Саяси реформалардың тиімділігін халық сезінуі керек (әкімдердің диалог-платформасы туралы ой-пікір)
Өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Астана қаласында ауыл әкімдерінің алқалы жиыны өтті. Бұрын-соңды болмаған мұндай саяси мәні зор, үлкен масштабтағы жиынға тұңғыш рет еліміздің барлық өңірінен 2500-ге жуық әкім қатысып, Президентпен кездесті. Жиынды «AMANAT» партиясы Президент Әкімшілігімен, Үкіметпен бірлесе ұйымдастырды.Ауылдарды дамыту – стратегиялық міндет
Ақпарат ретінде айта кетейік, Астанадағы жиынға аудан әкімінің тапсырмасымен Сырдария ауданынан он әкім қатысты. Олар – Тереңөзек кентінің әкімі Ержан Бахтияров, Айдарлы ауылының әкімі Нұрбол Жұмабеков, Аманкелді ауылының әкімі Зейнұр Жаманқұлов, Қоғалыкөл ауылының әкімі Бақытжан Рахымбеков, Шіркейлі ауылының әкімі Талғат Құламқадіров, Н.Ілиясов ауылының әкімі Сағдат Нұрмағанбетов, Ақжарма ауылының әкімі Ерлан Ешмұратов, Іңкәрдария ауылының әкімі Сәулет Есдәулетов, Қалжан ахун ауылының әкімі Мақсұт Қаратаев және С.Сейфуллин ауылының әкімі Бекзат Қыдырбаев. Әкімдер елордада екі күн бойы әріптестерімен тәжірибе алмасып, ой-пікір бөлісіп, білімі мен біліктілігін жетілдіріп, бірнеше топқа, бағытқа бөлінген панельдік сессияларға қатысты. Ең алдымен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен жиынның негізгі бөлігі өтіп, Президент жиынның мән-маңызына ерекше тоқталып, атқарылған жұмыстар мен алдағы мақсат-міндеттер туралы сөз сөйледі.
«Шын мәнінде, тақырып – өте өзекті. Ауылдың жағдайы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Әкім – ең алдымен, халықпен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік қызметші. Бұл – өте жауапты жұмыс. Ауыл әкімі ауылдың болмысын, ауылдағы ағайынның өмірін жете түсінетін нағыз іскер маман болуы керек» деп бастады Президент өз баяндамасын.
Негізі 2019 жылдан бері елімізде ауқымды саяси реформалар жүргізілуде. Президенттің пайымдауынша, елдегі түбегейлі өзгерістердің құқықтық негізі қалыптасты. Соның аясында саяси үдерістерді жаңғыртуға арналған 20-ға жуық арнайы заң қабылданды. Жалпыхалықтық референдум арқылы Ата Заңымызға түзетулер енгізілгені бөлек тақырып. Сәйкесінше Парламенттің құзыреті кеңейді және атқарушы биліктің жауапкершілігі күшейді. Сондай-ақ саяси партиялардың рөлі артып, жұмысы жандана түсті. Партияларды тіркеу талаптары едәуір жеңілдеп, нәтижесінде Мәжілістегі саяси партиялардың саны көбейді.
Елдегі сайлау саяси партиялардың аймақтардағы жұмысына тың серпін берді. Оның ішінде «AMANAT» партиясының да жұмысы жанданып, партияның сайлауалды бағдарламасы сәтті жүзеге асып, партиялық жобалар аясында ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып, саяси маңызды құрылым өз кандидаттарын аудан, кент, ауыл әкімі лауазымына ұсынып, қолдау білдіруде. Мәселен, ауданымызда 2023 жылғы 5 қарашада сайлау өтіп, қазіргі аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы Сәрменбаев «AMANAT» партиясы атынан ұсынылып, халықтың сенімі мен қолдауына ие болып, жеңіске жетті. Бүгінде Тереңөзек кенті мен ауданға қарасты барлық ауылдық округтердің әкімдері түгел «AMANAT» партиясының мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының белсенділері. Ал депутаттық корпусқа келер болсақ, аудандық мәслихаттың 12 депутатының 11-і – біздің партияластарымыз. Олар Фракция мүшесі ретінде 2025 жылдың басынан бүгінгі күнге дейін 132 депутаттық сауал жолдады. Сауалдардың басым көпшілігі аудан әкіміне және аудан әкімінің орынбасарларына, дербес бөлімдердің басшыларына, кент және ауылдық округі әкімдеріне жолданған. Бүгінде 132 сауалдың облыс және аудан әкімінің қолдауымен 73-і толық орындалса, 51-і орындалу үстінде. Ал 8 сауалдың шешілу жолдары қарастырылуда. Фракция мүшелерінің атқарып жатқан жұмысы, депутаттық сауалдарының мазмұны мен сапасы, өзектілігі Фракция отырыстарында талқыланып, депутаттардың есебі тыңдалып келеді. Сондықтан Мемлекет басшысының қоғамдық тірегіне айналған «AMANAT» партиясы саяси мәні бар өзгерістер мен реформалардың бел ортасында жүр, оның тиімділігін халық сезінуде деп нық сеніммен айта аламыз.
