Топ-баннер
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Еуроодақ елшілері Бесарық ауылында

Еуроодақ елшілері Бесарық ауылында

Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі Алешка Симкич және оған мүше 17 мемлекеттің Қазақстандағы елшілері Бесарық ауылының кәсіпкерлік және инвестиция бағытындағы жұмыстарымен танысты.

Сапар барысында Бесарық елді мекеніндегі «Абай-Дәулет» ЖШС бастамасымен іске асырылған “Фри” өндіру зауытының жұмысын көрді. Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» жобасы аясында ашылған наубайхана, кондитерлік цех және жартылай дайын өнімдер өндіру цехымен танысты.

Бұдан бөлек, ауыл кәсіпкерлері жүзеге асырып жатқан жұмыс қолғабы, шұлық, пластик ыдыстар, сабын, ағаш бұйымдары өндірісі секілді шағын және орта бизнес нысандарының жұмысы көрсетілді. Аталған жобалар ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға, жергілікті экономиканы әртараптандыруға және өңірдің инвестициялық жобаларды арттыруға бағытталған.

Іс-шара барысында делегация «Адал адам» мәдени орталығында болып, орталық қызметімен және арнайы ұйымдастырылған көрмемен танысты. Көрмеге аудандық музей қорындағы құнды жәдігерлер қойылып, өңірдің тарихи-мәдени мұрасы кеңінен насихатталды. Сондай-ақ, қолөнер шеберлері Ж.Маханбет пен Қ.Бисенбаевтың туындылары көпшілік назарына ұсынылды.
Делегация мүшелері Бесарық ауылында жүзеге асырылып жатқан өндірістік жобалардың өзара үйлесімді дамуын жоғары бағалап, мұндай кешенді бастамалардың ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне тың серпін беретінін атап өтті.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

22 ақпан 2026 ж. 37 0