Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№22 газет

28 наурыз 2026 ж.

№ 23 газет

23 наурыз 2026 ж.

№ 20 газет

17 наурыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Негізгі міндет – халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету

Негізгі міндет – халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету

Ауданда санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мамандары ең алдымен халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз етіп, инфекциялық және паразитарлық аурулардың алдын алуға жұмыс жасайды. Басқарма қызметкерлері аудан аумағындағы мекемелерде, кәсіпорындарда, тамақтану орындарында, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарында санитариялық ережелер мен нормалардың сақталуын бақылайды, мониторинг жүргізеді. Мамандардың тыңғылықты жұмысының нәтижесінде ауданда соңғы жылдары эпидахуал тұрақты. Бұл жайында басқарма басшысы айтып, өткен жылы атқарылған жұмыстары және эпидемиологиялық ахуал туралы ақпарат берді.

– Құралай Сайранқызы, аудандық сани­тариялық-эпиде­миологиялық бақылау басқар­масы­ның басшысы ретінде ең алдымен негізгі міндет­теріңіз туралы халықты ақпараттандырсақ...


– Сырдария аудандық санитариялық-эпиде­миоло­гиялық бақылау басқармасының мамандары ең алдымен аудан көлеміндегі жалпы эпидемиологиялық жағдайды бақылайды. Жұқпалы және паразитарлық аурулардың, соның ішінде туберкулез, ЖРВИ және басқа да инфекциялардың таралуы­на мониторинг жүргізіп, ошақтарды анықтау және оларды жою шараларын ұйымдастырады. Халықтың денсаулығын қорғау бойын­ша тамақ өнімдерінің, ауызсудың, қоршаған ортаның (топырақ, ауа) қауіпсіздігін бақылайды. Басқарма мамандарының міндетіне инфекциялық аурулардың алдын алу мақсатында про­филактикалық егу (вакцинация) жұмыстарының жүргізілуін қадағалау және халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу де кіреді. Бұл қызметтермен қатар санитариялық-эпидемиологиялық қорытындылар беру, эпидемиологиялық маңыздылығы жоғары нысандарды есепке алуды жүргізеді. Мемлекеттік қызметкер ретінде басқарма мамандары санитариялық нормаларды бұзған жеке және заңды тұлғаларға қатысты әкімшілік шаралар қолданады. Қысқаша айтқанда, аудандық СЭББ аудандағы инфекциялық қауіпсіздікті және санитариялық талаптардың орындалуын басты назарда ұстайды.

– Аудан көлемінде өткен жылы жұқпалы аурулар бойынша эпидемиологиялық ахуал қалай болды?

– Ауданда өткен жылы тұрақты эпидемиологиялық ахуал қалыптасты. 66 нозология бойынша ауру тіркелген жоқ. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 11 нозология бойынша сырқаттанушылықтың төмендеуіне қол жеткіздік. Осы орайда профилактикалық екпелердің айрықша маңызын атап өту керек. Соңғы 15 жылда вакцинамен басқарылатын жұқпалы аурулардың, оның ішінде құрөзек, сіреспе, гемофильді инфекция, полиомиелит, паротит, пневмококк инфекциялары тіркелген жоқ. Егу шараларының нәтижесінде Құрөзек, Көкжөтел, Қызамық, «А» және «В» вирус­ты гепатиті аурулары тіркелмеді. Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, вакцина арқылы басқарылатын жұқпалы ауруларға қарсы профилактикалық екпелермен жалпы қамту көрсеткіші 92,2 пайызға жеткенмен, облыстық көрсеткіш 96,4 болып, төмен орындалды.

– Аса қауіпті инфекциялық ауру­лар туралы айтсаңыз, анық­талған дерек болды ма?