Астанадағы жиында Президент аудан әкімдерін сайлауға қатысты әртүрлі көзқарас бар екенін ашық айтты. Себебі, бірқатар қоғам қайраткері мен белсенді азаматтар «аудан әкімдерін сайлау қажет пе, жоқ па» деген мәселені қайта қарауды ұсынуда. Бұл мәселені Ерлан Саиров, Альберт Рау, Мархабат Жайымбетов бастаған депутаттар да көтергенін жақсы білеміз. Олар елде сайлау тым көбейіп бара жатқанын, жұрт саяси науқандардан мезі бола бастағанын айтуда. Негізі сайлау науқандары жергілікті жерде жүргізілуге тиіс нақты жұмыстарға кедергі келтіруі мүмкін деген пайымдар да бар. Статистикалық ақпараттарға сүйенсек, осыған дейін аудан әкімдерін сайлау тәсілі арқылы барлығы 52 әкім сайланды. Президент енді аудан әкімін сайлаудың тиімді-тиімсіз тұстарын мұқият саралау керектігін айтып, Үкімет және Парламент депутаттары осы мәселені жан-жақты қарап, әділетті, дұрыс шешім қабылдауы қажет екенін жеткізді. Ең бастысы, әрбір реформа салмақты көзқараспен, байыппен жасалуы керек.
Ауыл әкімдерінің өкілеттігі күшейеді
Ауыл әкімдерінің диалог-платформасында Президент ауыл әкімдерінің өкілеттігін күшейтуді тапсырды. «Бірақ мұны халыққа пайдасы тиетіндей мұқият ойластырып іске асырған жөн. Соңғы жылдары жергілікті билік органдары кезең-кезеңімен қосымша өкілеттікке ие болып, олардың дербестігі арта түсті. Бұл – менің нақты ұстанымым» деді Мемлекет басшысы.
Бірер ай бұрын Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Сыр еліне келген сапарында ауданымызда болып, аудан активімен, аудандық мәслихат депутаттарымен кездескен болатын. Сонда «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңға енгізілетін түзетулер қарастырылып жатқанын айтқан еді. Аталған нормалар әкімдерге көше саудасына мониторинг жүргізуге, қоғамдық аумақтарды абаттандыруға, арнаулы техникалар сатып алуға қатысты өкілеттіктер беруді көздейді. Дегенмен саясаттанушылардың пікірінше, бұл заңнаманың екіұшты тұстары да бар. Мәселен, әкімдерге жергілікті деңгейдегі басқару органдарының жұмысына оң ықпал етуге нақты мүмкіндік берілмейді. Бұл туралы мемлекеттік қызмет саласында ұзақ жылдардан бері еңбек етіп келе жатқан Іңкәрдария ауылдық округінің әкімі Сәулет Есдәулетов де ашық айтады.
– Астанадағы жиында Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданына қарасты Вагулин ауылдық округінің әкімі Ирина Шишкина ауыл әкімдерінің мемлекеттік дерек қорына қолы жетпей отырғанын айтты. Бұл – өте өзекті. Жұмыс барысындағы осындай кемшіліктердің салдарынан біз кей тұрғындардың талап-тілегін орындай алмаймыз. Ашығын айтқанда, кейбір жағдайда дәрменсіз күйде боламыз. Оның үстіне жергілікті мемлекеттік басқарудың түрлі деңгейлері арасындағы жауапкершілік шегі анықталмаған. Ауыл әкімдерінің өкілеттіктері айқын болуы керек деп санаймын. Заңнамалық түзетулерді талқылаған кезде депутаттарға осы жайттарды ескеруді ұсынамын. Мұнан бөлек әріптестеріміз жиында функционалдық міндетіне кірмейтін қызметтерді қоса атқару жүктелгені жөнінде айтты. Шын мәнінде, ауыл әкімдері құқық қорғау органдарының құзыретіне жататын міндеттерді неге атқаруға тиіс?! – дейді Сәулет Есдәулетов.
