Қауіп қайдан демеңіз...
Отбасындағы ата-ананың міндеті – бала тәрбиесіне аса мән беру. Сол негізде ұрпағын дені сау, еңбексүйгіш, білімді, әдепті, ойлау қабілеті жоғары етіп тәрбиелеу. Бала жас шыбық секілді. Оған қалай күтім жасасаң, қалай баптасаң солай ер жетеді, өседі. Жастайынан көрген-білгенін құлағына сіңіре отырып, сол тәрбие өмірінің негізіне айналады. Бұл ретте, баланың тәлім-тәрбиесімен қатар, оның қауіпсіздігіне де ата-ана жауапты.
Жол-көлік оқиғасы – айтып келмейтін апат
Күн сайын адам өміріне қатысты, әсіресе балаларға төнетін қауіптің артуы баршаны алаңдатады. Ең алдымен, жол көлік оқиғасына қатысты статистикалық мәліметке назар аударсақ. Биылғы қаңтар-шілде айларында елімізде 7,9 мың жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9,5 пайызға артқан. Жыл басынан бері жол-көлік оқиғасынан 1,2 мың адам қаза тапқан. Тиісінше, өткен жылмен салыстырғанда көлік апаттары 17,4 пайызға көбейген. Қайтыс болғандардың 113-і кәмелетке толмаған балалар.
– Балалардың жолда жүру ережесін білмеу салдарынан немесе жолда ойнап жүруі, жолда велосипед тебуі, белгіленбеген жерден көшені кесіп өту кезінде жол апаты орын алады. Полиция тарапынан балалардың жолда қауіпсіз жүруіне байланысты көптеген іс-шаралар ұйымдастырылады. Солардың қатарында республика көлемінде өтетін «Абайлаңыз – балалар!», «Автобус», «Қауіпсіз жол», «Түнгі қаладағы балалар», «Мектепке дейінгі жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы бар. Жылда өтетін осындай іс-шара кезінде жүргізушілерге, мұғалімдер мен ата-аналарға, балаларға жол қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Мұндай іс-шараларды жол инспекторының қатысуымен әрбір мектепте мұғалімдер ұйымдастырып, онда жолда жүру қауіпсіздігі мен балалардың қатысуымен болатын жол-көлік жарақаттарының алдын алуға байланысты насихат жұмыстары жүргізіледі, – дейді аудандық полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі Сейілхан Кеукенов.
Биылғы жылдың 10 айында аудан бойынша 17 жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Былтыр осы кезеңде 21 оқиға орын алған. Оның салдарынан осы жылы 10 айда 22 адам зардап шексе, қайтыс болғандар саны – 10. Жасөспірімдердің қатысуымен ауданда аталған мерзімде 5 жол-көлік оқиғасы болған. Өкініштісі, 2 бала оқиға болған жерде қайтыс болған. Нәтижесінде, Шаған және Аманкелді ауылында екі отбасы перзентінен айырылды.
Орны толмас қазаға дейін әкелетін қайғылы оқиға салдарынан жас жеткіншектердің өмірмен қоштасуы кімді болса да қынжылтады. Бауыр етінен жастай айырылып, орны толмас қайғы құшатын отбасылардың жағдайы қандай болатыны айтпаса да түсінікті. Бірақ «жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, үйде ата-ана үнемі балаға жолда жүру ережесін түсіндіріп, ескертіп отыруы міндетті. Қарапайым болып көрінген ережелерді, мәселен, «жолдан өтерде асықпа, жүгірме, алдымен сол жағыңа қарап, содан соң оң жақта көліктің жоқтығына көзіңді жеткіз» деп ескертіп отыру арқылы балаңыздың өмірін қауіптен сақтайсыз. Сондай-ақ жол белгілері туралы да айтып түсіндіріп, үйрету – ең алдымен ата-ананың міндеті.
– Балаларым мектепке кейде жаяу барады. Сонда жаяу жүргіншілер жолымен жүру керектігін үнемі айтамын. Егер де жолды кесіп өтетін болса, арнайы белгісі бар жерден өту керектігін түсіндіремін. Мектеп автобусына мінгенде де көліктің толық тоқтағанына көз жеткізген соң ғана түсіп, мінуге болатынын күнделікті айтып отырамын. Бұл баламды күнделікті мектепке шығарып салғанда айтатын ескертуім. Негізінен, мектепке жол инспекторы арнайы келіп, жолда жүру ережесін түсіндіріп, жол белгілерін үйретсе, инспектордың айтқаны баланың есінде қалады деген ойдамын, – дейді ата-ана М.Берікболова.
