Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 70 газет

16 қыркүйек 2025 ж.

№ 69 газет

13 қыркүйек 2025 ж.

№ 68 газет

09 қыркүйек 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » Туризм: Әлемдік даму жолындағы саяхат па? Сауда ма?

Туризм: Әлемдік даму жолындағы саяхат па? Сауда ма?

Қазіргі жаһандану дәуірінде туризм – тек көңіл көтеру мен демалыс емес, әлемдік деңгейдегі экономиканың өсуі және мәдени құбылыстың көрінісі. Еуропа, Азия, Орталық Азия, Шығыс елдері болсын, кез келген мемлекеттің туристік мекендері мен тарихи орындары, әлемнің жеті кереметіне енетін жер – миллиардтаған табыс әкелетін алып индустрия. Ал қарапайым халық үшін ол – жаңа жерлерді ашып, мәдениетімен танысып білу мүмкіндігі. Бүгінде әлемнің түрлі алпауыт елдеріне жыл сайын 100 миллиондаған турис жол тартса, қазақ жеріне орташа есеппен 10 миллионға жуық саяхатшы келеді екен. Ендігі кезекте Қазақстан республикасын әлемдік деңгейге қалай шығарамыз? Туризм саласын қашан және қалай дамытып, туристік орындарды көбейтеміз? Осы сұрақтардың жауабын бірге іздеп, талқылайық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында туризм саласын дамыту мәселесіне тоқталып өтті.

«Тағы бір маңызды мәселе, бұл – туризм. Жалпы бұл салада біраз түйткілді мәселе бар. Шынын айту керек, кәсіби кадрлар тапшы. Осы саладағы бәсекеге қабілетіміз әлі де шамалы. Мен шілде айында туристік жерлердің барлығын ретке келтіру туралы тапсырма бердім. Бұл жұмыс менің жеке бақылауымда. Жұрт жиі баратын демалыс орындарынан бөлек, болашағы зор басқа да бағыт­тардың әлеуетін арттыру маңызды. Міндеттердің ара-жігін ажыратып алған жөн. Осы орайда, Алматы қаласы мен Алматы облысындағы тау туризмі мен тау шаңғысы туризміне арнайы тоқталғым келеді. Қазіргі таңда бұл бағыттағы ең өзекті мәселе – заманауи инфрақұрылым салу. Егер осы міндетті ойдағыдай орын­дасақ, еліміздің курорттары жер жүзіне танылып, Қазақстанның бетке ұстар ұлттық бренді болмақ» деп атап өтті Президент.

Әр саланы кәсіби маманы жүргізбесе, құлдырайтыны айдан анық. Шынында, туризм, туристік қызмет көрсету маман­дары тапшы. Жыл сайын бұл бағытты мыңдаған талапкер таңдағанымен, маман­дық бойынша жұмы­с істейтіндер аз. Қоғамда жастардың басым бөлігі бітірген мамандығы бойынша жұмыс істемей, табысы көп қарапайым жұмысқа ұмтылады. Яғни, алып шыққан біліктілігі бойынша жұмыс орындарын да жөнді іздестірмейді. Бұл ащы шындықты мойын­дай отырып, бұның жауабын табуға бет бұрсақ.


ТУРИЗМНІҢ ӘЛЕМДЕ ДАМУЫ

Ғаламдық деңгейде туризмнің дамуы жылдан-жылға артып келеді. Сондай-ақ көптеген мезгілдік жұмыс орындары ашылып, адамдардың әлемдік деңгейге шығып, жұмыс істеуі арта бастады. Себебі жер бетінде орын алған ауыр дерт пандемияның салдарынан барша мемлекеттің шекаралары жабылып, жағдай шиеленісті. Халық шығыны да аз болмады. Кез келген мемлекеттің экономикасы құлдырап, елге біршама шығын келді. Әлемдік зұлматтың тоқтауынан кейін адамдардың жыл сайын саяхаттауы арта түсті. Тіпті Біріккен Ұлттар Ұйымының Дүниежүзілік туризм ұйымының (UNWTO) дерегінше, 2023 жылы әлемде 1,3 миллиардқа жуық адам шетелге саяхат жасаған. Бұл әрине, пандемиядан кейінгі туризмнің қайта қалпына келе бастағанын білдіреді. Ал Әлемдік саяхат және туризм кеңесінің (WTTC) зерттеуі бойынша 2024 жылы саяхатшылардың саны бірнеше пайызға ұлғайып, шамамен 350 миллион адам жұмыспен қамтылған. Бұл көрсеткіш бұдан әрі көбеймесе, азаймайтыны анық. Себебі кейбір Еуропа елдерінде туристердің көптігі сонша, жергілікті тұрғындарға кері әсерін тигізетін көрінеді.

