Жаңа Конституция – ел болашағының темірқазығы
Шілде айынан бастап Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы заңды күшіне енді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Біз бірлігі бекем, біртұтас ұлт ретінде әлемдік өркениеттің шыңын бағындырып, баршаға бірдей мүмкіндік беретін және барлық азаматтың жан-жақты дамуына жол ашатын мемлекетті – Әділетті Қазақстанды құрамыз!» деп атап өтті. Жаңа халықтық Конституция – мемлекетіміздің демократиялық даму жолын айқындайтын, адам құқықтары мен бостандықтарын, оның қадір-қасиетін ең жоғары құндылық ретінде айқындайтын тарихи құжат. Конституция – еліміздің құқықтық жүйесінің негізі, тәуелсіз мемлекетіміздің берік тұғыры. Сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың кепілі, мемлекеттік билік органдарының қызметін айқындайтын басты заңдық құжат болып табылады.Осы ретте аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен «Жаңа Конституция – Әділетті Қазақстанның берік негізі» тақырыбында мәжіліс өтті. Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, аудан прокуроры Абай Әлімбаев, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, зиялы қауым өкілдері, депутаттар, құқық қорғау қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер және аудан тұрғындары қатысты.

Аудан басшысы жаңа Конституцияның елдің құқықтық жүйесін нығайтудағы, мемлекеттік басқаруды жетілдірудегі және Әділетті Қазақстанды қалыптастырудағы маңызына кеңінен тоқталды.
– Қазақстан Республикасының Конституциясы – тәуелсіз мемлекетіміздің құқықтық іргетасы, қоғамдық келісім мен тұрақтылықтың, ел бірлігі мен өркендеуінің басты кепілі. Мемлекет басшысының бастамасымен жаңарған Ата Заңда нақты бағыттар айқындалған. Біріншіден, Конституцияның кіріспе сөзі негізгі идеологиялық ұстанымдардың тұтас әрі құрылымдалған жиынтығы болып табылады. Екіншіден, еліміздің аумақтық тұтастығына қатысты нақты ұстаным белгіленді. Преамбулада жазылғандай, аумақтық тұтастық ешқашан өзгермейді және оған қол сұғылмайды. Үшіншіден, Қазақстанның зайырлы мемлекет екендігі нақты айқындалды. Жаңа Ата Заңда білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты бекітілді. Төртіншіден, дәстүрлі құндылықтар ең жоғары құқықтық деңгейде қорғалды. Бесіншіден, ел дамуының адами өлшемі енгізіліп, адам құқықтарын қорғау негізгі басымдық ретінде белгіленді. Жалпы, жаңа Ата Заңда төл тарихымыз, Әділетті Қазақстан идеясы, Заң мен Тәртіп қағидаты, «Таза Қазақстан» бастамасы, бірлік пен ынтымақ, мәдениет пен білім, ғылым мен инновация секілді маңызды бағыттардың барлығы қамтылған, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Өз кезегінде жиынға қатысушылар сөз сөйлеп, жаңа Конституцияның қоғамдағы рөлі мен маңыздылығына тоқталып, Қазақстан Республикасының Конституциясы – ел тәуелсіздігінің берік негізі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі екенін атап өтті.