Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың «Таза Қазақстан» республикалық акциясына байланысты Үндеуі

Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың «Таза Қазақстан» республикалық акциясына байланысты Үндеуі

Құрметті жерлестер!

Тазалық – өркениетті қоғамның басты көрсет­кіш­терінің бірі. Қоршаған ортаның тазалығы мен табиғаттың сақталуы әр­бір азаматтың саналы көз­қарасы мен жауап­кершілігіне тікелей байланысты. Ауданымыздың көркеюі, көшелеріміздің таза болуы, саябақтар мен демалыс орындарының күтімді әрі жайлы болуы – баршамызға ортақ міндет.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді абаттандыру және экологиялық мәдениетті қалып­тастыру мәселелеріне ерекше көңіл бөліп келеді. Осы бағыттағы Президентіміздің бастамасымен өткізіліп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы – бір реттік шара емес, әр азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс маңызды қоғамдық қозғалыс.

Туған жеріміздің табиғатын қорғау – келешек ұрпақ алдындағы қасиетті борышымыз. Бүгін­де қоршаған ортаның ластануы, тұрмыстық қалдық­тардың бей-берекет тасталуы, жасыл желектерге ұқыпсыз қарау сияқты мәселелер қоғам назарын қажет етеді. Сондықтан ауданымыздың әрбір тұрғы­ны тазалық мәдениетін қалыптастырып, өз ауласынан, өз көшесінен бастап үлгі көрсетуі маңызды.

Аудан көлемінде өткізілетін тазалық шаралары аясында көшелерді, саябақтарды, арықтар мен су арналарының бойын тазалау, ағаш көшеттерін отырғызу, қоғамдық орындарды абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмыс­тарға мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындар, білім беру ұйымдары, жастар, ардагерлер қауымы және барлық тұрғын белсенді қатысқанда ғана нақты нәти­жеге қол жеткіземіз.

Қадірлі аудан тұрғындары!

Тазалық тек сенбілік кезінде ғана емес, күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігі болуы тиіс. Әр отбасы өз ауласын таза ұстап, қоқысты белгіленген орындарға тастап, табиғатты аялау мәдениетін жас ұрпақтың бойына сіңірсе, ауданымыздың экологиялық ахуалы жақсарып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптасады.

«Ауылына қарап, азаматын таны» дегендей, әр елді мекеннің тазалығы, сәулетті көркі тұрғындардың жанашырлығына байланысты. Себебі әр көшенің, әр үйдің, әр ауланың тазалығы – тұтас аудан айнасы.

Туған жеріміздің тазалығы – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз!

Бірлескен еңбегіміздің арқасында туған өлкемізді одан әрі көркейтіп, келер ұрпаққа таза, жасыл және жайлы мекен қалдыратынымызға сенімдімін.

Баршаңызды «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсене қатысып, ауданымыздың тазалығы мен көркеюіне үлес қосуға шақырамын.
Тазалық біз бен Сізден басталады!

Туған жерімізді бірге көркейтейік!
27 маусым 2026 ж. 76 0