Дамуды тежейтін дерт
Сыбайлас жемқорлық – заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Бұл кесел дамушы елдердегідей біздің жас мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіріп отыр.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі жемқорлықпен күресу болып табылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның негізгі басымдықтарының бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастыру. Яғни, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет – бұл адамның саналы және адамгершілікпен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру қабілеті. Тұлғаның сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеті дегеніміз, ол сол тұлғаның қоғам қауіпсіздігіне және игілігіне сыбайлас жемқорлықтың зияны туралы білімін қамтитын қасиеті. Ол индивидтің жай ғана сыбайлас жемқорлықты төзбеуі ғана емес, сонымен қатар оны жоюға, онымен күресуге талпынуы болып табылады.
Қызметкерлер сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөнінде БАҚ-та мақалалар жазып, әлеуметтік желілерде осы тақырыпта материалдар орналастырады. Мамандар арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстары бақылауға алынған. Қазақстан Республикасының әр азаматы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыра білсе, еліміздің дамуы бұданда биік дәрежеге көтерілетіні хақ. Жалпы, кез-келген қызметкер өз отбасында, әріптестерінің арасында осы бір қағидаларды ұран қыла білсе, бұл індеттің түбімен жойылатыны анық.
Әрбір қоғам дамуының жақсы жағымен қатар көлеңкелі тұсы да қатар жүреді. Осы ретте елдің экономикалық жоғары даму деңгейіне жетуін, халқымыздың демографиялық өсіп-өнуін көздеген шаралар қабылданып жатқан кезде алға басқан қадамды кейін тартып, дамуымызға тежеу болып отырған сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз.
Өмірбек ТОҚПАМБЕТОВ,
Жетікөл ауылдық
округінің әкімі
Коллаж: Azattyq Ruhy