– «Заңы мықты елдің қарқыны қатты» деген сөз бар. Ел-халық қолдаған, қолданысқа енгізілген жаңа Конституция – Әділетті, Таза Қазақстанды құру мен нығайтуға жаңаша серпін береді деп нық сеніммен айта аламыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жаңа Конституцияның заңды күшіне енуі – ұлт тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға. Тұғырына қонған Ата Заңымыз аса ауқымды қоғамдық-саяси үдерістер кезеңіне жол ашады» деп атап өтті. Президентіміз бірқатар маңызды құжатқа, соның ішінде Құрылтай сайлауын өткізу туралы арнайы Жарлыққа қол қойды. Соған сәйкес партиялар арасындағы бәсеке де жандана түседі. Біз жасампаз ел ретінде алдағы саяси науқандарды жоғары деңгейде өткізуіміз керек. Аудан тұрғындары елдің ертеңіне бей-жай қарамай, шешуші сәтте таңдау жасауға қабілетті екенін айқын көрсетіп келеді. Бұл – жауапкершілігі жоғары, бірлігі бекем, рухы және мәдениеті биік ұлттарға ғана тән қасиет. Көрнекті ғалым, белгілі заңгер Салық Зимановтың«Заң не үшін керек?» деген мақаласы бар. Сол мақаланың түйінінде қайраткер-тұлға «Заң мықтының әлсізге шектен тыс әмір жүргізбеуі үшін, әлсіздің құқығының аяққа тапталмауы үшін керек» деп жазыпты. Осы мақалаға кезінде пікір білдірген Әбіш Кекілбаев «Заң – елдің ел, адамның адам болып қалуы үшін керек» депті. Ал Үкіметтің соңғы өткен кеңейтілген отырысында Президентіміз «Жаңа заң әр адамның құқығы мен бостандығының, еркіндігі мен елдігіміздің кепілі» деп атап өтті. Сондықтан заман талабына сай әзірленген Жаңа Конституция еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын арттыру арқылы Әділетті, Қуатты, Таза Қазақстанды құру үшін керек деп бағамдаймыз. Жаңа Конституцияға 17 кодекс пен 51 заң сәйкестендірілді, – деді аудандық мәслихат төрағасы Ержан Ертарғынұлы.
Одан кейін аудан прокуроры Абай Мұхтарұлы сөз алды.
– Аудан көлемінде мемлекеттік органдардың тиімді жұмыс істеуі, қоғамдық тұрақтылықты сақтау және тұрғындардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету, ең алдымен Конституция талаптарын мүлтіксіз орындауға байланысты. Прокуратура органдары мемлекет атынан заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды жүзеге асыра отырып, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды, заң бұзушылықтардың алдын алуды және оларды жою бойынша шаралар қабылдауды негізгі міндеттердің бірі ретінде белілейді. Жаңартылған конституциялық қағидаттар аясында ерекше мән берілетін бағыттың бірі – «Заң және тәртіп» қағидаты. Бұл қағиданың негізгі мәні – қоғамда заң талаптарын мүлтіксіз сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыру. «Заң және тәртіп» қағидаты – тек құқық бұзушылықтарға қарсы күрес емес, ең алдымен олардың алдын алу, азаматтардың құқықтарын қорғау, мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыру және заң талаптарын күнделікті қызметте мүлтіксіз орындау болып табылады. Заң алдында барлығы тең. Мемлекеттік орган болсын, лауазымды тұлға болсын немесе қарапайым азамат болсын – әркім Конституция мен заң талаптарын орындауға міндетті. Осыған байланысты аудан көлемінде құқықтық тәртіпті нығайту, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау және заң бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуі қажет, – деді аудан прокуроры.
Сондай-ақ облыстық мәслихат депутаты, «Азаматтарға арналған Үкімет» акционерлік қоғамының аудандық бөлім басшысы Жұмабек Әшімұлы жаңа Конституция жөнінде пікір білдірді.
