Түркі мемлекеттері еңбек миграциясын бірлесіп реттемек
Түркі инвестициялық қорының қаражаты бауырлас елдер арасындағы еңбек миграциясын реттеуге де бағытталмақ. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Мәжіліс отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сұрағына берген жауабында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Түркі инвестициялық қоры Түркі мемлекеттері ұйымына мүше 5 мемлекеттің әрқайсысындағы жобаларды қаржыландыруға да бағытталады. Мүшелерден бөлек бақылаушы екі ел бар. Бұл қор көші-қонға қалай әсер етеді десек, жобаларды іске асыру арқылы әсер етеді. Мысалы, жасыл экономика, энергетика, туризм, агроөнеркәсіп кешені және басқа да жобалар қолға алынады. Осындай жобалар қаржыландырылса, адамдар өз мекенінде қалады немесе шоғырланып жұмыс істейді. Осылайша Түркі мемлекеттері ұйымының арасында техникалық кәсіби бағыттағы жағымды көші-қон қалыптасады», - дейді Әлібек Қуантыров.
Сондай-ақ ол Түркі инвестициялық қорының қаражаты Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің аумағындағы жобаларды ғана қаржыландыратынын атап өтті.
«Яғни, ұйымның ішіндегі елдердің арасындағы еңбек көші-қоны жақсарады. Өйткені әзірге ұйымға 5 мемлекет қана мүше. Жобалар осы елдерде ғана жүзеге асады. Түркі инвестициялық қорына кім жарна төлейді, кім инвестиция салады, сол елдерде жобалар іске асады», - деді министр.
Айта кетейік, халықаралық қордың бастапқы жарғылық капиталы 500 млн доллар болмақ.
Фото: e-history.kz