– Өткен жылы Конго-Қырым гемор­­рагиялық қызбасынан облыс­та эпидемиологиялық ахуал күрделі бол­ды деп айтуға негіз бар. Ал аудан бойынша нақтыланған 1 жағдай Қалжан ахун елді мекенінен тіркелді. Есепті кезеңде облыс бойын­ша 13 дерек, оның ішінде бір өлім жағдайы тіркелді. Қолайсыз деп танылған 11 ауыл бар. Мәселен, Аманкелді, Айдарлы, Тереңөзек кенті, Қалжан ахун, С.Сейфуллин, Қоғалыкөл, Шір­кейлі, Н.Ілиясов, Шаған, Ақ­жарма, Іңкардария елді мекен­­ін­де кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары екі кезең бойынша жүр­гізіліп, тиімділік көрсеткіші 98 пайыз болды. Туберкулез ауруының облыс бойынша 355 жаңа жағдайы тіркеліп, аурушаңдық 7,1-ге төмендесе, ауданда 13 жаңа жағдай тіркеліп, аурушаңдық көрсеткіші 34,2 құрады. Және тағы бір инфекциялық ауру ол – бруцеллез. Облыста бруцеллез ауруының 19 жағдайы есепке алынды. Ауданда бруцеллез ауруы тіркелген жоқ. Дегенмен бруцеллез ауруының алдын алу жұмыстары жыл көлемінде жүргізілуде.

– Аудан тұрғындарының тұ­ты­­нып отырған ауызсу сапасы туралы не айтасыз? Сынама­дан сәйкессіздік анықталды ма? Басқарманың маңызды ба­ғыт­та­рына тоқталсаңыз...

– Ауызсу сапасына тоқталатын болсақ, орталықтандырылған сумен жабдықтау объектілерінен микро­био­логиялық көрсеткіштерге 198 су сынамасы алынып, сәйкес еместілік анықталған жоқ. Сани­тариялық-хи­мия­­лық көрсет­кіштеріне 198 сынама алынса, оның 9-да сәйкессіздік анық­талды. Сай келмейтін сына­ма­лардың үлес салмағы 3,7 пайызды құрады. С.Сейфуллин ауылының ор­та­­­лықтандырылған ауызсу жүйе­сінен – 90%. Санитариялық-хи­мия­лық көрсеткіштер бойынша сәй­кес­сіздік көбіне құрғақ қалдық, хлоридтер бойынша нормадан жо­ғары анықталды. Сәйкес келмейтін үлгі­лердің бар­лық фактілері бойынша басқару ше­шімдерін қабылдау үшін жергілікті атқарушы органдарға және су пайдалану объектілерінің шаруашылық жүргізуші субъек­ті­леріне ақпарат жолданды. Су жүйесінде суды қайта айдау, залал­сыздандыру, жуу жұмыстары то­лы­ғымен жүргізілді. Аудандық сани­тариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының маңызды бағыттарының бірі – ішкі сауда нарығы айналымындағы өнімдер қауіпсіздігін бақылау. Осы мақсатта былтыр 22 сауда орындарынан 189 өнім сынамасы сатып алынды. Басым үлесі 159 пайыз – тағам өнімдері және 30 па­йыз – тамақ емес өнімдер. Жүргізілген сараптамалар нәти­жесінде, 34 үлгі техникалық регламент талабына сай келмеді. Атап айтқанда, таңбалануы бойынша сәйкессіздік анықталды. Сәйкес кел­меген өнімдерді алып қою және өткізуден кері қайтарып алу туралы жедел ден қою шараларын қолдану туралы қаулы 13 сауда дүкенге рәсімделді. 3 дана киім, 1 дана ойыншық және 2 келі 242 грамм, 7 литр 650 мл өнім сатылымнан алынды.

– Көпшілікке белгілі, был­тыр­ғы өзгерістің бірі – 1 қыр­күйектен бастап балабақша мен мек­тептерде, колледждерде жа­­ңа тамақтану стандарты іске қосыл­ды. Осы туралы нақты тар­қатып айтсаңыз...
– Басты өзгерістер – тұз мөлшері 5 есе, қант мөлшері 3,6 есе азайтылды. Көкөністер, жемістер және сүт өнімдерінің үлесі артты. Шұжық өнімдері, ысталған тағамдар мәзірден алынып тасталды. Тәтті сусындар орнына су, сүт, сүтқышқылды өнімдер мен компоттар ұсынылуда. Бұдан бөлек, «Жеуге жарамсыздық индексі» ұғымы енгізілді. Ол бала­ларға ұсынылған тамақтың талапқа қан­шалықты сәйкес келетінін бақы­лауға мүмкіндік береді. Егер көрсеткіш 30 пайыздан жоғары болса, мәзір түзетіледі. Оқу жылында «Жеуге жарамсыздық индексі» бағалана отырып, оның іске асырылу барысына мониторинг жүргізілуде. Мониторинг жұмыстары тұрақты жүргізіледі.