Әкімдік қызмет жүйесінде тәжірибесі мол азаматтың айтуы орынды. Расында да Үкімет Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, аудан және ауыл әкімдерінің құзыретіне жатпайтын, қайталанатын және жетіспейтін өкілеттіктерін анықтау мақсатында жағдайға егжей-тегжейлі талдау жүргізуге тиіс. Президенттің «Бір ай ішінде оларды түзету, жою немесе жергілікті мемлекеттік басқару сатылары арасында қайта бөлу туралы ұсыныс енгізуді тапсырамын» деуі бекер емес.
Мемлекеттік қызмет жүйесіндегі ауыл әкімдерінің мәртебесі туралы мәселені айналып өте алмаймыз. Бұл да – өте өзекті дүние. Мемлекеттік қызметшілердің санаттарын нақты белгілеу керек. Ауыл әкімдіктерінің қызметкерлерін қолдауға ерекше көңіл бөлген жөн. Әкімдіктерде, әсіресе, ауыл әкімдіктерінде бұрын жұмыс істеген немесе қазір де еңбек етіп жүрген азаматтар мұны мемлекеттік қызметшінің нағыз өмір мектебі деп бекер айтпайды. Бұл баршаға түсінікті. Өйткені әкімдік қызметкерлері билік пен бұқара арасында сенімді әрі сындарлы диалог жүргізуді меңгеріп, нағыз басқару машығын жетілдіреді. Сол себепті ауыл әкімдіктері қызметкерлерінің жұмыс істеуіне, олардың кәсіби тұрғыдан өсуіне жағдай жасау маңызды.
Жауапкершілік жүгі артпаса,
азаймайды
Бүгінде жаһандық сын-қатерлер мен халықтың талап-тілегі күн санап өзгеріп, түрленуде. Сондықтан өзгерістерге толы кезеңде әкімдердің жауапкершілік жүгі артпаса, азаймасы анық. Бірақ қазіргі қолданыстағы «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңда әкімнің сайлаушылар алдындағы жауапкершілігін нақтылайтын норма жоқ. Біз, «AMANAT» партиясы әкімдер тұрғындарға сайлау алдындағы бағдарламасының орындалуы туралы жиі есеп беруі тиіс деген ұстанымдамыз. Партияның бұл ұстанымы Президенттің көзқарасымен ұштасады. Сол себепті Қ.Тоқаев «...уәдесін орындамайтын, міндетін дұрыс атқармайтын ауыл басшысын қызметінен босату тетіктері қарастырылуы қажет. Ондай әкімдер халықтың талабымен немесе саяси партиялардың ұсынысымен жұмыстан шығарылуға тиіс. Осындай шаралар әкімдердің есептілігін күшейтеді» деп атап өтті.
Шын мәнінде, аманат арқалап, тәуекелге бел буып, әкімдік қызмет атқаруға кіріскен әр азамат қоғам мен басшылық алдындағы жауапкершілікті терең сезінуі керек. «Елге қызметтің үлкен-кішісі болмайды» деп академик, ғалым Мұхтар Абрарұлы атап өткендей, ауыл әкімі әр жұмысқа мұқият мән бергені жөн. Әрине халыққа құрметпен, шыдамдылықпен, түсіністікпен қарап, азаматтармен ашық әңгіме жүргізудің маңызы зор. Қазір халықтың саяси сауаты артты дегенімізбен мәселенің түйінін терең түсінбейтіндер баршылық. Президент барды бар, жоқты жоқ деп айтып, барлық мәселені мүмкіндігінше өз деңгейінде шұғыл және сапалы шешуге дағдылану керектігін жеткізді. Бірақ бұл міндетті атқару үшін жергілікті әкімдердің қолында тиісті құзыреті болуы керек. Атқарылып жатқан жұмыстың мән-жайын үнемі жұртқа түсіндіріп отырған жөн.
