Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тазалық – ортақ міндет: абаттандыру қағидалары жаңарды

Тазалық – ортақ міндет: абаттандыру қағидалары жаңарды

Қазақстан Республикасының жаңа Конституция­сында қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану әрбір азаматтың маңызды міндетінің бірі ретінде белгіленген. Осыған сәйкес, елімізде жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының біріне айналды. Бұл мақсатты жүзеге асыруда Мемлекет басшысы ұсынған «Таза Қазақстан» бастамасы Конституцияда айқындалған қағидаттарды іс жүзінде орындауға бағытталған маңызды жоба ретінде кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Аталған бастама аясында экологиялық мәселелерді шешуге қоғам мүшелері, еріктілер мен тұрғындар белсенді түрде қатысып келеді. Бұндағы негізгі мақсат – табиғатқа жауапкершілікпен қарау мен қоршаған ортаның тазалығын сақтау мәдениетін әрбір азаматтың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру.

Сонымен қатар шілде айынан бастап елді мекендерді абаттандыруға қатысты жаңартылған талаптар күшіне енеді. Жаңа қағидаларға сәйкес, жеке тұрғын үй иелері өз үйлеріне іргелес жатқан аумақтың тазалығына жауапты. Үй маңында тұрмыстық және құрылыс қалдықтарының, қураған шөптің, арамшөптердің, сондай-ақ ұзақ уақыт бойы жиналып қалған әртүрлі заттардың сақталуына жол берілмеуі қажет. Аталған өзгеріс тұрғындардың эко­логиялық жауапкершілігін арттырып, елді мекендердің таза­лығы мен көркеюіне ықпал етуді көздейді.

Егер белгіленген талаптардың бұзылғаны анықтал­са, кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының қолданыс­тағы заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Қолданылатын әкімшілік шаралар мен айыппұл мөлшері құ­қық бұзушылықтың сипатына және заңнамада көзделген тиісті баптардың талаптарына сәйкес айқындалады. Бел­гіленбеген орынға қоқыс тастауға да жол жоқ. Тәртіп бұзыл­ған жағдайда, айыппұл арқалауыңыз мүмкін. Бірін­ші айыппұлдан сабақ алмасаңыз, екінші ретте екі есе артық төлеуге міндеттенесіз. Негізгі міндет – үйге іргелес аумақты күтіп ұстау, қоқыс пен түрлі заттарды үйіп сақтамау екені белгілі.

Айта кетейік, Экология және табиғи ресурстар министр­лігінің деректеріне сәйкес, «Таза Қазақстан» бас­тамасы шеңберінде биылғы жылдың басынан бері 1 миллионнан астам ағаш көшеті отырғызылған. Осы кезеңде 4 миллионнан астам азаматтың қатысуымен 200-ден аса экологиялық акция мен іс-шара өткізілді. Нәтижесінде 76 мың гектардан астам аумақ қоқыстан тазартылып, 413 мың тоннадан астам қалдық шығарылған. Ресми деректерге сәйкес, жалпыұлттық «Таза Қазақстан» қозғалысы қолға алынған соңғы үш жыл ішінде еліміздегі елді мекендерде 5,6 миллионнан астам ағаш егілген.

Бұл орайда ауданда да тазалық және көркейту-кө­галдандыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Кент және ауылдық округтерде мекеме қызметкерлері мен тұрғындар тазалық жұмыстарына белсенді атсалысады. Біз көше мәдениетін қозғағанда ең алдымен тазалықты сөз ететініміз анық. Өйткені, көшедегі мәдениеттіліктің бастауы тазалық екені белгілі. Әрбір адам өзінің көшесін, ауласын таза ұстау арқылы қоғамға пайдасын тигізеді. Ал қоршаған орта күл-қоқысқа толып жатса, оның адам денсаулығына тигізер зияны көп. Сол себепті де тұрғындар айналаны ластамай, өз болашағы үшін сани­тарлық тазалыққа мән беріп қарағаны жөн.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
09 шілде 2026 ж. 253 0