: табиғат тағдыры адам қолында

Адамзат өмірінің тепе-теңдігін сақтап тұрған ең маңызды жүйенің бірі ауа райы десек, бүгінде климаттың өзгеруі көпшілікке жайсыздық туғызып отыр. Сөзімізге дәлел – бірнеше аптадан бері сақталып тұрған аптап ыстық. «Қыс қарлы болса – жер семіз, көктем жаңбырлы болса – дән егіз» деуші еді. Соңғы онжылдықта жер шарының орташа ауа температурасының біртіндеп жоғарылауы табиғаттағы қалыптасқан үйлесімділікті өзгертіп, бүкіл әлемді алаңдатқан өзекті мәселеге айналды. Қыстың қақаған суығы халықты әбігерге салып, кент көшелері мұзды өлкеге айналғаны есімізде. Қыс қатты болса, жаздың ыстығы да өткір болатынын бұрынғылар алдын ала болжап кеткен. 

Климаттың өзгеруі тек ауа райының құбылмалы болуымен шектелмейді. Ол мұздықтардың еруіне, құрғақшылықтың күшеюіне, табиғи апаттардың жиілеуіне, биоалуантүрліліктің азаюына және адам денсаулығы мен экономикаға елеулі әсерін тигізуде. Сондықтан климаттың өзгеруі мен ауа температурасының артуының себеп­тері мен салдарын түсіну, сондай-ақ халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізу – бүгінгі басты міндеттің бірі.

Биылғы жаз аптап ыстықпен басталды. Одан кейін ауа температурасы төмендеп, жаңбырлы маусым тұрғындарға қолайлы болды. Дегенмен жазда жауған жаңбыр кей тұста шаруаға оңтайлы бола қоймасы анық. Бұл күнде шіліңгір шілденің ыстығы сақталып тұр. Климаттың өзгеруі әлем бойынша табиғи апаттардың қаупін арттырса, арнайы мамандар халықты абай болуға шақырады. Сарапшылардың айтуынша, алдағы жылдары температура бұдан да әрі жоғарылап, құрғақшылық пен су тапшылығы мәселесі туындауы мүмкін. Негізі ыстық ауа райына оңтүстіктік тұр­ғын ептеп үйренген. Бірақ кейінгі жылдары климаттың өзгеруі қатты байқалып жүр. Ал бұрын аптап ыстықты көрмеген еуропалықтар рекордтық температураға шыдас бермей жатқаны да сондықтан.

«1970 жылдан бастап жүргізілген метео­рологиялық бақылауға сәйкес, адамның шаруашылық әрекетінен болатын климаттың өзгеруі салдарынан аномалды ауа райы жағдайлары жиілеп кетті. Бұл әсіресе соңғы бес жылда анық байқалып отыр. Қар жаумайтын аймақтарда қардың жаууы, бір күн ішінде айлық жауын-шашын нормасының түсуі немесе қоңыржай өңірлерде аптап ыс­тықтың орнауы – климаттың өзгеріп жатқанының белгісі» дейді экологтар.

Табиғи құбылыстар дегенмен де таби­ғатқа адамның әсері көп екенін айта кету орынды. Бұл ретте мамандар табиғи құбылыстардың салдарын жоюға бағытталған технологияларды қолданумен қатар халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізудің маңыздылығына тоқталады. Климаттың өзгеруі үздіксіз жүріп жатқан процесс болғанымен, бұл жағдай алдағы уақытта түрлі әлеуметтік мәселелерге әкеп соғуы мүмкін. Ешнәрсе мәңгілік емесі анық. Бұл табиғат ресурс­тарына да қатысты. Сондықтан әрбір тұрғын суды үнемдеу, табиғатқа залал кел­тірмеуді алдыңғы орынға қойғаны жөн.

Не десек те, қазіргі аптап ыстық тол­қындары ерекше қарқынды болып тұр. Бұл ретте мамандар тұрғындарға қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертеді. Ыстықта көп жүрмеу, ұдайы ағзаны сумен қамтамасыз ету, күннен қорғайтын жабық киім кию маңызды. Сондай-ақ «салқындаудың реті осы екен» деп қатты ыстықтап тұрып салқын суға түсуге, салқын су ішуге, желдеткіштің астында тікелей отыруға да болмайды. Бұл өз кезегінде денсаулыққа кері әсерін тигізіп, жүйке жүйесін зақымдайды.
Климаттың өзгеруі мен ауа тем­пера­турасының көтерілуі – бүкіл әлемге ортақ өзекті мәселе. Бұл құбылыс таби­ғатқа ғана емес, адам өміріне, ден­саулығына, ауыл шаруашылығына және экономикаға да айтарлықтай әсер етеді. Климаттың өзгеруін толық тоқтату мүмкін болмағанымен, оның қарқынын бәсеңдету әр адамның қолынан келеді. Табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану, қоршаған ортаны қорғау, ағаш отырғызу және тазалық сақтау арқылы болашақ ұрпаққа қауіпсіз орта қалдыруға үлес қоса аламыз.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
18 шілде 2026 ж. 59 0