Мәжіліс архив қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартатын заң жобасын қарайды

Айта кетерлігі, 12 қыркүйекте Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен бюро отырысының шешімімен жалпы отырыста 1-оқылымда қарауға ұсынылған заң жобасында архив құжаттарын қалыптастыру, сақтау және пайдалану саласындағы құқықтық реттеуді кеңейту, сондай-ақ электронды архив құру көзделген. Қолжазбаларды, суреттерді, сызбаларды, күнделіктерді, хат-хабарларды және мемуарларды сақтау мен пайдалану тәртібі айқындалған. Құжат бойынша негізгі баяндаманы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов жасайды.
Аталған заң жобасын әзірлеуші топтың жетекшісі, Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Kazinform агенттігіне берген сұхбатында заң қабылданғаннан кейін 1 қыркүйектен бастап ауылдарда архив ісінде қызмет істейтін азаматтарға заң бойынша ауылдық квотамен үстемеақы төленетіндігін, «ұлттық» мәртебесі бар архив қызметкерлері 1,75 коэффициентпен жоғары жалақы алатынын айтқан еді.
Сондай-ақ жалпы отырыс барысында бейінді комитеттер жаңа ратификацияланатын заң жобаларын жұмысқа алады. Олардың қатарында Түркі мемлекеттері ұйымының Азаматтық қорғау тетігін құру туралы келісім, Қазақстан мен Қытай арасындағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру туралы келісім, сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің радиациялық жағдай мониторингінің деректерімен алмасу кезіндегі өзара іс-қимылы туралы келісім бар.
Мұнан бөлек, Мәжіліс төрағасының орынбасары Альберт Рау палата өкілеттіктерін іске асырудың төртінші сессияға арналған негізгі іс-шаралар жоспары туралы баяндайды.
Естеріңізге сала кетсек, өткен аптада өткен Мәжілістің жалпы отырысында «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төмен жалақыны белгілеу туралы конвенцияны (131-конвенция) ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы заңы қабылданды.
№131 конвенцияны ратификациялау:
Қазақстанның ең төменгі жалақыны айқындайтын қолданыстағы тәсілін халықаралық деңгейде бекітуге;
әлеуметтік диалогтың құқықтық базасын әсіресе, ең төменгі жалақыны белгілеуге тараптардың қатысуы бөлігінде нығайтуға;
Халықаралық еңбек ұйымына мүшелік шеңберінде Қазақстанның халықаралық міндеттемесіне адалдығын растауға мүмкіндік береді.
Депутаттар қабылдаған келесі заң - «Қазақстан Үкіметі мен Қатар Үкіметі арасындағы Қазақстаннан келген жұмыскерлерді Қатарда жұмысқа орналастыруды реттеу туралы келісімді ратификациялау туралы».
Аталған заңда Қазақстан азаматтарының Қатардағы құқықтық және әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету ескерілген.
- Ол үшін мынадай айқын рәсімдер белгіленеді: іріктеу, қазақстандық азаматтарды жұмысқа қабылдау және олардың Қатарда жұмысқа орналасу кезіндегі құқықтарын айқындау. Келісімге қосымша ретінде қазақстандық азаматтарды Қатарда жұмысқа қабылдауға арналған үлгілік еңбек шарты бекітілген. Бұл еңбек шартының ережелеріне қандай да бір өзгерістер енгізуге Қатардағы жұмыс берушінің құқығы жоқ, - деген еді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.
Жалпы отырыс соңында мәжілісмендер мемлекеттік органдарға өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша 21 депутаттық сауал жолдады.
Мәселен, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында мемлекетке қайтарылған жердің көбі игерілмей жатқанын алға тартады.
- Мемлекет басшысы кешегі Жолдауында атап өткендей, әкімдіктер жаңа жер пайдаланушыларға қайтарылған жердің жартысына жетпейтін бөлігін ғана қайта үлестірген. Бұл - небәрі 6 млн гектар. Осылайша қазірдің өзінде қайтарылған 7,5 млн гектар жер бос жатыр, 82,9 млн гектар босалқы жер тиімсіз игеріліп жатыр. 29 млн гектардан астам жер деградация жағдайында, оның ішінде 3 млн гектарға жуығы тұзданып кеткен, - деді депутат.
Ал Серік Егізбаев 1 пайыздық ауыл ипотекасын іске қосуды ұсынды.
- «Ауыл» партиясы фракциясы ауылды қайта жаңғыртуға арналған кешенді ұлттық бағдарлама қабылдау мәселесін алға қойып отыр. Ол, ең алдымен, мемлекеттік бағдарламалар мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы ауыл тұрғындары үшін қолжетімді тұрғын үй салуды жеделдетуді; ауыл ипотекасын 1%-бен іске қосуды; әлеуметтік және коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға жаңа серпін беруді қамтиды. Ауыл тұрғындары күн сайын қарапайым өмір сүру жағдайы үшін күреспеуге тиіс, - деді ол.
Наурыз Сайлаубай ауылдарды ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткіштері туралы ресми деректердің шындықпен сәйкеспейтінін сынады.
- Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда қалалар ауыз сумен 99,3 пайызға, ауылдар 97,5 пайызға қамтамасыз етілген. Бірақ кейбір дереккөздерде еліміздегі 18 қала мен 469 ауылда таза су мүлде жоқ көрінеді. Болса да талапқа сай емес. Ең бір қызығы, ресми деректерде ауызсусыз ауылдар мен қалалар деген тізім еш жерде көрсетілмейді. Бұл - шындықты жасыру ма, әлде көз алдау ма, - деді Наурыз Сайлаубай.
Жигули Дайрабаев еттің күрт қымбаттауына не себеп болғаны туралы пайымын жеткізді. Оның айтуынша, мал шаруашылықтарында 1 келі сиыр етінің өзіндік құны 2500 теңгеден аспайды.
- Ал бөлшек саудада бұл көрсеткіш 5000 теңгеге дейін өсіп отыр. Демек, фермерлердің табысы азайып, басты пайда алыпсатарлардың қолында қалады. Бұны реттеуші Сауда министрлігі мен әкімдер қайда қарап отыр? Экспортты шектеу фермерлерге ауыр соққы болып тиеді. Фермерлер болашақта өнімін еркін сата алмайтынын білсе, мал басын көбейтуге ынтасы төмендейді. Бұл керісінше, ұсыныстың азаюына және ішкі бағаның одан әрі өсуіне алып келеді. Сондықтан, ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыру шараларын қайта қарауды, делдалдар мен алыпсатарлардың әрекетін шектеуді, ал фермерлерге өнімін еркін өткізуге мүмкіндік беруді сұраймыз, - деді Жигули Дайрабаев.
Фото: Үкімет