Елімізде туризм жоғары деңгей­де дамымағандықтан, біз бұл ақпарат­пен таныс емеспіз. Бір қызығы саяхат­шылардың басым бөлігі Испания, Венеция, Барселона сияқты елдерде дема­лысын жоспарлайды екен. Ал бұл жақта туристің көп болуын «овертуризм» деп атайды. Овертуризм – ашық дерек­көздің ақпаратынша, белгілі бір бағыттарда туристік ағындардың жергілікті инфрақұрылым мен қоғамға зиян келтіретін деңгейге жетуі. Яғни, түсі­нікті тілмен айтқанда, Венеция еліне келушілер жергілікті тұрғындардың саны­нан асып кеткен жағдайда инфра­құрылымға салмақ түсіп, ластану, тұрғын­дардың қауіпсіздігі, өмір сүру сапасының бұзылуына әкеп соғады. Сондықтан арнайы «овертуризм» режимі де кей елдерде жұмыс істейді екен.

Жалпы кез келген мемлекетке туризм­нің пайдасы орасан зор. Атап айтсақ, ең алдымен экономикалық пайда әкеліп, ел бюджетіне табыс түсіреді, жаңа жұмыс орындары ашылады, жол, әуежай, қонақ­үй сияқты инфрақұрылым дамиды. Екіншіден, мәдени пайда, яғни әртүрлі халықтар бір-бірімен жақындасып, салт-дәстүрмен танысып, достық қарым-қатынас орнайды. Үшіншіден, әлеуметтік пайда, адамдардың білім көкжиегі ке­ңейіп, жаңа тәжірибе жинайды.

Дүниежүзінің туризм саласында өрісін жайып, жылдам әрі кең дамуы қуантарлық жағдай. Қазіргі таңда әлемнің басты назары тұрақты туризмді қолға алып, дамыту. Бұл дегеніміз – табиғатты қорғай отырып, жергілікті халыққа пайда әкелу. Сондай-ақ мәдени мұра мен тарихи орындарды сол қалпында сақтап қалу. Сондықтан экотуризм, медициналық туризм, мәдени туризм сынды жаңа бағыттарды барынша қолға алып, қар­қынды дамытуға үлес қосу маңызды.


ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ САЯХАТ

Соңғы жылдары Қазақстан халық­аралық туризм бойынша біршама алға жылжыды. 2022 жылға қарағанда 2023 жылы шетелдік туристердің келу саны 9,2 миллионға өскен. Бұл пандемиядан кейінгі экономиканың өсуіне зор әсерін тигізді. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш күрт өсіп, шамамен 15,3 миллионға жеткен. Сондай-ақ ішкі туризм бойынша да көрсеткіш 10,5 млн болып, ел ішінде де отандық саяхат ауқымын кеңге жая бастады. Бұл өсім дүниежүзіндегі 119 елдің арасында 52-орынға табан тірегені қуантарлық жағдай. Бұған дейін 117 елдің арасында 66-орыннан көрінген болатын. Ішкі және сыртқы туризмнің жылдан-жылға дамуы ел экономикасын жақсартады. Көптеген жұмыс орындары ашылып, жаңа турис­тік аймақтар да салынуда. Жылдың төрт мезгілінде де саяхатшыларды табиғатымен тамсандыратын қазақ даласын бұдан әрі дамыту жастардың қолында. Туризм саласын таңдаған әр талапкер тәжірибе жинап, кәсіби маманға айналса, мемлекеттің өркендеуі алға басары сөзсіз.

Бірақ көңілге кірбің салатын бір нәрсе бар. Ол – қазіргі таңда жастардың басым көпшілігі өз елінде емес, өзге елде туризм саласында қызмет етуі. Ол мейлі қонақүй қызметкері, даяшылық жұмыс, құтқарушылық және кіші буындық қызмет болсын, жұмыс талғамай табысына қызығып шекара асып, нәпақасын табуда. Әлеуметтік желіні ашып қалсаң, «шетелде жұмыс істеуге көмектесемін» немесе «айына 1500 доллардан жоғары табыс тапқыңыз келсе, байланысқа шығыңыз» және тағы бір «барлық жағдай жасалған, саяхаттап жүріп, табыс табасың» деген жарнамалар көбейген. Саны бар, сапасы жоқ. Оған кейбіреуі сеніп, «айына осындай табыс табамын» деп, қуана сол жарнама жасаған адамға ілесіп, алданғандары қаншама. Сонымен қатар құлдыққа түсіп кете жаздаған, бірақ аман қалған, сондай-ақ құлдыққа түскен өрімдей жас қыздар мен азаматтардың саны да жетерлік. Бұндай жағдайдың бірнеше бөлігі ғана әлеуметтік желіге жарияланып, қоғамда резонанс туғызып, шетелдегі еліміздің елшілігі арқылы құтқарылған болатын. Ал әлеуметтік желіге жарияланбаған, із-түссіз жоғалған адамдар да аз емес. Бұған бей-жай қарауға болмайды.

