Жолдау: Арал теңізінің мәселесі шешілмек

Атап айтқанда, биыл көктемде өткізілген «Таза Қазақстан» акциясына үш миллионнан астам адам қатысып, миллион тоннаға жуық тұрмыстық қалдық жиналғаны атап өтілді. Бұндай ауқымды бастама халық арасында табиғатқа жанашырлық пен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға зор ықпал етуде. Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Электр энергетикасы, техносфералық қауіпсіздік және экология» кафедрасының аға оқытушысы Светлана Жүргенбайқызы Арал теңізінің қазіргі экологиялық жағдайы мен өңірде жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталып, Президент Жолдауындағы қоршаған орта тапсырмаларына қатысты пікір білдірді.
- Арал теңізінің экологиялық ахуалы әлі де болса күрделі. Соңғы жылдары кеуіп қалған теңіз түбінен жылына миллиондаған тонна тұзды шаң көтеріліп, бүкіл аймақтың денсаулығына әсер етуде. Осыны тоқтату үшін мемлекет ауқымды бағдарлама қолға алды. 2021–2025 жылдары 1,1 миллион гектар жерге сексеуіл егу жоспарланған. Бүгінде оның 350 мың гектары отырғызылып, биыл тағы 250 мың гектарға жасыл белдеу жасалуда. Бұл - Аралды құтқаруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Сонымен қатар, жергілікті жерлерде су үнемдеу технологиялары енгізілуде, халықаралық ұйымдармен бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. Аралды сақтау үшін жасалып жатқан бұл жұмыстар - бүкіл елдің ортақ ісі, – деді Светлана Жүргенбайқызы.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі