Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 5 жылда 1 млн адам: ЖИ дағдысына оқыту бастамасы қалай іске асырылып жатыр

5 жылда 1 млн адам: ЖИ дағдысына оқыту бастамасы қалай іске асырылып жатыр

ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына жауап бере отырып, елімізде «ЖИ-қозғалыс» бастамасы қалай жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді. KAZINFORM 

– Қазақстанда «ЖИ-қозғалыс» бастамасын іске асыру жалғасып жатыр. Бес жыл ішінде біз 1 миллион азаматқа жасанды интеллект дағдыларын үйретеміз. Бағдарлама барлық нысаналы топтарды қамтиды және жасанды интеллектімен жұмыс істеудің негізгі дағдыларын қалыптастыруға бағытталған, – делінген министрліктің жауабында.

Бұл бастама аясында оқушылар мен студенттерге арналған кең ауқымды білім беру бағдарламалары іске қосылған.

– Оқушылар мен студенттер үшін TUMO, Tomorrow School, AI Sana және AI OLYMP бағдарламалары, сондай-ақ Day of AI бастамасы енгізіліп жатыр. Бұл бағдарламалар жасанды интеллект саласындағы базалық және тереңдетілген білімді меңгеруге, сондай-ақ цифрлық дағдыларды дамытуға бағытталған, – деп нақтылайды министрлік.

Сонымен қатар мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор да бұл процестен тыс қалмаған.
– Мемлекеттік қызметшілер үшін AI Qyzmet бағдарламасы жұмыс істейді. Бағдарлама аясында мемлекеттік аппарат қызметкерлері жасанды интеллектіні күнделікті жұмыс процесінде қолданудың негізгі сценарийлерін меңгереді. Квазимемлекеттік секторда AI Corporate бағдарламасы іске қосылады, – деп көрсетілген ресми жауапта.

Министрлік мәліметінше, жасанды интеллект саласындағы білім беру тек тар аудиториямен шектелмейді.
– Ауқымды аудитория үшін Tech Orda, QazCoders және Yandex курстарын қоса алғанда, онлайн-курстар мен акселерациялық бағдарламалар қолжетімді. Бұл бағдарламалар қазақстандықтарға сұранысқа ие IT-мамандықтарды меңгеріп, цифрлық салада мансап бастауға мүмкіндік береді, – делінген хабарламада.

Фото: naryk.kz


08 қаңтар 2026 ж. 296 0