Отырар алқабының тарихи-мәдени мұрасы таныстырылды
«Руханият орталығындағы» аудандық тарихи-өлкекетану музейінде «Музей TOUR: экспонаттар экспедициясы» кешенді жобасы аясында «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының «Отырар алқабының қалалық мәдениеті және тарихи-мәдени мұрасы» атты көшпелі көрмесінің салтанатты ашылуы өтті. Көрменің ашылу рәсіміне ардагерлер, мекеме қызметкерлері, оқушылар, музей мамандары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сала ардагерлері Жәнібек Маханбет, Марат Омаров сөз сөйлеп, ежелден жеткен жәдігерлердің көзі – рухани бай мұра екенін айтты.
Сырдария мен Арыс өзендерінің бойында орналасқан Отырар алқабы көне заманнан бері отырықшы мәдениет пен қалалық өркениеттің ірі орталығы ретінде қалыптасқан. Бұл өңір әлемге әйгілі Әбу Насыр әл-Фарабидің туған жері, Арыстан баб мәңгілік тыныс тапқан қасиетті мекен ретінде белгілі. Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Отырар ортағасырлық Шығыстың ірі саяси, мәдени және сауда орталығы болды.
Археологиялық зерттеулер нәтижесінде, Отырар алқабында дамыған қалалық мәдениет болғаны дәлелденіп, бүгінде мұнда 200-ден астам тарих және мәдениет ескерткіштері есепке алынған.
– Көрменің мақсаты – Отырар алқабының сан ғасырлық қалалық мәдениеті мен тарихи-мәдени мұрасын кеңінен таныстыру, өңір тұрғындарының тарихи танымын арттыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жас ұрпақтың отансүйгіштік рухын нығайту. Көрме аясында аталған тақырып бойынша экскурсиялар ұйымдастырылып, Отырар алқабындағы қалалық өмір, тұрмыс, егіншілік, қолөнер, сауда-саттық және мәдени байланыстарға арналған экспозициялар ұсынылды. Келушілер назарына Отырар алқабының қалалық мәдениеті, тұрғындардың күнделікті тұрмысы, егіншілік, қолөнер, сауда қатынастары мен рухани өміріне қатысты археологиялық жәдігерлер ұсынылды, – дейді музей директоры Салтанат Қуандықова.
«Сұлу Сыр мен әсем Арыстың түйіскен жерінде қоныс тепкен Отырар – қазақ өркениетінің алтын діңгегі» дегендей, Отырардың топырағын түртсең, тарихы сөйлейтін, қыдыр дарып, бақ қонған өлке. Ықылым заманнан мәдениет пен өнердің, ынтымақ пен бірліктің сарқылмас көзі болып келе жатқан Отырар – Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан ірі саяси-мәдени, ғылыми-сауда орталығы болған. Әлем таныған ұстаз Әбу Насыр әл-Фарабидің дүниеге келген жері, Қожа Ахмет Яссауидің ұстазы Арыстан бабтың, Әмір Темірдің ақырғы демін алып Аллаға аманатын тапсырған жері.
Отырар алқабы – Қазақстанның оңтүстігінде, қазіргі Түркістан облысының аумағында орналасқан ортағасырлық қалалық мәдениеттен мол мағлұматтар беретін оазис. Ежелгі заманнан-ақ бүкіл батыс пен шығысқа кеңінен танымал Үнді, Қытай, Парсы, Византия, Еуропа және т.б. мемлекеттермен үнемі ғылыми, мәдени, экономикалық, дипломатиялық байланыстарда болып, қалаларында ғылым мен мәдениет, сауда мен өндіріс, далаларында егін мен мал шаруашылығы қатар дамыған аймақ. Отырар алқабындағы Арыс пен Сырдария өзендері жергілікті халықтардың өмірінде ерекше орынға ие. Отырар алқабының тұрғындары өзендерден арық- каналдар қазып, қалалар мен елді мекендерді сумен қамтамасыз етіп, егістіктерді суландырған. А.Бернштам «Отырар Арыстың Сырдарияға құяр тұсында, Бөгенге жақын орналасқандықтан, қолайлы позицияда тұр және жер суару үшін суы жеткілікті» деп Отырар алқабының егін шаруашылығына және саяси-экономикалық жағынан қолайлы екенін атап өткен.
Зерттеушілер Отырар алқабының аумағындағы ескерткіштердің шоғырлануы мен ирригация іздеріне қарап «Арыс өзенінің төменгі ағысы, Арыс өзенінің Сырдария өзеніне қосылар аймағы, Сырдария өзенінің орта ағысының екі жағалауын және Бөген өзенінің төменгі ағысы бойындағы жерлерді Отырар алқабының аумағы деп есептейді.
Отырар алқабы көне заманнан-ақ адам баласының тұрмыс-тіршілігіне қолайлы болғандықтан бұл жерге адамдар ерте дәуірлерден қоныстанып, көптеген қалалар мен елді мекендер салған. Алқап аумағында жүргізілген зерттеулер нәтижесінде ел аумағындағы дамыған отырықшы мәдениеттің бірі екендігі анықталды. Бүгінгі күні Отырар алқабында 202 тарих және мәдениет ескерткіші анықталған. Олардың қатарында Отырартөбе, Құйрықтөбе, Алтынтөбе, Пышақшытөбе, Көк-Мардан, Күйік-Мардан, Жалпақтөбе, Қоңыртөбе, Оқсыз секілді қалажұрттар, сауда-қолөнер орталықтары, Арыстанбаб, Найман әулие және т.б. қорым-зираттары, архитектуралық ескерткіштері, алқаптың суландыру жүйелерінің ескі орындары анықталып, есепке алынған.
Осы күні музейге келушілер Отырар алқабының бойына сан мыңдаған жыл бойына жасырған бай мәдениеті мен әлемдік өркениетте алған орны туралы біліп танысты. Әсіресе табылған жәдігерлер коллекциясы, соның ішінде қыш, шыны, керамика, қола, мыс, жезден жасалған ыдыстар мен әшекей бұйымдар, алтын көмбелерден табылған теңгелер келушілерді қызықтырды.
Бибісара ЖАНӘЛІ