– Халықтың санита­рия­лық-эпи­де­миологиялық сала­мат­ты­лығы бағы­тында атқа­рылған мем­ле­кет­тік қызмет нәтижесі бойынша заң бұзу­шылықтар анық­талды ма?

– Халықтың санитариялық-эпиде­миологиялық саламаттылығы бағы­тында атқарылған мемлекеттік қыз­меттің 2 түрі бойынша 219 өтініш түсті. Оның 151 қанағаттандырылып, 68 рұқсат құжаттары берілді. Талдау көрсеткендей, жыл сайын мем­лекеттік қызмет алушылар саны артып келеді, өткен жылы 80 өтінішке өскен. Былтыр 50 нысанға тергеп тексеру жүргізілді. Нәтижесінде, 11 заң бұзушылық анықталып, 471840 теңге айыппұл, жоспардан тыс 23 тексеру жүргізіліп, бұзушылықтар анықталған жоқ. Айта кету керек, 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап мектептерде, балабақшаларда, лагерьлерде және балаларға арналған басқа да ұйымдарда бақылаудың жаңа тәртібі енгі­зіледі. Басты мақсат – әр бала үшін қауіпсіз, сау және жайлы ортаны қамтамасыз ету.

– Жаңа тәртіп енгізілгеннен не өзгереді?

– Жоспарлы тексерулер енді екі санат бойынша жүргізіледі. Жоғары қауіп – кем дегенде жарты жылда бір рет тексеру. Төмен қауіп – жылына бір реттен артық емес. Бұл ретте тексерілетін объектілердің тізімі ата-аналар мен қоғамға қандай меке­мелердің бақылаудан өтіп жат­қанын көруі үшін ашық жарияланады. Объектілерге бару арқылы жүргізілетін мониторинг бақылаудың жаңа форматы бұзушылықтарды жедел анықтауға мүмкіндік бере­ді. Мектептердің оқу жылына, лагерьлердің жазғы маусымға және медициналық мекемелердің эпи­де­миялық сынақтарға дайын­дығын бағалау үшін Мемлекет басшысының, Үкіметтің және Ден­саулық сақтау министрлігінің тапсырмалары бойынша тексерулер жүргізіледі. Ең маңыздысы, алғашқы тексеруде айыппұлдар қол­данылмайды. Ұйымдар кем­шіліктерді түзетуге мүмкіндік алады. Сондай-ақ сани­тариялық дәрі­герлердің өкі­лет­тілік­тері кеңей­тіледі. Бас мем­лекеттік сани­тариялық дә­рігерлер жүйелі бұзу­­шылықтарды жоюды талап етеді, нұсқамаларды жергілікті және мемлекеттік органдарға жіберіп, қауіп­сіздік стандарттарын арттыруда меке­мелерге қолдау көрсете алады.

– Биыл қандай ма­ңызды ба­ғыттарға басымдық беріледі?

– Ең алдымен халықтың сани­тариялық-эпидемиологиялық сала­мат­тылығы саласында көрсетілетін мем­лекеттік қызметтердің сапасын арттыруға басымдық беріледі. Сондай-ақ табиғи ошақ – Конго Қырым қанды гемморагиялық қыз­басының алдын алу шараларын қар­қындату маңызды. Білім беру мен тәр­биелеу объектілерін, қоғамдық тамақтану орындарын санитариялық-гигиеналық талаптарға сәйкестендіру жұмыс­тарын күшейту назарда болады. Басқарма мамандары ауру­шаңдықтың алдын алу және абайсызда уланудан болатын өлім-жітім көрсеткіштерін төмендету үшін өнді­рістік объектілердің жұмыс орын­­дарындағы қызметкерлердің еңбек жағдайын бақылауда ұстай­ды. Көрсетілетін мемлекеттік қыз­меттердің сапасын арттыру, тех­никалық регламент талаптарына сәйкес келмейтін өнімге қатысты бақылауды күшейту, сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-шараларды жүр­гізуде кемшілік болдырмау басты міндетіміз.

– Сұхбат бергеніңізге рақмет!


Әңгімелескен
Бибісара ЖАНӘЛІ
28 наурыз 2026 ж. 90 0