Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Музей түніндегі мәңгілік үн

Музей түніндегі мәңгілік үн

«18 мамыр – Халықаралық музей күніне» орай ауданда ерекше мәдени іс-шара, «Музей түні – 2025» өтті. Бұл тарих пен өнер әлеміне жаңа қырынан көз тастауға мүмкіндік берді. Музей – ұлттың рухани байлығына деген шынайы ықыластың нақты көрінісіне айналғанын тұрғындар сезіне алды. Салтанатты кешке аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев қатысты.

Кешкі уақыттан бастап аудан­дық тарихи-өлкетану музейінің есігі тұрғын­дарға ашық болды. Музей ішін­дегі әрбір зат – өткен мен бүгіннің үнсіз сұхбатына айналды. Жергілікті тұрғындар мен қонақтар, ұстаздар мен оқушылар, зиялы қауым өкілдері музей түніндегі көрмелер мен арнайы бағдарламаларға белсенді қатысты. Іс-шараны аудан әкімінің орынбасары Талғат Мейрамханұлы ашып, көрмеге қатысты. Музей саласымен тығыз байланыста жұмыс істейтін қолөнер шеберлері мен сала қызметкерлерін мерекемен құттықтап, аудан әкімінің «Алғыс хатын» табыстады.

– Бүгін елімізде түрлі бағыттағы тарихи-өлкетану, өнер, әдебиет, археология және этнография салаларын қамтитын музейлер жұмыс істейді. Әр музей – халқымыздың бай мұрасын жинақтап, болашақ ұрпаққа табыс­тау жолында тынымсыз еңбек етіп келе жатқан мәдени ошақ. Осы салада табанды еңбек етіп жүрген музей қызметкерлерінің еңбегі аса қадірлі. Олар тарихтың тынысын тірілтіп, ұмыт болған дүниелерге жан бітіріп, келушілерге өткеннің өнегесін насихаттаушы, шынайы мәдениет елшілері. Зерттеу, қалпына келтіру, сақтау, экспозициялау – бұл қызметтің әрбір бағыты үлкен жауапкершілікті талап етеді. Халықаралық музей күнімен барлық қолөнер шеберлері мен музей саласының мамандарын құттықтай отырып, ел руханиятына қосып жатқан өлшеусіз еңбектеріне алғыс білдіреміз! Ұлттың өткенін ұмыттырмай, бола­шағына бағдар беріп келе жатқан еңбектеріңіз әрдайым құрметке лайық, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Музейге келген әрбір адам өз тарихымен қауышады. Ата-бабасының ұстаған бұйымын, тұтынған затын, жазған хатын көрген сәтте іште ерекше бір толғаныс сезім болары анық. «Ашық есік» күні аясында қолөнер көрмелері, оның ішінде ағаш ұстасының, тігіншінің, темір ұстасының, өрнек шеберінің туын­дылары жұртшылыққа ұсынылып, мерекелік іс-шараның мазмұнын аша түсті. Тарихқа көз жүгірту мақсатында археологиялық қазба жұмысы барысы бейнеленіп, көрініс жасалды. «Ақынын ұлықтаған ел азбайды» деген бағдарламада оқушылар жергілікті ақындардың өлеңдерін оқып, «Этно ауыл» көрмесі аясында «бесікке салу» рәсімі орындалды. «Рәміздер – мақта­нышым» атты тақырыпта оқушылар мен қонақтар арасында викториналық сұрақтар қойылып, белсенді қатысушыларға сый-сыяпат табыс­талды. Сонымен қатар, «Музейге сый» акциясы аясында өткізілген экспо­наттардан көрме ұйымдастырылып, қонақ­тарға таныстырылды. Осындай көп­теген тақырыптар арқау етіліп, «Музей түні» ерекше есте қаларлықтай өтті.

– Халықаралық музей күні аясында өткен бұл іс-шара қонақтарға әрбір музейдің, әрбір көрменің, әрбір ескі бұйымның тірі тарихтың үнін жеткізетініне көзін жеткізді. Ұлттың мәдени мұрасы мен шығармашылық жаны әрқашан жалғасып, мәңгілік үн болып естіліп тұрары анық. «Музей түні» – аудан өміріндегі айтулы мәдени оқиға ретінде есте қалары белгілі. Бұл тарихқа құрмет, болашаққа бағдар. Ал музей – өткеннің аманатын арқалаған, келешекке шамшырақ ұстаған киелі орын екенін халық сезіне білді деп ойлаймын, – дейді аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Салтанат Қуандықова.

Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ

20 мамыр 2025 ж. 175 0