Соңғы кезде барлық өңірдегі мектеп мұғалімдері бастауыш сынып оқушыларын міндетті түрде ата-ананың өздері әкеліп-әкетуін талап етуде. Әрине, дұрыс. Әсіресе, кешкі уақытта мектептен қайтатын оқушыларға төнетін қауіп тек қана көліктен емес, басқа да адами фактордың араласуымен орын алуы мүмкін.
Бала психологиясы нәзік келеді
Жалпы, ата-ана баласының ортасын, кіммен, қайда жүретінін біліп отыруы керек. Мектепке кешікпей баруын, үйге уақытылы қайтуын қадағалағаны жөн. Себебі, балалардың ойда-жоқта жарақат алуы көп ретте мектеп пен үй арасында болады. Осындай сәтте қиыншылыққа тап болатын бала бөтен адамдарға еріп немесе балалықпен ойнап жүріп төбелесіп, өзінен кіші балалардан ақша талап етуі мүмкін. Сондықтан ата-ана баласының жасына қарамастан артық ақша бермей, өзімен бірге бөтен зат алып жүрмеуін қадағалағаны абзал.
Қазір ата-аналардың көбісі жұмысбасты. Таң атқаннан кеш батқанға дейін нәпақа табу үшін жұмыс істейді. Сондағысы баласын ештеңеден тарықтырмай, ішіп-жемін мол ету, киім-кешегін бүтін қылып молшылықпен өмір сүргізу. Осындай кезде бала көбіне үйде жалғыз қалады. Ең алдымен, бала ойындағысын істегісі келіп, жұғымсыз нәрсеге әуестенеді. Қолындағы сматрфонынан түрлі сұмдықты көріп, көруге болмайтын ойын, видеоны байқайды. Ал ондай нәрсе бала психикасына әсер ететіні анық. Қазіргі кезде балалардың ашуланшақ, есте сақтау қабілетінің төмендігі, көру қабылетінің нашарлауы – барлығы осы смартфонға байланысты.
– Бала психологиясы нәзік келеді. Оның тілін табу үшін өзің бала болуың керек. Жөн-жосықсыз ұрысуға, талап қоюға болмайды. Ең біріншіден, балаға өзің үлгі болуың керек. Бір мезгіл баламен әңгімелесу, таза ауада серуендеу, үй тірлігін бірге атқару, кейбір мәселеде ақылдасып-кеңесу баланың өз ойын ашық айтуға мүмкіндік береді. Ал егер сіз «баламның барлық жағдайын жасап отырмын, басқасын өзі реттеп алады десеңіз» қателесесіз. Ең алдымен, баланың ортасын, оның сырттағы мінез-құлқын білуіңіз керек. Достарымен араласуын, әлеуметтік желідегі көретін қызығушылығын қадағалап отырсаңыз, сіз балаңызға келетін қандай да бір қауіптен қорғайсыз. Қазір айналамыздың барлығы дамып жатыр. Бала сіз білмегенді біліп алады. Бірақ ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбиені беру – сіздің міндетіңіз. Үлкенді сыйлау, үлкен тұрып, кішінің сөйлемеуі, тіпті дастархан әдебі барлығы айналып келгенде отбасындағы тәрбиені көрсетеді. Бұрынғы заманмен қазіргі кезді салыстыруға болмайды. Балаңыз сәтсіздікке ұрынбауы үшін онымен дос болыңыз, – дейді психолог Мейірбек Маханбетжанов.
Еліктегіштік опық жегізбесін
Бала қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамау – үлкендердің парызы. Жас бала еліктегіш келеді. Бұл – қағида. Мәселен, бұрын үлкен қалаларда көшеде топтасып келе жатқан балаларды көрсеңіз олар міндетті түрде былапыт сөз айтып, будақтатып шылым шегіп барады. Мұндай көрініске әдепкіде шошына қарасаңыз, қазір күнделікті көретін көрініске айналды. Себебі, қазір қала емес, аудан, ауыл аймақтарда да кездестіруге болады. Бұл жайында мектеп мұғалімдері айтудан бас тартса да, көбіне осындай көрініске алдымен мұғалімдер куә болатыны жасырын емес.