Еске салар болсақ, Мемлекет басшысы жақында «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл – әрбір мемлекеттік қызметшінің, әсіресе әкімдердің жұмысына бағдар беретін өте маңызды құжат. Бірақ осы маңызды құжатты оқымаған, білмейтін, таныспаған әкімдер болуы мүмкін. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Салмақты саясаттың қағидаттары» атты мақаласын әр әкім оқып, тарихи тұжырымдама мен жаңа құндылықтар жүйесін, цифрлық этика мәселесін, жүйелі қадам мен тың тәсілдердің тиімділігін елеп-екшеуі керек. Бір сөзбен айтқанда, әкім адам идеолог болуы қажет. Сонда ғана артылған аманат пен жүктелген жауапкершілік жүгі абыройға бастайды. Қолға алған бастамалар оң нәтижесін береді.
Бюджеттің кіріс бөлігі көп мәселені шешеді
Жасыратыны жоқ, елімізде «ауылдарды дамыту керек» деген жақсы мақсат-мұрат бар, бірақ ауыл бюджетіне мән бермейтін тұсымыз да жоқ емес. Мысалы, ауыл бюджетінің мәселесі. Қаржыгерлер жақсы біледі, соңғы өзгерістерге сәйкес, төртінші деңгейлі бюджет аясында ауылдарға салық пен төлемдердің 25 түрі берілді. Алайда ауылдық округтер аудан мен облыстың қаржылай қолдауынсыз әлеуметтік-экономикалық көп мәселелерді шеше алмайды. Себебі, бюджеттің мүмкіндігі жетпейді. Сосын ғой «кезең-кезеңімен атқарамыз» деген сөздің жиі айтылатыны.
Қарапайым тілмен айтқанда, кей кәсіпорындар ауылдық округтарда пайда табады, жергілікті тұрғындардың еңбегін қолданады, бірақ салықты өздері тіркелген аудан немесе қала бюджетіне төлейді. Бұл туралы Президент өз ойын бүкпесіз айтып, нақты тапсырма берді. «Үкімет бұл қағидатқа теңгерімді тәсіл қолдану мүмкіндігін қарастырғаны дұрыс болар еді. Қанша дегенмен жергілікті жерлерге де қандай да бір кіріс түсуі қажет. Яғни «салықты жұмыс істейтін және табыс табатын жерде төле» қағидатын іске асырған жөн. Үкіметке берілген тапсырма түсінікті: кем дегенде кірістің бір бөлігі жергілікті жерде қалуға тиіс» деп нақтылады Мемлекет басшысы.
Аудан әкімінің орынбасары, білікті қаржыгер-экономист Талғат Нұртазаевтың пікірінше, бұл өте маңызды әрі қажетті қадам.
– Біз аудан аумағында жұмыс істейтін кәсіпорын басшыларына және ауданымыздан шыққан жерлес азаматтарға кәсібін ауданға тіркету жөнінде түсіндірме жұмысын жүргізіп жатырмыз. Бұл жұмыс бір сәтке де тоқтаған емес. Бірақ кейбір ауылдарда жұмыс әлі мардымсыз. Ауыл әкімдері осыған мән беруі керек. Бұл бюджетке, бюджеттің кіріс бөлігіне тікелей әсер етеді. Қай ауыл әкімі өз бюджетін арттырса, онда сол ауылда артық бір жұмыс орындауға мүмкіндік туады деген сөз. Президентіміздің «заңды тұлғалардың мүлік және жеке табыс салығының белгілі бір бөлігі аудандардың қосымша трансферттері арқылы төртінші деңгейлі бюджетке аударылғаны жөн» деуі бекер емес. Мұның бәрін өңірлер арасындағы алшақтықты реттеуді көздейтін Аймақтық стандарттар жүйесімен ұштастыруы қажет, – дейді Талғат Мейрамханұлы.