Шындығына келгенде елімізде табыс көзі басқа елдермен салыстырғанда төмен екені рас. Оның айқын көрінісі жоғарыда атап өткен жастардың шетелге жұмысқа ағылуы. Осының алдын алу үшін туристік орындарды көптеп ашып, Швецария тауларынан асып түспесе кем емес Алматы қаласында, Мемлекет басшысы Жолдауында айтып өткендей, тау туризмін қолға алу керек. Сондай-ақ елімізде биылдан қолға алынып, шетел азаматтарын қызықтырып отырған агротуризм саласын да кеңінен дамытса, нұр үстіне нұр болатыны анық. Бұл аталған саланың ел үшін тигізер пайдасы зор. Қазақ жерінің әсем табиғаты, мәдениеті, қазақ елінің тарихының көрінісі, салт-дәстүрі дәріптеліп, кез келген саяхатшыны қонақжайлылық­пен шығарып салу шетел туристерін таңғалдырмай қоймайтыны анық. Осы агротуризм саласын республика деңгейінде қолға алып, өркендетсек, ауылдық жерлерде арнайы туристік орындар ашсақ, қазақы нақышымызды айқындай отырып, жастарымызды жұ­мыс­қа тартсақ, шетел саяхатшылары емес, өзіміздің бауырлас елдерден де қызығып келері анық.

                                                   

Осы орайда саяхатшы, «travelblog.kz» блогының авторы Нұржан Алғашов журналистерге берген сұх­батында тек шетелдік саяхат жайлы емес, Қазақстанда да туристік орындардың көптеп ашылып жатқандығын айтып өтті.

– Саяхаттау бұл – демалыс емес, шар­шау. Таңертең ерте тұру, көп жерге барып үлгеру керек, стресс алатын кездер болады. Өз басым Қазақстанға келіп демаламын. Жер шарын аралау ойда бар. Алайда, меніңше, жер шарын велосипед, ұшақ, қайықпен толықтай аралаған адамдар көп. Сондықтан қазіргі саяхатымның басты мақсаты – әлемнің көп жерін көріп шығу, бірақ бір саяхатта бүкіл әлемді аралау деген ой жоқ. Қазақстанның оңтүстік, солтүстік, орталық, шығыс аймақтарына туристік экспедицияларға шығамыз. Мені көбіне блог-тур, пресс-турға шақырады. Осы­лайша көп жерді көруге мүмкіндік болды. Қазақстанның 70-80 пайызын көрдім деп айта аламын, – дейді саяхатшы.

Ал 95 елде болған тәжірибелі қазақстандық саяхатшы Александр Цой өз сұхбатында басқа елге саяхаттау адам өміріне айтарлықтай оң өзгеріс әкелері анық екендігіне тоқталды.

– Сіз көп көресіз, көп адамдармен кездесесіз, тарихи ескерткіштерді ара­лайсыз. Мен әр елдің мұражайына барғанды ұнатамын. Көптеген мұражай­ларды араладым, олар әртүрлі: танымал, көп танылмаған, өте кішкентай және арнайы мұражайлар. Мұражайлар сол ел жайлы белгілі бір көрініс қалыптастыруға септігін тигізеді. Әр елдің тарихымен танысқанда, сіз оған етене жақындап, біте қайнасып кеткендей боласыз, бұл сіздің сана көкжиегіңізді айтарлықтай кеңейтеді. Сіз көп нәрсені түсінесіз. Саяхаттау көп нәрсені үйретеді, әрі жер­гілікті адамдармен араласып, олардың менталитетін түсінуге тырысасыз, – дейді саяхатшы.

Туризм бұл мемлекеттің инфрақұлымы мен экономикасын көтеріп, дамытуда біршама рөл атқарады. Сондықтан білікті кәсіби мамандарды қалыптастырып, табыс көзін ұлғайтса, шетелге жұмыс істеуге жастар шекара аспайтын еді. Әлі де кеш емес...

