Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәсіпкерлермен кездесті

Кәсіпкерлермен кездесті

«AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев, Сенат депутаты Наурызбай Байқадамов және партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов ауданға қарасты Бесарық ауылында болып, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша кәсіптерін бастаған кәсіпкерлермен кездесті.

Меймандарды ауыл әкімі Дәулет Сәрсенбаев пен «AMANAT» партиясының аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы күтіп алып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуының басым бағыттарын таныстырды. Аймаққа сапары барысында партия хатшысы Ержан Жұматұлы «Ауыл аманаты» жобасының шапағатын кәсіп ашуға ынталы азаматтардың барлығы сезінуі керектігін жеткізді.

Бесарықта «Абай-Дәулет» серіктестігінің бастамасымен фри зауыты, партияның «Ауыл аманаты» жобасымен наубайхана, кондитерлік және жартылай дайын өнім цехтары, жұмыс қолғабы, шұлық, плас­тик ыдыстар, сабын, ағаш бұйымдары өндірістері жұмысын жасауда. Сондай-ақ тұрғындардың сұранысына ие «Қызылорда» супермаркеті мен «Помидор» дәмханасы да қызмет көрсетуде. Бұнда жергілікті өнімдер нарық бағасынан төмен бағада сатылуда. Сәйкесінше сұраныс та жоғары. Сонымен қатар, ауылда басқа да салалар қарқынды дамуда. Бұған «Абай-Дәулет» серіктестігі үлкен қолдау білдіруде. Соңғы жылдары аталған серіктестік ауылды көркейту, көгалдандыру, күрделі жөндеу жұмыстарына 730 млн теңгеден астам қаржы бөлді. Шаруашылық есебінен ауыл әкімдігі, мектеп, балабақша, мешіт ғимараттары күрделі жөндеуден өткізілді.

– Биыл 642 млн теңгеге орталық алаңға қайта жаңғырту жүргізіліп, мәдениет үйіне күрделі жөндеу жасалды. Соның негізінде жергілікті тұрғындардың, жастардың уақытын тиімді өткізу үшін «Адал адам» мәдени орталығы ашылды. Бұнда кино залы, кітапхана, студия және түрлі үйірмелер жұмыс жасауда. Жалпы ауылдың абаттандырылуы жыл бойы жүргізіліп келеді. Біздің басты мақсатымыз – ауылды өркендету, – деді ауыл әкімі Дәулет Абайұлы.

«Тт» ақпарат
05 қараша 2024 ж. 70 0