Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Құрылыс саласындағы өзгеріс: BIM технологиясы, цифрлық платформа және жаңа кодекс

Құрылыс саласындағы өзгеріс: BIM технологиясы, цифрлық платформа және жаңа кодекс

Биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев баспана құрылысы мен осы саладағы қауіпсіздікке ерекше тоқталды. Бұл тұрғыда құрылыс сапасын арттыру үшін жасанды интеллект технологияларының (Building Information Modeling, BIM) көмегімен ғимараттарды ақпараттық модельдеу әдісін кеңінен қолдану тапсырылды. Атап айтқанда, Үкімет құрылыстың барлық кезеңдерін толық есепке алуды, жоспарлауды, оған мониторинг жүргізуді қамтамасыз ететін ұлттық цифрлық платформаны іске қосу қажет. Сонымен қатар, осы саланың қауіпсіз әрі ашық болуына жол ашатын жаңа Құрылыс кодексі де жыл соңына дейін қабылданады, деп жазады KAZINFORM

Жыл сайын 20 млн шаршы метрге жуық баспана салынады

Қазақстанда тұрғын үй құрылысы - мемлекеттік саясаттың басымдық берілген бағыттарының бірі. 2023-2024 жылдары 36,9 млн шаршы метр баспана пайдалануға берілді, оның 19,1 млн шаршы метрі былтыр тапсырылды.

Ал 2025 жылы елімізде барлық қаражат көздері есебінен 19,2 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 176-мыңнан астам пәтер салу жоспарланған. Статистикалық деректерге сәйкес, 7 айдың қорытындысы бойынша 9,4 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 86 мың пәтер пайдалануға берілді.

Құрылыс саласындағы жасанды интеллект

Парламент Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, депутат Мархабат Жайымбетовтің айтуынша, соңғы жылдары еліміздегі заңнамалық жүйе жаңғырып, экономиканың стратегиялық салаларында бірізділік пен айқындыққа бет бұра бастады. Әсіресе, құрылыс - ел дамуының тамырына қан жүгіртетін маңызды сала. Мемлекеттік саясат аясында қолға алынған реформалардың ішінде саланың орны ерекше. Себебі ол тұрғын үйден бастап әлеуметтік инфрақұрылымға, өндіріс ошақтарынан көлік желісіне дейінгі барлық тіршілік арнасының негізі. Қалалардың келбеті, елді мекендердің қолайлылығы, халықтың өмір сүру сапасы - тікелей құрылыс саласының тиімділігіне байланысты.

- Бүгінде құрылыс экономиканың ең қарқынды дамып келе жатқан салаларының бірі болып, елдің дамуына орасан үлес қосып отыр. Алайда, жобаларды тиімді жүзеге асыру тек қаржы мен материалдық базаға ғана емес, басқару мәдениетіне, ұйымдық-құқықтық тетіктердің жетілдірілуіне де тәуелді. Өкінішке қарай, осы жүйедегі олқылықтар саладағы басқару деңгейінің төмендеуіне, сапасыз нысандардың бой көтеруіне әкеліп соғуда. Осы түйткілдерден арылу үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында құрылыс сапасын арттыруға қатысты негізгі бағыттарды жариялады. Президент ғимараттарды ақпараттық модельдеу әдісін (Building Information Modeling, BIM) кеңінен қолдануды міндеттеді. Бұл өз кезегінде құрылыс саласына жаңа серпін беретін қадам. BIM технологиясының артықшылығы - жоба басталған сәттен бастап нысанның толық цифрлық бейнесі жасалады. Аталған тәсіл жобалаудың сапасын арттырады, құрылыс барысын ашық жүргізуге мүмкіндік береді, мерзім мен ресурсты үнемдеуді қамтамасыз етеді, халықаралық стандарттарға сай қауіпсіздікті күшейтеді, - дейді М. Жайымбетов.

Бұл ретте, қағазбастылықты азайтып, құжаттардың үстірт қаралуы мен техникалық қадағалаудың әлсіздігінен туындайтын проблемаларды шешуге жол ашады. Нәтижесінде, халыққа сапалы әрі сенімді тұрғын үйлер мен инфрақұрылым нысандары ұсынылмақ.

«ҚазҚСҒЗИ» АҚ құрылыстағы ғылым және цифрландыру орталығының директоры Зарина Қабжанның сөзіне қарағанда,қазіргі кезде Қазақстанның құрылыс секторында жасанды интеллект технологиялары іс жүзінде қолданылмайды. Дегенмен, бұл бағыт айтарлықтай әлеуетке ие.