ЕЛ АРАЛАУДЫ САУДАҒА АЙНАЛДЫРҒАН...

Қазіргі таңда әлеуметтік желіні ашсаң саны бар, сапасы жоқ туристік агенттердің жарнамасынан көз ашпайсың. Бұл сала қызықты әрі қауіпті. Тұтынушыларын сан соқтырып жатқан қан­шама туристік орталық бү­гінде заң алдында жауап беру үстінде.

«Саяхаттау қымбат емес» деген ұстаныммен халыққа «курс» сатқан блогер­сымақтар қаншама адам­­ның ақысына кіріп отыр. Сондай-ақ қасиет­­ті мекен Меккеге жол­­дама сатып, артынша тұтынушылар тиісті жерге жет­­кен­де алдап соққан туристік меке­мелер жүздеген адамның көз жасына қалғаны тағы бар. Қасиетті мекенге барушылар егде жастағы қариялар екенін біле тұра, далаға қондырып, нәр татқызбаған алаяқтар тиісті жазаларын алып жатыр. Бұл жағдайды осыдан бірнеше ай бұрын Ұлттық арнаның жаңалықтарынан көріп, жағамызды ұста­ғанымыз жасырын емес.

Бұнымен шектелмей, әлеуметтік желі­нің мүмкіндігін барынша пайдаланып, халықтың қалтасына қонымды бағамен елді қызықтырған көптеген заңсыз туристік агенттіктер жұмыс істеуде. Бұл тұста арнайы құқық қорғау органдары тиісті шара қабылдап, онлайн мониторинг жүргізіп жатыр.

Туризм саласын саудаға айналдырған алаяқтарға алданбаудың жолына тоқтал­сақ. Ең алдымен оның лицензиясы бар немесе жоқ екендігін анықтап алу маңызды. Егер сізге бірнеше құжат ұсынса, оның түпнұсқа болуына көз жеткізіңіз. Сондай-ақ әлеуметтік желі арқылы төмен бағамен көрсетілген жар­намаға сенбеңіз. Жеке ұялы телефоныңыздың нөмірін кез келген жар­намаға толтырмаңыз. Елге белгілі, әр қала­да арнайы офисі орналасқан туристік орталықтарға жүгініңіз.

Аталған шарттарды орындай отырып, алаяқтардан сақтанасыз. Кез келген қаралымы, жазылушысы аз аккаунтардан бойыңызды аулақ ұстағаныңыз абзал. Халықтың жағдайын емес, өзінің бас пайдасын ойлайтын белгісіз туристік агенттікпен байланыспаңыз.

Саяхат ол – сауда емес, ол – ел аралай отырып демалу, өзіңе жан тыныштығын сыйлау, белгісіз мекенді танып, білу. Сондықтан саяхаттағанда «үнемдеймін» деп емес, «Алланың жаратқан әр көрінісін өз көзіммен көруім керек» деп аттану керек.

Қорытындылай келгенде, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен мемлекеттің әсем туристік жерлерін халықаралық деңгейге көтеріп, төрт мезгілдің төртеуінде де шетел азаматтарын қабылдай алатындай жағдайға жету маңызды. Тау туризмін одан әрі нығайтып, агротуризмді жан­дандыру керек.

Сондай-ақ әлем елдерінің баста­масымен тұрақты туризмді қолға алып, мәдени, тарихи мұраларымызды сол қалпында сақтау парыз. Еуропаның туристік инфрақұрылымына кеңінен зерттеу жүргізіп, тәжірибе алмасып, респуб­ликаға туризм бағытында тың өзгеріс әкелу өзекті тақырыптың бірі. Сонымен қатар, қазақ азаматтарының шекара асып жұмыс істеуін азайту маңызды. Елде туристік аймақтардың көптеп ашылуы және табыс көзінің жоғары болуы бұл мәселенің алдын алса керек.

Әлеуметтік желі арқылы саяхатты саудаға айналдырғандар да жазасыз қалмайтыны анық. Кез келген жарнамаға ілеспей, «арзан» дегеннің бәрі «жыл­тыраған алтындай» болмайтынын түсі­ну керек. Саяхат жоспарда болса, арна­йы мамандарға жүгініп, кеңсесінен ақпарат алып, толық көз жеткізу орынды. Туған жердің әсем жерлерін аралау да ерекше әсер қалдыратыны анық. Сондықтан саяхат­тауды шетелден бастамай, қазақ даласының кең байтақ жерін танудан бастаған абзал.

Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ
Коллажды жасаған: А.НҰР
Фото:Ашық дереккөзден


16 қыркүйек 2025 ж. 142 0