– Мектептің әжетханасы бұрын сыртта болатын. Үзіліс кезінде балалар топтасып тысқа шығады. Қоңырау біткенде балалар сыныпқа кіргенде шылымның иісі мүңк ете қалатын. Ер балалардың мұндай әрекетінің дұрыс еместігін, денсаулықтарына зиян келтіріп жатқанын айтудан жалықпаймыз. Ал қазір ер балалар түгілі қыздардың да арасында темекіге әуестері бар. Ата-аналарын шақырып сөйлесеміз. Ата-ананың да, баланың да ашуына тиюден аулақпыз. Дегенмен отбасындағы тәрбиенің осалдығы осындай келеңсіз әрекетке жеткізеді. Қазір электронды темекілер бар. Оны балалар қайдан сатып алатынын білмейміз. Сонда дүкеншілер неліктен жасөспірімдерге ондайды сатады екен. Заң бар емес пе? Қалтасын ойлап, ақша табуды ойлаған сатушылар баланың болашағын неге ойламайды, – дейді есімін айтудан бас тартқан мектеп мұғалімі.
Иә, мұндай жағдайды көзіміз көрді. Кешқұрым дүкенге кірген бойым еді, сатушыдан түйірлеп шылым алып тұрған жас жеткіншек екі баланы көрдім. Оған қоса бір құты сусын алып ақшасын төледі. Сатушы жас келіншек баланың жасына да қарамады. Әлгі көрініске шыдамай, баладан жасын, ал сатушыдан неліктен жасөспірімге темекі өнімін сатқанын сұрағанымда, екеуі де жауап қайыра алмай, «онда қандай шаруаңыз бар» дегендей кейіп танытты. Ал мұндайды енді қайталамауына сатушыдан уәде алып тұрғанымда, қос жасөспірім дүкенге қайта келіп, бір-бір «чупа-чупсты» сатып алды. Сол сәтті пайдаланып, балалардан қалтасынан темекіні шығаруын, әйтпесе полиция инспекторын шақыртатынымды айтқанымда «ой, апа, қазір балалардың барлығы шегеді, қазір мода» деп жауап қайтарғанда аузыма сөз түспей «болыңдар, қазір ата-аналарыңды шақыртамын» деп айтқаным сол еді, екеуі есіктен шығып, қаша жөнелді. Соңында жерде шашылып қалған темекілерін таптап, сатушыға жинап алуын айтып мен де дүкеннен шығып кеттім. Бұл – темекі немесе жастар арасында «хитке» айналған электронды темекіге қатысты ғана емес, энергетикалық сусындар мен алкоголь, наркотикалық заттарға да қатысты өзекті мәселе. Айналып келгенде, жас ұрпақтың денсаулығын кейбір «жауапсыз адамдардың» кесірінен құртып жатқанымызға өзге емес, өзіміз кінәліміз.
Үкімет тарапынан мұндай мәселені шешу туралы Мемлекет басшысы талай жерде айтып жүр. Үлкен жиындардың бірінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Қоғамда энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салу қажеттігі жиі айтылады. Үкімет бұл мәселені мұқият зерделеп, нақты шешім қабылдауы керек. Бұл ұрпақтың денсаулығын сақтау үшін өте маңызды. Жастардың жат қылыққа бой алдыруына жол бермеуіміз керек. Қазір ересектердің ермегіне айналған электронды темекіге оқушылар да әуестеніп барады. Мұндай темекіні балалар дүкеннен еш кедергісіз сатып алады. Бұл – қауіпті жағдай» деді.
Президент бізде алкоголь өнімдерін 21 жасқа толмаған азаматтарға сатуға тыйым салынғанын да еске салды. Бірақ бұл талап іс жүзінде орындала бермейді. Құзырлы органдар бақылауды күшейту керек. Заң талаптарына сәйкес жазасын тағайындап, қоғам алдында атын атап, түсін түстеу де ұрпақ тәрбиесіне көмегін тигізбек. Сонда ғана жеткіншек ұрпағымызды осындай пәледен қорғай аламыз.
Айтпағымыз, балаға келетін қауіп мұнымен бітпейді. Яғни, сана сезімін улайтын жат әдеттермен қатар, от, су қаупі де жоқ емес. Тілсіз жаудан келетін зиян да орасан. Сондықтан бала қауіпсіздігіне аса мұқият болу – ата-ананың міндеті.
Түйін
Барлық ата-ана баласының жат әдеттен бойын аулақ ұстауын қалайды. Жамандықтан барынша қорғап қалуға тырысады. Десек те балаңыздың мінезінен өзгеріс байқасаңыз, жанында болыңыз. Баланы басындағы қолайсыздықпен жалғыз қалдырмаңыз. Кез келген қиындық уақытша екенін және өтіп кететінін айтып түсіндіріңіз. Бұл өмірден алынған тәжірибе және міндетті түрде қолайсыз жағдайда көмектеседі. Қарым-қатынасты бұйрықпен емес, өтінішпен, тапсырма берумен алмастыру әлдеқайда оң өзгерістер әкелетініне сеніңіз.
Бибісара ЖАНӘЛІ