- Келешекте машиналық оқыту мен генеративтік дизайн құрылыс үдерісінің барлық кезеңдеріне елеулі әсер ете алады. Атап айтқанда, үлкен көлемдегі деректерді талдау, шығындар мен ықтимал тәуекелдерді болжау, жобалау шешімдерін оңтайландыру және ғимараттарды пайдалану тиімділігін арттыру, жобалаудың бастапқы кезеңдерінде қателіктер мен қайшылықтарды ерте анықтау мүмкін болады. Бұл технологиялар құрылыс сапасы мен сенімділігін арттырудың перспективалық құралына айналмақ. Қазір құрылыс барысы техникалық және авторлық қадағалау сарапшылары тарапынан қадағаланады. Олардың құрылыс объектісінде болуы міндеттелген, яғни құрылыстың барысы мен сапасы көзбен шолу және лабораториялық сынау арқылы бақылауға алынады. Құрылыстағы ең басты мақсат - ол сапалы салу, ол дегеніміз жобалық және құрылыс нормативтерінде белгіленген параметрлерге сәйкес құрылысты жүргізу, - деді З. Қабжан.

Өз кезегінде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары «е-Құрылыс» ақпараттық жүйесі арқылы құрылыстың құжаттарын және фото-видео материалдарды зерделеп отырады.

BIM жүйесі не береді? Ғимараттарды ақпараттық модельдеу технологиясы жобалау кезіндегі қателіктер санын едәуір азайтуға, құрылыс процесіне қатысушылар арасындағы үйлесімділікті жақсартуға, сондай-ақ пайдалану шығындарын неғұрлым дәл болжауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мұнымен қоса, ол жобаларды басқарудағы ашықтық пен бақылау деңгейін арттырады. BIM технологиясы – «ақылды қалалар» тұжырымдамасын дамытуға, энергия тиімділігі жоғары әрі тұрақты құрылысқа көшуге мүмкіндік беретін негізгі тетік.

- Әлемдік тәжірибеде BIM технологиясын қолданудың айтарлықтай тәжірибесі жинақталған. Мәселен, Ұлыбританияда BIM технологиялары 2016 жылдан бастап мемлекеттік жобалар үшін міндетті болып, бұл ел бюджетіне £855 миллионнан астам қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берді. Финляндияда технологияны қолдану 2007 жылдан бері міндеттелген және бүгінде сәулет фирмаларының 93%-ы BIM-мен жұмыс істейді. Қытайда BIM жобалау кезіндегі қателіктер санын 30–40%-ға азайтып, құрылыс мерзімдерін 10–15%-ға қысқартуға мүмкіндік берді. Оңтүстік Кореяда жобалау уақыты 25–30%-ға қысқарған. Ал Сингапурда құрылыс алаңдарының 60%-ының өнімділігі екі есе өсті. АҚШ пен Аустралияда BIM қолдану бойынша бірыңғай мемлекеттік талап жоқ, бірақ жекеменшік сектор бұл технологияны кеңінен енгізіп, тиімді нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Әрбір ел BIM технологиясын өз ұлттық ерекшеліктеріне бейімдей отырып енгізуде. Ықтимал тәуекелдерге келетін болсақ, BIM қандай да бір қауіп төндірмейді, керісінше – объектінің өмірлік цикілінің барлық кезеңдерінде бақылауды күшейтуге сеп болады. Технология жобалау кезеңіндегі қателіктер мен қайшылықтарды алдын ала анықтап, төтенше жағдайлардың тәуекелін азайтуға мүмкіндік береді, - дейді Зарина Қабжан.

Ұлттық цифрлық платформа

Жолдауда Үкіметке құрылыс процесінің барлық кезеңін - жоспарлаудан бастап пайдалануға беруге дейін толық қамтитын ұлттық цифрлық платформаны іске қосу тапсырылды.

- Қазіргі кезде саладағы басты кемшілік - нормативтік құжаттардың шашыраңқылығы. «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заң, техникалық регламенттер, құрылыс нормалары, стандарттар мен түрлі қаулылар өзара үйлеспей, қайшылықтарға толы. Соның кесірінен заңсыз нысандар салынып, рұқсат рәсімдері бұзылып, бақылау әлсіз күйде қалып отырған жайы бар. Цифрлық платформаның осы уақытқа дейін іске қосылмауына да дәл осы жүйесіздік кедергі болды деуге болады. Ал егер жаңа платформа жүзеге асса, құрылыс барысы толық онлайн бақылауда болады. Сондай-ақ рұқсат беру рәсімдері автоматтандырылып, сыбайлас жемқорлық тәуекелі азаяды, мамандарды тіркеу мен сертификаттау бір ортада жүргізіледі. Құрылыс саласының ашықтығын арттырып қана қоймай, әрбір қадамды есепке алатын тәртіпті жүйе орнатылады, - деді Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбет


Фото: parlam.kz

22 қыркүйек 2025 ж. 217 0