Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Дүниежүзілік сайлау күні – халық билігінің айқын көрінісі

Дүниежүзілік сайлау күні – халық билігінің айқын көрінісі

Дүниежүзілік сайлау күні жыл сайын ақпан айының алғашқы бейсенбісінде аталып өтеді. Бұл күн Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен бекітіліп, сайлау институтының маңызын арттыруға, азаматтардың саяси белсенділігін күшейтуге және демократиялық құндылықтарды дамытуға бағытталған.

Сайлау – мемлекеттің дамуы мен халықтың еркін білдіретін басты тетік. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау жүйесінің әділ әрі ашық болуы елдегі тұрақтылық пен сенімнің негізі екенін атап өтті. Мемлекет басшысы өз сөздерінде «Әділ сайлау – әділетті қоғам құрудың басты шарты» екенін ерекше мәнмен жеткізді.

Жуырда Сыр өңірінде өткен Ұлттық Құрылтай отырысында Президент азаматтардың саяси мәдениетін көтеру, халықтың шешім қабылдау үдерісіне қатысуын кеңейту мәселелеріне арнайы тоқталды. Құрылтай мінберінен айтылған ойлар елдегі реформалардың түпкі мақсаты – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын жүзеге асыру екенін айқындайды. Бұл ұстаным сайлау институтының рөлін одан әрі күшейтіп, әрбір азаматтың дауысы маңызды екенін көрсетеді.

Демократиялық қоғамда сайлау тек рәсім емес, ол – жауапкершілік пен сенімге негізделген саяси мәдениет. Сондықтан жастардың сайлауға саналы түрде қатысуы, құқықтық сауаттылықтың артуы – мемлекет дамуының кепілі.

Елімізде Дүниежүзілік сайлау күні аясында түрлі түсіндіру және ағартушылық шаралар ұйымдастырылады. Бұл бастамалар Президент көтерген ашықтық, заң үстемдігі және азаматтық жауапкершілік қағидаттарымен толық үндеседі.
Қорытындылай келе, Дүниежүзілік сайлау күні – демократиялық дамудың мәнін терең түсінуге мүмкіндік беретін маңызды күн. Әрбір азамат өз таңдауына жауапкершілікпен қарағанда ғана әділетті әрі тұрақты қоғам қалыптасады.

Осы орайда аудан тұрғындарының кез келген саяси науқанға зор жауапкершілікпен атсалысатынын айтып өту орынды. Қазыналы қарттарымыз бастап, халық алдында жүрген ел азаматтары отбасыларымен келіп, сайлаудың ашық өтуіне атсалысады.

Аудандық сайлау комиссиясы халық үдесінен шығып, сайлаудың ашық өтуіне әрі оң шешім қабылдануы жолында жүйелі жұмысын жалғастыра береді. Біздің қоғамда сайлау – мықты азаматтық қоғамы бар демократиялық құқықтық мемлекеттің ажырамас атрибуты.


Ермек ШАЙЛАН,
Сырдария ауданының аумақтық
сайлау комиссиясының төрағасы
Фото: Ашық дереккөзден
27 қаңтар 2026 ж. 24 0