Иә, бюджеттің кіріс бөлігі көп мәселені шешеді. Сондықтан әкімдер салықтық түсімдерді арттыруды негізгі жұмыс бағыты ретінде қарастыруды жалғастырары анық. Әрине, әр әкім кәсіпкерлік бастамаларға жан-жақты қолдау көрсетіп, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына аянбай жұмыс істесе, онда жаңа жұмыс орындары ашылып, жұмыссыздық азаяды. Сәйкесінше, салықтық база да жақсарады. Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында аудандық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық Фракциясының қолдауымен жақында жүйелі жұмыс атқарылды. Нақтырақ айтқанда, аудандық мәслихаттың 2025 жылғы 20 қараша күнгі кезектен тыс 41-інші сессиясында оңайлатылған декларация негізінде жаңа арнаулы салық режимінің мөлшерін төмендету мәселесі қаралды. Фракция мүшелерінің бастамасымен және қолдауымен аталған салық режимінің мөлшерлемесі 4 пайыздан 2 пайызға дейін азайтылды. Бұл – аудан кәсіпкерлері үшін үлкен қолдау, көмек. Осындай көмектен кәсібін кеңейткен кәсіпкерлер болашақта аяққа тұрып, аудан бюджетінің артуына ықпал етері анық.
Жүйелі жұмыс, нақты нәтиже
Мемлекеттік басқару жүйесінде нақты нәтижелерге қол жеткізуде елдің экономикалық және идеологиялық бағыты айқын болуы керек. Ал мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі – ішкі қоғамдық саяси тұрақтылықты сақтау арқылы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын ілгерілету. Кез келген институционалдық реформа, қоғамдық өзгеріс алдымен адамдарға бағытталатыны да сондықтан. Адамдардың санасы өзгермей, бірде-бір реформа жемісін бермек емес. Мысалы, «Таза Қазақстан» акциясының түпкі мақсаты мен идеясы – қоқыстарды жинау емес, қоқыстарды болдырмау. Сондықтан бар жұмысты әкімдерге жүктеп қоймай, тұрғындар да әр істе жеке жауапкершілік танытуы керек.
Мемлекет басшысы бір сөзінде «Адал еңбек пен жауапкершілік – жаңа қоғамдық этиканың өзегі» деген болатын. Аталған құндылықтарды жетілдіру мақсатында 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жарияланды. Бүгінде елімізде 74 кәсіби мереке аталып өтіледі екен. Халқының аты да, даңқы да адал еңбекпен, бекем бірлікпен шыққан Сырдария ауданы үшін кәсіби мерекелер тізіміне енген Еңбек күнінің орны бөлек, мәні мен маңызы айрықша. Жыл сайын еңбек озаттары мен еңбек әулеттерінің өкілдері мемлекеттік наградалармен марапатталып келеді. Бұл бастамалардың бәрі қоғамда еңбекқорлықты дәріптеуге, оны жаңа құндылық ретінде орнықтыруға бағытталған. Сол себепті біз «әкімдер – халық үшін, халық – мемлекет үшін» қағидатын жүзеге асырып, қай істе де бірлесе еңбек етуіміз керек. Ал «бәрін әкімдік істеуге міндетті» немесе «тұрғындардың да жауапкершілігін арттыру керек» деп екіұдай пікірді ұстанатын болсақ, онда іс өнбейді, нәтиже болмайды. Жалпы, елдің экономикалық және идеологиялық бағытына тікелей әсер ететін этностық, діни, тілдік, сондай-ақ сыртқы һәм ішкі саяси мәселелер сияқты күрделі әрі нәзік тақырыптарды эмоциямен, жеке бас мүддесімен талқылауға болмайды. Ел мүддесін бәрінен биік қойып, қоғам мен мемлекет үшін тиімді әр жұмысқа белсенді аралассақ, онда ұтарымыз көп болмақ. Президент мұны әкімдердің диалог-платформасында баса айтып өтті.
Түйіндей айтар болсақ, мемлекетіміз жүйелі әрі тиімді әрекет бағытын нық ұстанып отыр. Түрлі салада қордаланып қалған мәселелерді жедел реттеп, тұрақты құндылықтар мен институционалдық негіздерді қалыптастыру арқылы қабылданып жатқан шешімдер де уақытша әсерге емес, азаматтардың мүддесі мен ұлттық стратегиялық басымдықтарға негізделген. Бұл – салмақты саясаттың қағидаттары. Ендеше «...бәрімізге ортақ аса маңызды міндет – ел мүддесіне тиімді қызмет ету» деп Мемлекет басшысы атап өткендей, ұлтымыздың алдында тұрған биік мақсатты бірлесе орындайық.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
аудандық мәслихат депутаты,
«AMANAT» партиясы
Сырдария аудандық филиалының
атқарушы хатшысы










