Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді ауылының тұрғындарымен кездесті

Аудан әкімі Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді ауылының тұрғындарымен кездесті

Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың есепті кездесулері Айдарлы, Жетікөл және Аманкелді ауылдарында басталды. Кездесулерге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов, аудандық мәслихат депутаттары, құқық қорғау мен дербес бөлім, мекеме басшылары қатысты.

Кездесулерде аудан басшысы өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.

– Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Сыр еліне жұмыс сапарымен келіп, «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалымен танысудан бастап, бірнеше әлеуметтік нысандар мен өндіріс орындарында болды. Мемлекет басшысы Астана мен Алматы қалаларындағыдай тәулік бойы қызмет көрсететін үшінші Президенттік кітапхана Қызылордада ашылатындығын жеткізді. Мұны облыс жұртшылығы үлкен қуанышпен қабыл алды. Президентіміз Сыр өңірінің даму қарқынына, атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.
Биыл облысымыздың бюджеті 851 млрд. 300 млн. теңгеден асты. Өңірге тартылған инвестиция көлемі 720 млрд. теңгеге жетті. Облыста соңғы үш жылда білім беру саласына бөлінген қаржы көлемі 812 млрд 245 млн теңге бөлінді. 5 млрд 700 млн теңгеге 9 мектептің жанынан қосымша ғимараттар бой көтерді. Президент бастамасымен қолға алынған «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында аймақта 6900 орындық 10 мектеп іске қосылды. Физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты ашылды. 11 млрд теңгеге «Сыр жұлдыздары» балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық-инновациялық академиясы пайдалануға берілді. «ҚазМұнайгаз» ҰК демеушілігімен Қызылорда қаласында 2 млрд 500 млн теңгеге заманауи үлгідегі оқушылар сарайы ашылды. Демеушілікпен 4 млрд 800 млн теңгеге музыкалық колледждің жаңа 450 орындық оқу ғимараты мен 200 орындық жатақханасы өнерлі өрендердің игілігіне табыс етілді. Облыс орталығында 5 млрд 200 млн теңгеге кәсіптік білім беру және жұмысшы мамандықтардың «құзыреттілік орталығы» ғимаратының құрылысы басталды. Президентіміздің Катар еліне жасаған жұмыс сапары аясында Оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау мақсатында қуаттылығы 1100 МВт, құны 892 млрд. теңгеге бу-газ қондырғысы аудан аумағында салынатын болады. Бұл мегажоба ауданымыз үшін өте маңызды. Жоба толығымен іске асқанда, аудан экономикасының дамуына үлкен серпін береді, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.


Биыл Айдарлы ауылында 11,7 млн. теңгеге ойын алаңы салынса, елді мекенді аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында "Ақтам" каналы тазартылды.

Жетікөл ауылында осы жылы К.Бимаханов, Абай, К.Тасыров көшелеріне, Аманкелді елді мекенінде Қызылту 1 және 2 көшелеріне қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілді.

Кездесулерде елді мекен тұрғындары инфрақұрылымдық, кәсіпкерлік және басқа салаларға қатысты ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Аудан әкімі барлық ұсыныс бақылауда болып, тиісті жұмыстар атқарылатынын айтты.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

13 қараша 2025 ж. 38 0