– Жалпыхалықтық референдум нәтижесінде қабылданған тарихи құжат мемлекеттік басқару жүйесін, қоғамның даму бағытын түбегейлі өзгертетіні анық. Сондықтан да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Үндеуінде «Жаңа Конституциямыздың заңды күшіне енуі – бүкіл еліміз үшін айрықша маңызды оқиға» деп атап өтті. Президентіміз атап өткендей, бұдан былай Конституция күні «Наурызнама» онкүндігімен қатар аталып өтеді. Мұның ерекше символдық, саяси-идеологиялық тұрғыда сабақтастық мәні зор. Конституция күні ел ішінде ғасырлар бойы орныққан көктемгі жаңару дәстүрлерін Ата заңның басты қағидаттарымен тоғыстырады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзінде «Қазақстан халқы – қоғамда жасалып жатқан түбегейлі өзгерістердің негізгі қозғаушы күші. Азаматтарымыз елдің ертеңіне бей-жай қарамай, шешуші сәтте таңдау жасауға қабілетті екенін айқын көрсетіп келеді. Бұл – жауапкершілігі жоғары, бірлігі бекем, рухы және мәдениеті биік ұлттарға ғана тән қасиет. Сайлауға қатысу – елдік істен шет қалмау деген сөз. Осы ретте жұртымыз алдағы саяси науқанға белсене атсалысады деп сенемін» деген болатын. Бүгін сол тарихи бастамалардың заңды жалғасы ретінде жаңартылған Қазақстан Республикасының Конституциясы толыққанды күшіне еніп отыр. Бұл – мемлекетіміздің саяси жүйесін жаңғыртуға, қоғамдағы әділдік қағидаттарын орнықтыруға және халықтың мемлекет ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған маңызды қадам. Конституция – кез келген мемлекеттің құқықтық іргетасы, елдің басты құжаты. Ол мемлекет пен қоғамның дамуына бағыт-бағдар беретін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепіл болатын, билік тармақтарының өзара іс-қимылын айқындайтын негізгі заң болып табылады. Сондықтан Ата заңға енгізілген әрбір өзгеріс елдің болашағына, оның даму бағытына тікелей ықпал етеді. Жаңартылған Конституцияның ерекшелігі – оның адам мүддесін бірінші орынға қоюында. Мемлекеттің ең басты байлығы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екендігі тағы бір мәрте айқындалды. Бұл қағида барлық мемлекеттік органдардың қызметінде басшылыққа алынатын негізгі ұстанымға айналды, – деді облыстық мәслихат депутаты.
Сөз кезегін алған Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Ғабит Тұяқбаев Қазақстан Республикасының Конституциясы – ел тәуелсіздігінің берік негізі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі екенін атап өтті.
– Ел Президенті Қызылордада өткен Құрылтай мәжілісінде бірнеше тарихи шешім қабылдады. Соның бірі – жаңа Конституцияны қабылдау мәселесі. Ендеше бүгінгі жаңа Конституцияның күшіне енуі, қабылдануы Сыр өңірінен бастау алады деуге негіз бар. Біріккен парламенттің соңғы отырысында тарихи сабақтастық жайлы айтылды. Оның мәні тереңде. Адамзат баласын сонау заманнан бері «Мемлекет дегеніміз не? Қоғамды қалай құру керек?» деген мәселелер толғандырған. Мәселен, Шығыстың ұлы ойшылы әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» деп аталатын философиялық трактаты бар. Сол трактатта «Мемлекет дегеніміз не? Қайырымды қоғам дегеніміз не? Ол қоғамды қалай басқару керек? Кімдер басқару керек?» деген сұрақтар жауабын іздейді. Бүгінгі қоғам мемлекет дегенді білдіреді. Сондай-ақ ХV-ХVІІІ ғасыр аралығында қазақ тарихында «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Тәуке ханның жеті жарғысы» болды. Бұлардың барлығы мемлекетті басқарудың сол кезеңдегі ережелері. Осы тарихи сабақтастық қолданысқа еніп отырған жаңа Конституцияға дейінгі аралықты қамтиды. Жалпы, Конституцияның өзгеріске енуі, оның жаңадан қабылдануы әлемдік тәжірибеде бар. Жаңа Конституцияның негізгі басты ерекшелігі «мемлекет адам үшін» деген бағыты ұстануында деп ойлаймын. Яғни біздің әрбір қоғам мүшесі мемлекеттің негізгі күші болып саналады. Бұл ретте жаңа Ата Заңымыз баршамызға құтты болсын, – деді Ғабит Әнешұлы.
Конституция қағидаттарын білу, құрметтеу және орындау – барлығымыздың ортақ міндетіміз. Президентіміз Конституцияның Қазақстан алдында зор жауапкершілік пен мол мүмкіндік кезеңін ашып отырғанын атап көрсетті. Ата Заң негізінде билік жүйесінің жаңа архитектурасын қалыптастыру, мемлекеттік басқаруды одан әрі цифрландыру, экономиканы дамыту, заң мен тәртіпті нығайту, қоғамның жасампаз бастамаларын қолдау міндеттері тұр. Айта кетейік, жиын соңында зиялы қауым өкілдері мен құқық қорғау қызметкерлеріне жаңа басылымдағы Қазақстан Республикасы Конституциясының кітабы табысталды.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ










