Егістікте қызу да қарбалас тіршілік
Биыл 1350 гектар жерге Сырдың басты дақылын орналастырған «Ақжарма және К» шаруашылығын Алмат Болатов басқаруда. «Әке көрген оқ жонар» демекші, Алмат Қайратұлы іргелі шаруашылықты жүргізуде асқар тауымен кеңесіп отырады. Белгілі кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты Қайрат Нұрсейітов негізін қалаған «Ақжарма және К» серіктестігінде егінге орақ түсіп, қырманға астық жөнелту жұмысы қарқын ала бастады. Егін егу науқанында жерді күтіп ұстау, құнарын жоғалтпау мәселесін басты назарда ұстайтын ақжармалық диқандар су тапшылығына бейжай қарамайды. Су мөлшерін ұтымды пайданала отырып, олар күріштің «Лидер», «Янтарь», «Каурис», «Маршал» сұрыпын еккен. Бұдан бөлек, 200 гектарға жуық бидай, 550 гектар жаңа және ескі жоңышқа егіп, басты қажеттілікті өтеуге назар аудармақ. Бүгінде шаруашылықта 135 маман жұмыс жасайды. Бес бригадаға бөлінген шаруашылықта 9 комбайн, 15 Хтз трактор, 15 класс трактор, 8 ловол трактор, 4 жатка, 4 тасымалдау үшін камаз жүк көлігі бар.
– Ауыл шауашылығы саласында барлық істі ыждағаттылықпен атқарған дұрыс. Ұтымды ойластыра алған жағдайда мол табысқа кенелуге болады. Қазіргі уақытта егін егудің машақатын сезініп келеміз. Соған қарамастан, күріш егуді кәсіп көзіне айналдырып, іргелі шаруашылықтың жұмысын әртараптандыруды көздейміз. «Ақжарма және К» ауылдағы әлеуметтік мекемелерге қолдау жасап отыр. Ауылдан «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 2,5 пайызбен несие алған кәсіпкерлер үшін арнайы ғимарат салынуда. Жылдың аяғына дейін ғимаратты пайдалануға беру жоспарда бар, – дейді Алмат Қайратұлы.
Қырманы астыққа толған «Ақжарма және К» шаруашылығының алдағы мақсаты – егінді жауын-шашынға қалдырмай, толық жинап алу екенін жақсы білеміз. Қызу да қарбалас тіршіліктің ауаны диқан қауым барда ешқашан тоқтамайды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ







